• Сенің замандасың
  • 30 Қаңтар, 2023

Шабандоз

Қазір жылқы жануарына қызығушылықпен қарап, көкпар шауып, бәйгеде жарысатын бала кемде-кем. Алайда ата жолын ұмытпаған өрендер де бар. Мысалы, біздің ауылда Ақылжан Құрмаш деген 7-сынып оқушысы бәйгеде ат оздырып, жүлделі болып жүр. Бір жылдың ішінде жиырмадан астам бәйгеде Ақылжан шапқан тұлпарлар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болды. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді.  Ақылжанның ата-анасы оның осы бағытқа, спортқа деген құлшынысын көріп, қолдап-қоштап жүр. Ақылжанды әңгімеге тартып көрген едім.

«Әкем 3 жасымнан бастап атқа мінуді үйрете бастады. Бір күні ағам маған тай сыйлады. Сол тұлпар арқылы қызығушылығым оянып, осы спорт өмірімнің мәніне айналатынын түсіндім», – дейді жеткіншек. Ақылжан ат баптауды жақсы білетіндіктен, сұрақта-рымды да солай қарай ыңғайладым.

– Сәйгүліктеріңнің шапшаң болуының сыры неде? 

– Оның аса бір жасыратын сыры не құпиясы жоқ. Жылқыларға ерекше күтім қажет. Олар да адам сияқты өзіне деген жылылықты, махаббатты сезеді. Сондықтан да оларды аса құлшыныспен баптауға тырысамын. Күнделікті жем-шөбін беріп, арнайы жаттығуларын жасатамын.

– Керемет! Білуімше, жылқы малы тек таза су ішеді. Солай ма?..

– Иә, ата-бабамыз рас айтады. Бұл жануар лай, кір суға жоламайды. Тек таза су ғана ішеді. Тағы бір қызығы, олар тек өз ыдысынан ғана ішеді. Сондықтан да суды тек өзінің шелегімен ғана беремін.

– Бәйгелерде адаммен қоса аттардың да жасы ескеріле ме? Әлде әртүрлі жастағы жылқылар бір сынға түсе бере ме? Мысалы, біз мұндайды біле бермейміз...

– Жоқ, бәйгеге әртүрлі жастағы аттар түсе алмайды. Жас ерекшелігі міндетті түрде қаралады. Оларды үш топқа бөледі. Бір жасар жылқылар «тай бәйгеге», екі жасарлар «құнан бәйгеге», үш жастан жоғарылар «аламан бәйгеге» түседі.

– Жарыстарда бірінші болып мәреге жетіп, бас жүлдеңді қолыңа алып жатқандағы сезімді баяндап берші...

– Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өте ерекше сезім. Бойыңды мақтаныш кернейді. Еңбегіңнің ақталғанына қуана-сың.

– Сенің аттарыңның аты қандай? 

– Жылқының атын мінезіне, көркіне, түсіне қарай қоямын. Мысалы, Айқасқа. Бұл жерде сыртқы кейпіне қарай қойылып тұр. Менің негізгі жылқымның есімі – Бақторы. Оның атасы өте жүйрік болған екен. Соған тартсын деген ниетпен осылай атадым. Ал екінші сәйгүлігімнің аты – Еркежирен. Ол құлын кезінде өте ерке болатын.  

– Демек, шабандоздар қанатты пырақтарының атын қою мәселесіне мұқият қарайды екен ғой. Жарайсың! Болашағыңды осы шабандоздықпен, жалпы жылқылармен байланыстырғың келе ме?

– Әрине. Өз арманыма кішкентай ғана қадамдар жасап жүрмін. 2023 жылдың бәйгесіне де қызу дайындық жүріп жатыр.

– Армандарың мақсаттарыңа айналсын. Әңгімеңе рақмет, жас шабандоз!

Қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін басқаларға дәріптеп үлгі болып жүрген, ат құлағында ойнайтын жасөспірімге алдағы өмірінде тек сәттілік пен жеңіс тілейміз. Қазақстанның болашағы Ақылжан сынды балалардың қолында. Кейде «қазақтығымыздан ажырап барамыз» деген сөзді естігенде, Ақылжан секілді ұландар бар ғой дегім келеді. Алайда, шын тұлпарлардың аз болғаны секілді, қазақтың жөн-жобасын білетін жастар да аз...

Жанайым ӨМЕКБАЙ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы облысы

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

866 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор