• Толағай
  • 14 Ақпан, 2023

Джиу-джитсудан бес дүркін Қазақстан чемпионы

Нұрай Ахмарова 2021 жылы Украинаның Киев қаласында өткен комбат джиу-джитсудан Әлем чемпионатына қатысып, жүлделі 3-орынға ие болған. Ол осы спорт түрінен еліміздегі жасөспірімдер арасынан 5 дүркін чемпион атанған. Еске салатын жайт, Әлем чемпионаты 2021 жылдың 18-19 тамыз аралығында 18 елден келген спортшылар арасында өткен. Нұрай – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетінің 1-курс студенті. Көк байрағымызды әлемдік аренада желбіретіп жүрген замандасымнан сұқбат алғанды жөн санадым.

– Бес дүркін чемпион болыпсың. Сонда қанша жастан бастап спортпен шұғылдандың? Неліктен комбат джиу-джитсуды таңдадың? 

– Мен осы спортқа 13 жа-сымда келдім. 8-сыныптың басы еді. Негізі джиу-джитсуға кішкентай кезімнен бері қызықтым. Өйткені ағамның осы спорттан көптеген жетістігі бар, қазір жаттықтырушы. Ағамның аты-жөні – Ерлан Тілеуімбетов. Ол джиу-джитсудан әлемнің алты дүркін чемпионы. Алғашқы жаттықтырушым да сол кісі. Спортқа қы-зығуым да ағама қарап оянған.  

– Бұл спорт түрінің басқа спорттан ерекшелігін атап көрсетсең... 

– Джиу-джитсуда адам кимономен төбелеседі. Көбі ережесі қиындау деп айтып жатады. Бұл спортта лақтырғанға балл береді, басты рөл ойнайды. Бізде әр соққыға балл беру деген жоқ. 

– Мен ата-әжемнің қолында өскенмін, үлкен ағаларым мені күреске (дзюдоға) бергісі келді. Бірақ әкем қыз балаға ауыр деп қарсы болған еді. Ал сенің отбасың қалай қабылдады? Жиі жарақат аласың ба? 

– Спорт болған соң жарақат та болады. Негізі қыз балаға қиын деп айтатындар көп, еркекшора болып кетеді деп айтатындар да бар. Ол әр қыздың өзіне байланысты деп ойлаймын. Мысалы, осы спортпен айналысып жүргеніме бес жылдай болып қалды. Бірақ сырттан қарағанда адамдар менің бұл спортпен айналысатыныма сенбейді. Мен тек спортқа кіргенде ғана өзімді спортшы ретінде ұстаймын. Ата-анам қарсы болған жоқ. Әкеме, керісінше, ұнайды. Анам ғана басында қарсы болып, қорыққан. Қаншама жарақат алып келетінмін жарыстан, осыдан екі жыл бұрын қолым шығып кеткен. Анам содан кейін қорықты. Қазір бәрі жақсы, емделіп жатырмын. 

– Сен спорт шеберісің, неліктен журналистика саласын таңдадың?  

– Спортпен шұғылданғаныммен, өнерге жақын адам-мын. Адамдармен сөйлескенді жақсы көремін. Болашақта QazSport арнасында жұмыс істеуге ниет бар. 

– Енді Киевте өткен Әлем чемпионаты жайлы сөз қозғасаң... Жарысқа қанша уақыт дайындалдың? Жаттықтырушың кім?

– Жалпы чемпионатқа бір жарым жылдай уақытым кетті. Дайындық барысында бір жағынан физикалық жағдайымды жақсарту үшін дзюдомен де айналыстым. Жаттықтырушым да неше түрлі залға апарды. Айтпақшы, менің үш бірдей жаттықтырушым бар. Олар: Тілеуімбетов Ерлан, Тілеуімбетов Қанат, Бектенов Мақсат. Маған барлығын үйрететін осы үшеуі. Украинаға баруға демеуші тапты, жарыстарға шығуыма көмек берді. Жаттықтырушыларыма алғыс білдіремін.  

– Жарыстарға жиі барасың. Орын алған қызықты оқиғалар есіңде ме? Спортта жүлде табыстағанда әділетсіздік жиі болып тұра ма? 

– Ондай оқиғалар көп. Мысалы, бір жарыста мен шығып, сосын келесі жекпе-жекке қайтадан шақырып қалған кез бар. Ол сәтте менің жүрегім айнып, ауырып тұрған едім, осылайша, екінші орын алып қалдым. Атыңды айтып шақырғанда қорқыныш болады, адреналиннің салдарынан соққыларды сезбейсің, қорқып қалған кезде әдістерің дұрыс  шықпай қалатын кездер де болады. Негізі кейде әділетсіздіктер болады. Мысалы, Қазақстан чемпионаты болады. Төрешілер кілемнің ортасында тұрған кезде, өзінің командасына беріп жіберуі мүмкін. Сондай сәттерде төрешілермен кикіл-жіңге келіп қалуымыз мүмкін. 

– Нұрай, тағы неге қызығасың? 

– Бұрын қолымнан жарақат алмай тұрғанда волейбол, баскетбол ойнайтынмын. Тағы бір хоббиім – сурет саламын. Адамдардың портретін салғанды жақсы көремін. Бұрын достарымның туған күніне өздерінің суретін салып беретін едім, сыйлық ретінде. Кейде ән айтамын. Қазір бос уақытым болмай кетті. 

– Әрбір жанның сүйікті ісі бойынша үлгі тұтатын адамы болады. Сен кумир тұтатын спорттағы және журналистикадағы тұлғалар кімдер? 

– Менің спорттағы кумирім – ағам. Ол өз ісінің шебері, ағам секілді болғым келеді. Тағы бір кумирім бар. Джиу-джитсудың комбат деген түрінен бөлек, ниваза, контакт деген түрлері бар. Нивазада Мөлдір Мекембаева деген спортшы қыз бар. Ол спортқа 17 жасынан бастап қатысқан, қазір 25 жаста. Көптеген жетістікке жеткен. Әлемнің екі дүркін чемпионы атанған. Ал журналистикаға келсек, бұрын Бейсен Құранбек ағамыздың бағдарламаларын көретінмін. Сол кісіні айта аламын. 

– Әлем чемпионатында 3-орын алған кездегі ішкі күйің қандай болды?  

– Шынымды айтсам, 3-орын алғаныма өкінемін. Себебі, бір жарым жыл дайындалып, 1-орын ала алмағаным дұрыс емес деп ойлаймын. Маған жаттықтырушыларым, отбасым сенім артты. Мен ол жаққа шыққан кезде қатты қорқып қалдым. Содан ұтылып қалдым. Бірақ жақындарым қуанып, әуежайдан күтіп алды.  

– Ендігі әлем чемпионаты қашан болады? Дайындығың қалай? 

– 2023 жылдың аяғына қарай өтуге тиіс. Нақты қай жерде болатыны белгісіз. Жақында Қазақстан чемпио-наты болуы керек, бұл – әлем чемпионатына іріктеу. Іріктеуден өтсем, әлем чемпионатына барып қаламын. 

– Сәттілік тілейміз!

Айнұр Аңламасова, 
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №7
14 ақпан 2023 жыл

189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор