• Әуез
  • 30 Қаңтар, 2023

Кәсібиліктің үлгісін «Көкжиектен» көрдік

Бүгінде өнер-білім орталықтарының жұмысы едәуір жанданып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне жаңа толқын келгенін аңғардық. Сөзімізге дәлел болсын деп Алматыдағы «Көкжиек» ықшамауданында бой көтерген «Qanat oner-bilim ortalygy» директоры, дәстүрлі әнші Қанат Әмірхановпен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Қанат мырза, алдымен орталықтың ашылуы жайлы сөз етсеңіз. Білім ордасы қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

– Өнер-білім орталығын ашу – талайдан бері ойымда жүрген дүние. Өзіміз де өнер саласынан білім алдық. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегімін. Арқа әншілік дәстүрі бойынша Қайрат Байбосынов ағайымыздың класынан білім алдым. Сол жерден тәлім алып, кейін магистратурасын да бітірдім. Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман сынды белгілі ұстаз ағаларымыздан білім алдым. Сол шақтан бастап орталық ашу ойымда бар болды. Мұхтар Әуезов: «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді», – деген екен. Өнерге ғашық бала ешқандай қиянатқа бармайды, жамандық жасамайды. Өзімнің бір ұл, екі қызым бар. Оларға да көңіл бөлемін. Бар дүние отбасынан басталады. Өз балаларыма қарасам, оқудан тыс, бос уақытын телефонға телміріп отыруға, болмаса басқа да бір баянсыз дүниелерге жұмсайды. Осыны көріп отырып, ойға келдім. Балалар бос уақытын қабілетіне қарай жақсы іске жұмсаса, біреуі сурет өнерімен айналысса, бірі ән айтып, бірі би үйірмесіне барса деген ой туды. Бір жағынан сымбатты болып өседі, қазақ өнерінен хабары болады. Әнші-биші болып кетпесе де, қазақ өнеріне жанашыр, талғампаз, жақсы тыңдарман болып қалыптасады. Кейіннен жан-жаққа қарап, қарайлап, әрі кәсіп, әрі жас ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын сала болғандықтан, ойымды жүзеге асырмаққа тәуекел етіп, іске бел шеше кірісіп кеттік. Негізгі мақсатым, басты ойым – осы. 2021 жылы тамыз айынан бастап ашуға кірістім. Өнер-білім орталығын ашу жайлы арнайы курстан өтіп, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар алдым. Соның нәти-жесінде бұл іспен жүйелі, жан-жақты жетік айналыса бастадық.

Орталығымыздың білім беру бағытына тоқталсақ, жеті-сегіз үйірме жұмыс істейді. Домбырадан бастап, фортепиано, актерлік шеберлік, би, вокал, қолөнер және сурет үйірмелері жұмыс істеп тұр. Жақында ер балаларды тәрбиелейік деп дзюдоны қос-тық. Тақтаға шыққанда ойын жеткізе алмай, сөзін ұмытып қалатын балалар болады. Сондай жеткіншектердің өз-өзімен жұмыс істеп, сыртқы ортамен байланыс құруына, тіл тазалығын сақтауына көңіл бөлмек ниетте шешендік өнер курсын да аштық. Барынша кәсіби мамандарды жұмысқа алдық. Ашылғалы бері бір жарым жылдай уақыт өтті. Аллаға шүкір, қазір аяғымызға нық тұрып, сапалы білім беріп жатырмыз. 

– Мектеп ашу кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Кедергісіз, қиындықсыз шаруа болмайды. Ең бірінші мәселе – орын таңдау. Мұндай орталық ашу үшін орталық маңында мектеп болуға тиіс. Немесе балаларға қатысты орталық болғаны жөн. Ойлана келе, «Көкжиек» ықшамауданынан ашуды жөн көрдік. Халқы да, оқушы саны да мол ауданның бірі. Өзім де осындағы туысқандарыма жиі барып тұрамын. Бір күні барғанымда, балаларын оқытуға арналған кәсіби орталық жоқ екенін естіп қалдым. Кейін осы идеяны жүзеге асыру үшін «Көкжиекке» келіп, сәтімен жақсы орын табылып, жұмысымызды бастадық. 

Екіншіден, орталықты ашқан соң жұмыс бағытымызды халыққа түсіндіру, жарнама мәселесі қиынға соқты. Күндіз мектепте жұмыс істеп, кешке тұрғын үйлердің есігіне хабарландыру жабыстырып, тынбай еңбек еттік. Алғашында бір ай бойы ұйқы-күлкі дегенді ұмыттық. Кейіннен әлеуметтік желі арқылы жұмыс істедік. Солайша, оқушыларды орталыққа жинай бастадық. 

– Бүгінде арнайы білім беретін орталықтар саны өте көп. Осы орайда, «Qanat» орта-лығының білім берудегі басты ерекшелігін атап айтсаңыз.

– Әрине, орталық көп. Оның көп болғаны тіпті жақсы. Өнер-білім саласында өсу, даму үшін бәсекелесіп жұмыс істеген пайдасын тигізеді. Қазір «Көкжиектің» өзінде үш-төрт орталық жұмыс істеп жатыр. Мен бұған ерекше қуанамын. Орталығымыздың оқушылары жоғары, сапалы білім алуға тиіс деп іздене бастайсың, жан-жақты боласың. Баланың көпшілікке, тіпті өзіне жұмбақ болған қырларын жылдамырақ аша бастайсың. Сахнаға тезірек шығуына дайындала бастайсың. Сондықтан да бәсеке керек. 

Ал орталықтың ерекшелігіне келсек, өзім өнер адамы болған соң, барынша кәсібилікке қараймын. Бұл – басты қағидам. Әр жетекшіге осыны айтамын. Балаға бір ән, бір күй үйретсең де, кәсіби тұрғыдан болса деймін. Ол оқушы кейін өзге де өнер ордаларына қадам басуы әбден мүмкін. Сондықтан кәсіби тұрғыдан шыңдаймыз. Ата-аналардың да осыған көзі жетіп жатыр. Кейде оқушыдан нәтиже кеш көрінуі мүмкін. Бұл – біздің біліксіздігіміз емес, кәсіби әрі тыңғылықты жұмыс істеуіміз. Баланың өнер жолындағы алғашқы баспалдағы дұрыс қаланса, ары қарай дамуына жол ашылады. Басты мақсат – кәсіби, сапалы білім беру.

– Орталық ашылғалы ауыз толтырып айтарлықтай біршама жұмыс атқарыпсыздар. Оқушылардың жетістігі де жоқ емес. Жас жеткіншектердің дәстүрлі ән өнеріне қызығуы қандай деңгейде? Бүгінге дейін ұлттық өнерді насихаттауға арналған қандай жобаларды іске асырдыңыздар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Орталығымыз ашылғалы бір жарым жылдай уақыт өтті. Қай үйірме болсын, өз деңгейін көпшілікке көрсетіп жатыр. Ташкент қаласына барып, бірінші орын алып келдік. Жақында Түркияда өтетін байқауға жолдама алдық. Қазақстан ішіндегі өнер додаларына да барып, жүлдемен қайтып жүрміз. Барған баланың бәрі жеңімпаз атанып, жоғары деңгейде көрініп жүр. Дәстүрлі ән өнері десеңіз, орталықта ең бірінші дәстүрлі әннен үйірме ашып, өзім сабақ бергім келген еді. Алайда, біз қай үйірмеге сұраныс пен қызығушылық жоғары екенін сараптап-талдап отырамыз. Аудандағы ата-аналардың көбі домбыра аспабын үйрену, күй үйрену сабағы болса деп өтініш жасады. Бала дәстүрлі әнді орындау үшін, біріншіден, домбыра аспабын міндетті түрде жетік меңгеруі керек. Бұл өнерді үйрену бірнеше сатыдан тұрады. Домбыраны жақсы меңгерген бала дәс-түрлі әндерді орындай алады. Сондықтан да ата-аналар домбыра үйірмесін таңдады. Мінеки, осы уақытқа дейін оқушыларымыз бірсыпыра күйді үйреніп шықты. Енді осы балалардың арасынан дәстүрлі ән үйренсек деген ұл-қыздарымыз қылаң беріп көрініп жатыр. 

Домбырадан сабақ беретін Барақбай Бексұлтан деген жетекшіміз бар. Колледжден домбыра аспабын оқыса,  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан дәстүрлі әнді бітірген. Қазір сол өнер ордасының магистранты. Ұстазымызға таяуда тапсырма бердім. Жетекшіміз дәстүрлі ән өнеріне қызығатын оқушыларды жинап, жұмыс істеп жатыр. Болашақта бұл саладан да жоғары жетістікке қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ұлттық өнерді дамытудағы басты бағытымыз – домбыра, дәстүрлі ән және би. Би үйірмесінде де ұлттық билерге барынша назар аудардық. Өскелең ұрпақ өз елінің ұлттық өнерін толығымен тануы жолында күш салып жатырмыз.

– Байқауымызша, орталықта тегін білім алуға арналған үйірмелер де жұмыс істеп жатыр екен. Осы жөнінде оқырман-дарымызға ақпарат беріп өтсеңіз.

– Иә, орталығымызда тегін білім алуға мүмкіндік бар. Алғашында орталығымыз екі ай ақылы түрде жұмыс істеді. Себебі  жаңадан қалыптасып жатқан кезіміз болатын. Екі ай бала жинап, жұмысымызды реттеп алған соң, өзіңіз айтқандай, тегін бағдарламалар ашыла бастады. Біз де сол бағдарламаға құжат жинап, жұмысымызды көрсетіп, жүгіріп жүріп көпшіліктен қалмай тегін бағдарламаға өтіп алдық. «Artsport» атты бағдарлама ғой... «Көкжиек» ықшамауданында да қаншама көпбалалы ата-ана, жалғызбасты ана тұрады. Сол кісілерге өте тиімді, пайдалы шешім болды. Ол кісілердің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Төрт-бес баласы бар ата-ана балаларын, әрине, тегін үйірмеге жібергісі келеді. Ақылы оқытуға қалтасы көтермейді. Ата-ананың көпшілігі мемлекеттік жұмыста. Сол себепті де тегін үйірмелер ашылғанын естігенде, ата-аналардың қуанышында шек болмады. Қазір сол балалар қаншама жетістікке жетіп жатыр. Бұл бағдарламаның жалғасын тауып, өміршең болғанын қалаймыз. Осы бағдарлама аясында тіркеліп үлгеріп қалған балалар бар. Қосымша тіркелген балалар ақылы түрде оқып жатыр. Біз осы ықшамауданға ыңғайластырып, төлемақысын жеңілдетіп қойдық. 

– Өзіңіздің шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Жалпы, шығармашылықпен айналысуға уақыт тауып үлгеріп жүрсіз бе?

– Шығармашылығымды да ұмыт қалдырмаймын. Бұл – менің ішкі жандүнием. Арасында ән жазамын. Отыз шақты туындым бар. 2015 жылы Жазушылар одағында «Ақ мамық еркем...» атты жеке авторлық кешімді өткіздім. Отыз жасымда орда бұзып, тамаша кешімді бердім. Кеште Рамазан Стамғазиев, Нұрғали Нүсіпжанов  ағаларымыз әнімді орындады. Өнердегі достарымыз, әпке-бауырларымыз Бейбіт Мұсаев, Талғат Әбуғазы, Ләззат Байырбекова сынды керемет әншілердің репертуарында  әндерім бар. Содан бері де біраз уақыт өткен екен. Сол жылы Алматыда, 2017 жылы туған ауданым, ауылымда үлкен кеш бердім. Жетісу облысының Үшарал қаласында Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде арнайы кешімді өткіздім. Туған ауылым – Алакөл ауданының Жанама ауылы. Оның ар жағында Бұлақты ауылының мәдениет үйінде де кешім өтті. Арасында, осылайша, еліме де барып, шығармашылығымды көрсетіп тұрамын. Алда тағы да халыққа есеп беріп, шығармашылық кеш өткізсем деген ойым бар. 

– Жақында «Жас тұлпар» атты жаңа әніңіздің тұсауы кесілді. Әннің жазылуы жайлы әңгімелеп берсеңіз. 

– Бұл әнді бір жыл бұрын жазған едім. Белгілі журналист, кейінгі «жастұлпаршы-лардың» қатарында болған ұлтжанды қазақ қыздарының бірі Қалдыбай Әкімжанқызы осы әннің дүниеге келуіне түрткі болған жанның бірі. Сол кісі сөзін жазып, мынаған жақсы ән керек деп «Жас тұлпар» ұйымының бүкіл тарихын баяндап бергенде, жүрегімде бір патриоттық сезім оянды. Кешегі қылышынан қан тамған заманда Мұрат Әуезов бастаған ұлт көшбасшыларының еш дүниеден тайсалмай, қазақтың намысын төмен түсірмей, жастардың рухын көтергенін бәріміз жақсы білеміз. Қ.Әкімжанқызының «Жас тұлпар» жайлы жырлаған сөзі көңіліме ерекше әсер етсе керек, әні мен сөзі үйлесім тауып, жақсы бір туынды дүниеге келді. Былтыр бұл әнді Мұрат Әуезовтің алдында орындау бақыты маған бұйырған екен. Мұрат ағамыз бұл әнімді «Жас тұлпар» ұйымының әнұраны болсын деп ұсынып, оң бағасын берді.

– Шығармашылыңызға да, білім беру ісінде де әр бастамаңызға тек сәттілік тілейміз. 

Айсұлу СЪЕЗХАН, 
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор