• ҰЛАН
  • 30 Қаңтар, 2023

ҰБТ-дан да маңызды дүниелер бар...

11-сыныпқа аяқ басқан әр оқушының арманы – өзі қалаған оқу орнының студенті атану. Жай ғана студенті емес, мемлекет тарапынан грант ұтып алған озат білімгер болу. Əрине, бұл үшін бірнеше сатыдан тұратын дайындық қажет. Дайындық кезінде оқушы мен мұғалім арасындағы байланыс та маңызды рөл ойнайды. Ерекше байланыс арқылы білім беретіндердің бірі жəне бірегейі – Қазақстан тарихы пəнінің мұғалімі Алмас Ерболатұлы. Ол оқушыларының ыстық ықыласына бөленіп жүрген сүйікті ұстаздарымыздың бірі.

– Алмас ағай, ҰБТ-ға дайындап жүргеніңізге қанша жыл болды жəне осы уақыт ішінде қанша шəкірт тəрбиеледіңіз?

– Оқушыларымды тестілеуге дайындап жүргеніме бес жыл болды. Осы уақыт ішінде 600 шəкірт тəрбиелеп, өз білгенімді үйреттім. Əр оқушым менің есімде, кейбірімен тіпті əлі де байланыстамын.

– Ал оқушыларға өздері қалаған нəтижеге жету үшін не істеуге кеңес бересіз?

– Ең бірінші, алға қойған мақсатыңды түсінуің қажет. Марғұлан Сейсембай ағамыз айтпақшы, «өмірдегі ең басты нәрсе – өзіңнің мақсатыңды түсіну». Мақсаты пайда болған адамның мотивациясы да пайда болады. Ал бір іске деген мақсатың, құлшынысың, мотивацияң пайда болса, нəтижеге жету жолында тұрақтылыққа үйренесің. Тұрақты түрде атқарған істерің əдетке айналып, күнде жаңа дүниені меңгеретін боласың. Бір сөзбен айтсақ, нəтижеге жету үшін мақсат, мотивация жəне тұрақтылық қажет.

– Əр адам өзіне ұнайтын істі таңдауға тырысады жəне соған өмірін арнайды. Алайда жұмысынан шаршап, жаны демалысты қалайды. Ал сіздің жұмысыңызға көңіліңіз толмайтын кездер бола ма?

– Əрине, ондай кездер болады. Əсіресе, оқушыларым тақырыпты түсінбей, кері байланыс болмай қалған кездерде қиналамын. Мұндай уақытта оқушыларым тақырыпты дұрыс түсінбей жатыр деп емес, мен дұрыс түсіндіре алмай жатырмын деп ойлаймын. Ұлт ұстазы Ахмет атамыз айтпақшы, «түсінбейтін оқушы жоқ, түсіндіре алмайтын ұстаз бар». Осы қанатты сөзді есімнен шығармай, өз-өзіммен əрқашан жұмыс істеуге тырысамын. Сабақ соңында оқушыларымнан: «Қай жерде қате жібердім, қай тұсыма көңілдерің толмады?» – деп сұраймын. Осылайша, мəселені шыққан түйінінен бастап шешіп тастауға тырысамын. Оқушыларыммен əрқашан байланыста болу жұмысыма көңілім толып жүруіне кепіл болады.

– Алмас ағай, ҰБТ деп депрессияға, күйзеліске түсетін оқушыларға қандай кеңес бересіз?

– Депрессия неден көрініс табады? Ол бір затты үздіксіз ойлағаннан адам санасына табан тірейді, яғни уайымдай беру депрессияның пайда болуына әкеледі. Сонымен қатар, жалқаулық пен зая кеткен бос уақытта-рың да маза бермей, айтылмай қалған ой секілді ішіңе жинала береді. Мұндай мəселені шешудің жолы – уақытыңды дұрыс пайда-лана білу. Тайм менеджментпен таныс болу. Күніңді жоспарлап, жоғарыда айтқандай, алдыңа мақсат қоя білсең, артық уайым, жалқаулық секілді депрессияға əкеліп тірейтін мəнсіз іс-əрекеттерге уақытың болмайды. Өзіңді тəртіпке үйретіп, қолыңа алсаң, күнің сəтті өтеді, артық уайыммен басыңды ауыртпайтын боласың.

– Əрбір ата-ана баласының жетістікке жеткенін қалайды деп ойлаймын. Алайда, кейбірі балаларын түсінбей, олардың ойын тыңдамай кететін кездері болады. Осы сəтті пайдаланып, жоғары сынып оқушыларының ата-аналарына не айтқыңыз келеді? Мұғалім ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен үшін ата-ана ержетіп келе жатқан баласын түсіне алса, онымен дара тұлға ретінде санаса алса, одан артық адам жоқ. Əр адамның жеке ойы бар екенін ескере алатын ата-ана баласына дұрыс бағыт-бағдар беріп жатыр дей аламын. Күнделікті болашағы жайлы сұрап, өзіне ұнайтын саланы таңдауына ерік беруі қажет. Ал балалары болашағына күмəнмен қарап жатса, оған көмектесіп, жол көрсетуі маңызды. Меніңше, ата-аналардың ең басты қателігі – өз баласына сенімсіздік танытуы немесе оған өте көп үміт артуы. Бала кезінен сенімсіздік танытқан бала болашақта өзінің ісіне көңілі толмай жүретін болады. Ал жасөспірім уақытында отба-сынан жылу көріп, олардың қолдауына, махаббатына бөленген адам болашақта жетістікке жететіндердің қатарынан болады. Ата-анасы қолдау көрсетсе, бала-ларынан керемет нəтиже шығады.

– Қазіргі ҰБТ форматы көңіліңізден шыға ма? Егер мүмкіндік берсе, қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

– Қазіргі ҰБТ форматы көңілімнен шығады. Ешқандай өзгерту енгізгім де келмейді. Неге десеңіз, ҰБТ тапсыратын түлектердің деңгейі сондай. Қазіргі ұрпаққа осы жүйе ең тиімдісі деп ойлаймын. Иə, мүмкін болашақта өзгеріс енгізу керек болар. Оның барлығы уақыт ағымына қарай болады.

– Алмас ағай, ҰБТ өмірдің соңы емес дегенмен де, аз балл алып қалатын оқушыларға не айтар едіңіз?

– ҰБТ деген – сынақ, одан өтпей қалу өмірдің соңы емес. Мектепте нашар оқып та, болашақта дара тұлға болып қалыптасқандарды көріп жүрміз. Баға, білім көрсеткішің сен ойлағандай көп затқа əсер етпейді. Атқарған іс-əрекеттеріңе талдау жасап, қателіктеріңді қайталамауға тырыс. Бірінші сынақтан құлап, беріле салуға болмайды, барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Өзіңе жақын іспен айналысып көр. Ең басты-сы, өмірлік жолыңды тап!

– Егер тарих жəне ағылшын тілі пəнінің мұғалімі болмасаңыз, өміріңізді қай саламен байланыстырар едіңіз?

– Қызық сұрақ екен. Өзіме тарих мектеп кезінен ұнайды. Ал ағылшын пəніне келсек, шығыстану мамандығын оқып жүргенде, шет тілін меңгеру маңызды болды. Әрі ағылшын тілін білсең, бүкіл əлем қолыңда тұратыны анық. Қазіргі маман-дығым менің өмірге деген көзқа-расымды өзгертті. Ал басқа салаға алмастыруға мүмкіндігім болса, əдебиет пəні мұғалімі болар едім. Педагогикадан алыстағым келмейді.

– Шет елде білім алуға көзқарасыңыз қандай? Оқы-ғаннан кейін сол елде қалып қоятындарға не дейсіз?

– Шет елде білім алуға көзқарасым жақсы. Ел көрудің, жер көрудің жаман тұсы жоқ. Жастық шағыңды босқа өткізбейсің, ілім іздейсің, дүниетанымың, ортаң кеңейеді. Ең бастысы, білім аламын деп алданып қалмау қажет. Ал елге қайтып келмеу жайлы айтсақ, бұл – қазіргі ауқымды мəселе. Біз демократиялық мемлекетте тұрамыз. Әр адам қалаған дүниені жасай алады. Сол секілді шет елде оқып, сол жерде қалса, біз оны кінəлай алмаймыз. Əрине, ол оқуын, жүріс-тұрысын өз қалтасынан шығарса. Бір сөзбен айтсақ, бұл сол адамның өз таңдауы. Ал өзге елге мемле-кеттік бағдарламамен барып, білім алып, білікті мамандармен тəжірибе алмасып, қайта оралмаса, бұл онша жақсы емес. Былайша айтқанда, мемлекетіміздің қаншама қаржысын ауаға шашу. Шет елге кеткен жастарды елге қайтарып, оларды өз елімізде қызмет істеуге міндеттеу қажет деп ойлаймын. Сұқбат үшін алғысымды білдіремін! Жұмысыңызға табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін!

Мөлдір ТҮКТІБАЙ,
Титов орта мектебінің 11-сынып оқушысы, 
«Ұланның» жас тілшісі.

Жетісу облысы 
Ескелді ауданы

184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор