• ҰЛАН
  • 30 Қаңтар, 2023

Айтматов әлемі

Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың туғанына 95 жыл толды. Осыған орай Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бастаған делегация арнайы барып қатысты. Еліміздің басты арналарында Айтматов туралы деректі фильм көрсетілсе, қазақ газеттері жазушы туралы естеліктер мен зерттеу мақалалар жариялады.

Шыңғыс Айтматовтың есімі де, оның шығармалары да қазақ оқырманына жақсы таныс. «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Кассандра таңбасы», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Шынарым менің, шырайлым менің» шығармаларының әрқайсы қазақ әдебиетінің төл туын-дысындай. Жәмилә мен Даниярдың арасындағы сезім сырынан кейін талай балаға Жәмилә, Данияр деген ат қойғаны да мәлім. «Ақ кемедегі» қаршадай баланың тағдыры, айнала-сындағылардың әділетсіздігі мен озбырлығынан шар-шағандағы шарасыз күйі көзге жас үйірмей қоймайды. «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» құрлық пен судың арбасуын, өмір мен өлімнің арпалысын суреттеуімен құнды. Мұнда да негізгі кейіпкер – жасөспірім бала. Жалпы, Айтматов шығармаларында ұрпақ жалғастығы, ана мен бала тақырыбы терең сипатталады. Ананың балаға деген шексіз махаббатын «Найман Анадан» аңдасақ, адам баласының жылқыға деген құмарлығын «Қош бол, Гүлсарыдан» көреміз.   

Айтматов шығармала-рының ізімен түсірілген фильмдер де көп. Ал «Ана-Жер-Ана», «Жәмилә», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты туындылар қазақ театрларының репертуа-рындағы сүйекті дүниелер қатарында.

«БАЛАЛЫҚ ШАҚ»

Шыңғыс Айтматов 1928 жылы дүниеге келген. Әкесі Төреқұл  өз заманындағы айтулы азаматтардың бірі болған. Сауатты, білімді азамат жасынан атқа қонып, қызмет істеген. Анасы Нағима татар қызы болған. Саяси қызметпен айналысқан қоғам қайраткері. Балалық шағы туралы айтқанда, жазушы басынан ақ кимешегін тастамайтын Айымқан әжесін ерекше жылылықпен еске алады. Ол кісіні абыройы биік, ақыл-парасаты мол, текті адам еді деп суреттейді. Айымқан әжеміздің бес баласы болады. Шыңғыстың әкесі Төреқұл – үшіншісі. Алдында екі әпкесі бар. Артынан қарындасы мен інісі ереді.

Тағдырдың жазуымен ағайынды Төреқұл мен Рысқұлбектің екеуі де саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады. Мұның бәрін жазушы «Балалық шақ» деген повесінде баяндайды. Бұл шығарманың жазылуының өзі қызық. Шыңғыс Айтматов көп жыл Еуропада тұрғаны белгілі. Сондай күндердің бірінде жазушының шығармаларын неміс тіліне аударған Фридрих Хитцер Айтматовтан бала-лық шағы, өскен ортасы туралы сұқбат алады. 

Бұл – 1997 жылы болған оқиға. 2008 жылы жазушы қайтыс болады. Осыдан кейін жары Мәрия үнтаспаға жазылған сұқбатты қағазға түсіреді. Ол алдымен неміс тілінде, кейін қырғыз тілінде кітап болып басылып шығады. Артынша қазақ тіліне аударылады. Аударған – жазушы Нұрғали Ораз. 2020 жылы «Qasym баспа үйі» жеке кітап етіп шығарған «Балалық шақ» – шағын ғана шығарма. Тілі жеңіл, оқылуы оңай.

Повесть «Менің әжем» деп басталады. Содан кейін әке келбетін еске алады. Іскерлігімен көзге түскен Төреқұлды Мәскеуге оқуға жібереді. Алдымен өзі кетеді де, артынан отбасын алдырады. Үш баласын жетектеген Нағима пойызбен бес күн жүріп, Мәскеуге жетеді. Бала Шыңғыс бірінші мен екіншіні сонда оқиды. Әкесіне еріп Жазушылар үйіне, киноға барып, қызыққа толы күндері өтіп жатады. Сөйтіп жүргенде саяси қуғын-сүргін басталады. 1936 жылдың жазында қауіпті алдын ала сезген Төреқұл отбасын елге, інісі Рысқұлбекке жібереді. Бауырында төрт баласы бар (кенжесі алты айлық сәби) Нағима көзінің жасын тыйып, ұзақ жолға аттанады. Маймақ станциясынан туыстары күтіп алып, әрі қарай Шекерге алып кетеді. Содан бастап Шыңғыстың отбасы Шекерді мекен етеді.

Ағасының отбасын қам-қорлығына алып, барын берген Рысқұлбек сол кезде 25-ақ жаста екен. Рысқұлбек жасынан білімді, зейінді болады. Шыңғыс деп бола-шақ ұлы жазушының атын қойған да осы Рысқұлбек ағасы екен. Қайта-қайта тергеуге шақырып жүріп, ақыры 1937 жылдың күзінде Рысқұлбекті ұстап әкетеді. Күздің қарасуық күндерінің бірі екен. «Сол түні мен Рысқұлбек көкемнің қасында жатқанмын. Дембіл-дембіл ұйқымнан шошып оянатын болсам керек, әлденеге елегізіп, қалтырап-дірілдеп жатқан маған ес болып: «Қорықпа, ұйықтай ғой», – деп, үстімді қымтап, жауып қояды. Сол түні көкемнің маған қайрат-жігер беріп, жұбатқанына қарамай, керосин шырақтың өлеусіреген жарығымен милициялардың қатулы, сұсты өң-әлпетінен шошып жылағаным да әлі есімде»... Жазушы кейін сол бір сұрапыл сәтті осылай еске алады. Рысқұлбек сол кеткеннен оралмайды. Бурят жеріндегі бір концлагерьде қаза тапқанын кейін естиді. Ал әкесі Төреғұл 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы ату жазасына кесіледі. 

Осыдан кейін Шыңғыстың ауыр да азапты өмірі басталады. Жоқшылық, соғыс, буыны қатпай еңбекке араласу... Бірақ, ол мойыған жоқ. Еңбектене жүріп ержетті. Өмір жолында кездескен қиындықтың бәрі Шыңғыс Айтматов деген ұлы жазушыны тудырды. Әлем әдебие-тіндегі шоқтығы биік тұлға, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов шығармаларының өміршеңдігімен дара. Оқырманы барда оның шығармалары өлмейді. 

Жұлдыз ӘБДІЛДА

278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор