• ІТ және инновация
  • 20 Ақпан, 2023

«Адамның іс-әрекеті энергия бөледі»

«Болашақта адамның физикалық күшін қажет ететін жұмыс қалмайды, бар істі роботтар атқарады» дегенді жиі естисің бе? Оны уақыт көрсетер. Дегенмен, сол роботты да адам жасайтынын ұмытпау керек. Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, ғылыми техника жасауға құмар оқушылармен танысып қайттық. Мектептің 9-сынып оқушыларынан құралған «OfourА» командасы Daryn first champions 2023 робототехника бойынша ұлттық чемпионаттың іріктеу турының жеңімпазы атанып,  республикалық кезеңге жолдама алып отыр. Чемпионат FIRST халықаралық ережелеріне сай өткізіліп жатыр. «OfourA» робототехника бойынша жүзеге асырған идеяларын айтып берді.

Арсен Омаров: Командадағы төрт ұл 9 «А» сыныбында, жалғыз қыз Әлфия «F» сыныбында оқиды. 2022 жылы ақпан айында робототехника клубына бірге жазылдық. Бір айдан соң жарыстарға қатыса бастадық. Конкурстар шартына сай топ екі адамнан құралатындықтан, екі-екеу-ден қатысып жүрдік. First League Lego чемпионаты аясында бесеумізден бір топ құрдық. Команда атауы неге «OfourA»? Бұл біздің есімдеріміздің алғашқы әріптерінің қосындысы. Olzhas, Arsen, Ali, Arlan, Alfiya, яғни О және төрт А. Топ мүшелерінің қызығушылығы әртүрлі. Соған сәйкес міндеттерімізді бөліп алдық. Олжас SMM маманы, Арлан топбасшы, мен кодқа жауапты бағдарламалаушы, Әли роботтың басты механизм-деріне жауап беретін инженер, ал идея ұсынушы жоба менед-жері – Әлфия.

Әлфия Байжақып: Әлемде болып жатқан климаттық өзгерістер, ғаламдық жылыну, жануарлардың, табиғи ресурстардың жойылуы энергия дағдарысына ұшыратып отыр. Біздің мақсатымыз – адамдардың әрекетінен, қимыл-қозғалысынан-ақ энергия алу. Қазіргі кезде «адамзаттың іс-әрекеті табиғатқа, қоғамға кері әсер етеді» деген стереотип орынды-орынсыз айтыла беретін болды. Осы таптаурынды жоққа шығарып, адамдардың әрекетінен энергия алуды көздеп отырмыз. Робототехникадағы, дәлірек біз айналысып жатқан жобадағы ерекшелік – энергия көзінің тәуелсіздігі. Күн, жел сияқты балама табиғат көздері табиғатқа тәуелді. Ал инновациялық технологияда мұндай тәуелділік болмайды.

Арлан Қосан: Ендеше, осы идеямызды жүзеге асыруға мүмкіндік берген конкурсқа тоқталайын. First League Lego төрт бөлімнен тұрады. RoboGame, RoboDesign, негізгі құндылықтар және инновациялық жоба. Робот ойындары бөлімінде құрастырған роботымыз полигонда бізсіз тапсырма орындайды. Тапсырма – энергия көзін жинау. Бір емес, бірнеше тәсілмен жинай алады. Қандай тәсілдер? Мысалы, бір механизм көмегімен төмендегі энергияны жинайды, бірі жоғарыдағыны жинайды. Қаншалықты тез жинаса, соншалықты сәтті шыққаны. Максимум 2,5 минутта үлгеруі керек. Рободизайнда роботтың дизайнын, жүру стратегиясын түсіндіреміз. Роботтағы маңызды элемент – оның миы. Миға кодты жүктейміз. Сонымен қатар, робот мотор-лар мен жабдықтардан тұрады. Моторларға түрлі механизмді орнаттық. Робот программасын екі апта жаздық, ал өзін екі күнде құрастырдық.

Өнертапқыш балалар есіктің макетін көрсетті. Сауда орталықтарында көріп жүрген айналмалы есік. Мұндай есік астында қандай генератор болатынын сонда көрдім.

Әли Елтай: Инновациялық жобаның биылғы тақырыбы – Superpowered. Энергияны өндіру, сақтау және тасымалдау мәселесін шешу, жаңа идеялар ұсыну. Біз эксперимент барысында энергия алудың бірнеше жолын талқылап көрдік.  Соның бірі – генератор арқылы алу. Қарапайым жаяу жүргіншілер жолындағы плиталарды басқанда, үстелге отырғанда орнатылған генератордан энергия алуға болады. Көлік тұрақтарында да генераторларды қолдану идеясы болды. Бірақ, кіріп-шыққан сайын есіктен энергия алуды жүзеге асыруды шештік. Тек үлкен ғимарат кешенінде емес, мектептің, тіпті үйдің есіктерін осындай айналмалы есікпен алмастырсақ болады. Есікпен бір айналып шыққанда энергия бөлінеді. Ойын-сауық орталықтарында бір есік күніне 11 мың айналым жасайды. Біздің механизмді әр есікке орнатар болсақ, шамамен күніне 10 000 Дж энергия бөлінеді. Конструкцияны қолданудың артықшылығы – табиғатқа, ауа райына тәуелді емес.

Сынып бөлмесіндегі өзге де жоба макеттеріне еріксіз көзің түседі. Оқушы-лардың бір жыл ішінде өзге робототехника чемпионат-тарында ұсынған жобалары екен.

Олжас Амантай: Біз бұған дейін робототехникадан WRO Junior, Kazrobotics, Tech cup конкурстарында бақ сынадық. Бұл жарыстарда робот ойынмен шектелді. Әр сайыстың тақырыбы болады. Мысалы, былтырғы WRO Junior мақсаты адамдарға көмек тақырыбында өтті. Өрт шығу сияқты төтенше жағдай кезінде адамды құтқаруға қауқарлы робот ойлап тапқан едік. Полигонда алты бөлме болды. Робот өрт шыққан бөлмені тауып барып, су баллондарын тастап кетуі керек. Егер бөлмеде адам қалып қойғанын көрсе, оны алып шығады. Бөлмеде химикаттар болса, оларды шығарып тастайды. Айта кетейін, бұл біз үшін күрделі тапсырма болды. Алғашқы тәжірибеміз әрі адамды құтқаратындай робот ойлап табу көп ізденісті талап етті.

Әлфия Байжақып: Қоқыстан энергия алуды да қарастырып көргенбіз. Бұл – Жапония, Сингапур сияқты инновациялық технологиялар қарқынды дамыған елдердегі танымал тақырып. Алдымен тамақ қалдықтары мен бактерияларды жинаймыз. Бактериялар тамақ қалдықтарынан биогаз бөледі. Биогазды тағам пісіруге қолданатын газ ретінде, көлікке қолданады. Биогаз өндірісінен кейін белгілі бір қалдық қалады. Оны 1000 градустан жоғары жағдайда жағамыз. Бөлінген жылу энергиясынан электр тогын аламыз. Бұл жобаны біз Алматы іргесіндегі Қарасай ауданында жүзеге асырғымыз келген. Болашақта міндетті түрде іске асырамыз.

– Жарайсыңдар, достар! Әңгімелеріңе рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №8
21 ақпан 2023 жыл

3510 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор