• Толағай
  • 30 Қаңтар, 2023

Универсиаданы 11 жүлдемен 11-орында аяқтадық

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында ХХХ қысқы дүниежүзілік универсиада өз мәресіне жетті. Жүлде жағынан мұхиттың арғы жағына барған қыз-жігіттер жерге қаратқан жоқ. Қазақстан 11 медальмен жалпы командалық есепте 11-орын алды.

Универсиадаға қатысушыларға қойылатын талаптар бар. Яғни 17 мен 28 жас аралығындағы студент-спортшылар қатыса алады. Студент-спортшы дегенді тегін айтып тұрған жоқпыз. Өйткені универсиадаға дейін ол кемі бір жылдан бері жоғары оқу орнында оқып жүрген болуы керек. Сондықтан көптеген ел қулыққа басады. Мықты деген спортшыларын бакалавр бітірсе, магистратураға түсіріп қояды. Бұл жағынан Қазақстан да қалыс қалмайды. Сабаққа бармаса да жоғары оқу орындарында тіркеп қою, тіпті университеттердің үздік спортшыларға таласып жататыны да бар. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Ең бастысы, әділ, таза, ешқандай допингсіз барса екен деп үміттенесің. Әйтеуір, осы жолы жастардың көбейгені қуантты. Бұрын-ғыдай емес, 27-28 жастағы спортшылардың саны азайған. 

Сонымен, Лейк-Плэсидке оралсақ. Халықаралық студенттік спорт федерациясына (FISU) мүше 43 елдің спортшылары спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қазақстанға бұйырған 11 медальдің үшеуі алтын болды. Оны биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұр­лыбеков және шаңғымен тұғырдан се­кіруші Данил Васильев жеңіп алды. Қоржынға бірінші алтынды Вадим Куралес салды. Ол 15 ша-қырымға жекелей жарыста мәре сызығын бірінші кесті.

Отандасымыз төрт оқ ату аймағында бір мәрте қателікке бой алдырып, қашықтықты 44 минут 37 секундта бағындырды. Екінші орынға оқ ату кезеңінде төрт мәрте қателескен норвегиялық Орьян Мосенг ие болды. Ол жерлесімізден 42,6 секундқа қалып қойды. Ал үздік үштікті франциялық Алекс Гарнь түйіндеді. – Бәрі тамаша болды. Бірақ нағыз бабыма келдім деп айта алмаймын. Әйтеуір, шаңғым ойдағыдай сырғанады. Ал нысана көздеуге келетін болсақ, мен спорттық карьерамдағы ең үздік нәтижені көрсеттім деп санаймын. Маған қолдау білдірген барша жанкүйерге алғысымды айтамын, – деді Вадим Куралес.

Бұл Қазақстанның қысқы универсиада ойындарында алты жыл күткен алтыны еді. Өйткені 2019 жылы студент-спортшыларымыз күміс пен қоланы қанағат қанағат тұтқан. 2021 жылы Швейцариядағы универсиада пандемияға байланысты өтпеген. Жерлестеріміз ең соңғы рет 2017 жылы Алатау баурайында ұйымдастырылған додада жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген.

Биатлоншылар шынымен де қуантты. Әсіресе, қысқы спортқа қазақтардың икемі жоқ деп айтатындардың аузына Бекентай Тұрлыбеков құм құйды деп ойлаймыз. Ол 10 шақырымдық спринтте қарсылас шыдатқан жоқ. Бірінші универсиадасына келген Тұрлыбеков талайға таңдай қақтырды. Нысана көздеуде 41 үміткердің арасынан мүлт кетпеген жалғыз Бекентай болды.

–  Жеңіске жеткеніме әлі де сене алар емеспін. Нысаналарға дәл тигізгеніме өте қуаныштымын. Барымды салып жүгірдім. Жанкүйерлер жақсы қолдау көрсетті. Бапкерім де жарыс бойы ақыл-кеңесін аяған жоқ, –  дейді спортшы.

Онымен бірге Александр Мухин қола жүлдеге қол жеткізді. Орталарына америкалық спортшы кіріп кетті, әйтпесе алтын мен күміс те Қазақстанға бұйырар еді. Үшінші алтын шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильевке тиесілі. Ол бірінші талпынысында 127,2 ұпаймен бірінші орын алса, соңғы айналымда екінші (130,1) болып мәреге жетті. Екі тәсілдің қосындысында қазақстандық аустриялық Максимиллиан Линхерді (251,4) және Тимон Паскаль Кахоферді (248,8) басып озып, 257,3 үздік нәтиже көрсетті. Төрт күміс медаль бар. Оның екеуі шорт-трекшілерге тиесілі. Ерлер құрамасы 5 мың шақырымдық эстафета сайысында тек Оңтүстік Кореяға есе жіберді. Лейк-Плэси айдынында ел намысын Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Әбілқатимов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұханов және Валерий Клименко қорғады.

– Біз тәжірибелі Әділ мен Еркебұланға екі жасты қосып апардық. Жастарға халықаралық тәжірибе керек. Спортшыларымыз жекелей сында қателіктер жіберіп жатты, ал командалық сайыста сенімді ақтады. Бірінші орын алған Оңтүстік Корея ешкімді жеткізбеді. Шорт-трек Оңтүстік Кореяда жақсы дамыған. АҚШ-қа екі Олимпиада чемпионын әкелген, – дейді шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков.

Оның айтуынша, универсиада чемпионы атанған Оңтүстік Корея спортшылары әскери борышын өтеуден босатылады. Сондықтан олар үздіктерін әкелген. Сол секілді командалық аралас сайыстан да екінші орын бұйырды. Мұнда ұлдар мен қыздар аралас өнер көрсетеді. Қазақстан сапында Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Әбілқатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұханов болды. Алтын жүлдені тағы да Оңтүстік Корея құрамасы жеңіп алды. Сосын тағы екі күміс жүлдені биатлоншы Александр Мухин, командалық сайыста тұғырдан секіру спорты бойынша Данил Васильев пен Сергей Ткаченко қол жеткізді.

Биатлоншы Александр Мухин, шаңғышы Ксения Шалыгина, шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы (Айша Ракишева, Надежда Степашкина және Ксения Шалы-гина) және хоккейден ұлттық құра-ма қола жүлдені қанағат тұтты. Осы ретте хоккей туралы айтсақ. Олимпиада, универсиада секілді қысқы спорт түрлерінен өтетін бәсекелерде шайбалы хоккейдің орны бөлек. 

Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын студенттер құрамасы В то-бында сынға түсіп, тек АҚШ-қа есе жіберді. Бірақ ұпай саны жөнінен топта бірінші орын алды. Жерлестеріміз алдымен Корея хоккейшілерін 5:1 есебімен тізе бүктірсе, екінші турда Мажарстан құрамасын 9:1 нәтижесімен сүрін-дірді. Сосын Словакияны 4:0 есе-бімен ұтты. Ал АҚШ-пен матч 1:4 есебімен қарсылас пайдасына шешілді. Өкінішке қарай, жартылай финалда Канадаға шамамыз жетпеді. Кейіннен «үйеңкі жапырақ-ты» елдің хоккейшілері финалда АҚШ құрамасын 7:2 есебі­мен тізе бүктіріп, чемпион атанды. Қазақстан қола жүлдеге қол жеткізді. Мәмбетәлиев шәкірттері үшінші орын үшін өткен матчта Жапония хоккейшілерін ірі есеппен тізе бүктірді – 8:1.

Жалпы, шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы әр жылдардағы қысқы Универсиадаларда сәтті өнер көрсетіп келеді. Мәселен, жерлестеріміз 1995 жылы Испанияның Хака қала­сындағы дүбірлі додада чемпион атанса, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдары финалда сүрініп, күміс жүлде еншіледі. Ал 2007 жылы қола жүлдені қанағат тұт- қан болатын. Араға алты жыл салып, сол жетістікті қайталадық. Хоккейден кейін жанкүйері көп қысқы спорттың бірі – мәнерлеп сырғанау. Бірақ біздің елдің мұз үстінде билейтіндерге аса қатты көңіл бөлмейтіні жасырын емес. Бұл спорт түрі өкілде-рінің толыққанды дайындалуына мүмкіндігі жоқ. Кезінде марқұм Денис Тен шет мемлекеттерді жағалап дайындалды. Қазіргі үмітіміз Михаил Шайдаров та солай жүр. 18 жастағы спортшы универсиада ойындарында қола жүлдеге қол созым қалған жер­де сүрінді. Ол қысқа бағдарламада алтыншы, ал еркін бағдарламада үшінші нәтиже көрсетіп, қоссайыста жалпы 231,08 ұпай жинады. Бірақ отандасымыздың қола жүлдені мойнына тағуына небәрі 0,25 ұпай жетпей қалды. Мәнерлеп сырғанаудың алтыны мен күмісін жапониялық спортшылар иеленді.

Шайдаров былтыр Эстония астанасы Таллинде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алған. Қысқы универсиаданың жалпыкомандалық есебінде Жапония спортшылары топ жарды. Алғашқы күннен бастап, соңына дейін медальдар кестесінде ешкімге дес бермеген Күншығыс елінің өкілдері 21 алтын, 17 күміс, 10 қола медаль жеңіп алды. Екінші орынға Оңтүстік Корея спортшылары жайғасты. Олардың еншісінде 12 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль бар. Үздік үштікті 6 алтын, 1 күміс және алты қоламен Канада құрамасы түйіндеді. Келесі қысқы универсиада 2025 жылы Италияның Турин қаласында өтеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор