• Сенің замандасың
  • 24 Қаңтар, 2023

Алдияр 11 жасында шахматтан FIDE шебері атанған

Алматыда өткен шахматтан әлем чемпионатында мықты жастардың өсіп келе жатқанын көрдік. Әдетте чемпионаттың финалында 12 шахматшы бақ сынайтын болса, осы жолы 14 шахматшы болды. Додаға 14 жастағы жасөспірімдер Алдияр Аңсат пен Даниял Сапенов те қатысты. Біз «ұландық» оқырманға Алдияр жайлы айтамыз. Шахматтан 6 жасында бірінші разряд, 7 жасында спорт шеберлігіне үміткер, 11 жасында FIDE шебері, 13 жасында «Халықаралық шебер» атанған. Бұл жаста осындай дәрежеге жету кез келген баланың қолынан келмейді. Ол үшін өте үлкен еңбек керек. Алдияр шеберлігін шыңдау үшін жыл бойы жарыстарға қатысады. Күніне төрт-бес сағат жаттығады. Әлемдік рейтингте 11 жасында үшінші орында тұр. 

7 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлемнің вице-чемпионы (2015 жыл, Таиланд). 8 жасында 12 жасқа дейінгі (2016 жыл) ҚР чемпионы. Қызылордалық шахматшы №70 мектептің 8-сыныбында оқиды. Таяуда Ресейде өтетін шахмат турниріне дайындалып жүр. Шетелдерде өтетін халықаралық жарыстарға жиі қатысады. Мамайда (Румыния) шахмат-тан өткен чемпионатта 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында қола медаль жеңіп алды. Чемпионатта 11 кездесу өткізіп, 8 жеңіс, 2 тең ойынмен 8,5 ұпай жинады.

–  Шахматқа қызығуым үш-төрт жасымда басталған. Әкем ағам екеумізге шахмат тақтасын күшті түсіндірді. Ең бірінші фигураларды таныстырды. Патшаны қорға-ған жауынгерлердің әрекеті ертегідей еді.  Тақтада қалай қорғайтынын көрсетті. Әр фигура өзіне сай жүру тәсілдері арқылы патшасын қорғайды екен. Әлі есімде, шахмат әдемі әрі жауынгер формасында болған. Күннен-күнге қызығушылығымыз арта берді. Алғашқы жеңісіме балабақшаға барып жүргенде жеттім. Балабақша меңгерушісі риза болып, менің суретімді балабақшаның дәлізіне  іліп қойған. Басқа балалар суретті көріп, «сенің суретіңді көрдім» деп айтатын. Бес жастағы балаға қызық болатын. Бұл марапат мектепке барғанда да жалғасты. Алғыс хат, кубок секілді марапатты әкелгенде, мектептегі ұстаздарым қатты қуанатын. Шахмат логикаға, тез ойлауға, тез шешім қабылдауға көмектеседі. Әрине, математика сабағы мен үшін оңай әрі қызық.

ӘКЕМЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Шахматта да, өмірде де алғашқы ұстазым – әкем! Дұрыс шешім қабылдау үшін барлығын ойланып, сараптауды үйретіп келеді. Өмірде шахмат тақтасындай күрес болса,  мінез керектігін айтады. Ойланып қадам жасағанда, сабыр керек дейді. Әкеме алғысым шексіз. Шахматтағы алғашқы ұстазым – Исабаев Диас Тоқашұлы. Шахматтан спорт шебері, өте мықты жаттықтырушы, қатал мұғалім, жалпы жақсы адам. Төрт-бес жасымнан бастап қалыптасуыма, алға қойған мақсатыма жетуіме сол кісінің табанды да тиянақты мінезінің ықпалы зор.

«Шахматтан чемпион болатыныңды білдің бе?» – деп сұрайды. Бұл ой алғаш рет Таиландта өткен әлем чемпионатында күміс медаль алғанда келді. Қазақстанның ең жас спорт шебері атандым. Ол кезде алты жаста едім. Бұған дейін спорт шебері атанған балалардың жасы үлкен болатын. Сол сәтте еңбек етсең жеңіс алыс емес екенін білдім. Бақытты шахматшымын. Өйткені, әкем шахмат ойнайды. Маған кеңес беріп, кейде ұрсады, көбінесе қолдайды. Анам – ең басты тілекшім.  Ол кісі шахмат ойнамаса да, осы саланың бар ойыншысын, рейтингін, қай қаладан келгенін, ата-анасына дейін таниды. Маған сол жеткілікті.  Қос тілекшім әрдайым жанымда. 

Шахмат – менің үлкен әлемім. Өзім үшін ойнаймын. Сол арқылы өзімді, қарым-қатынасты, әлемді танимын. Шахмат деген – тек ойын емес, ғылым, бөлек сала. Алдын ала стратегия орнатып, алға қойған мақсатқа жету. Елімізде менің жасымда  гроссмейстер атанған шахматшы жоқ. Ең жасы 20 жастан жоғары жігіттер. Ал әлемде америкалық  Мишра Абхиманью 12 жасында гроссмейстер атағын алған.

БАЛАҒА БЛИЦ ҚИЫН

Болашақта көп арманым орындалып, алға қойған мақсаттарыма жететініме сенемін. Алматы қаласында әлем чемпионатында қатыстым.  Ең мықты 100 шахматшының қатарындамын. Жоспар көп, еңбек ету керек. Ай сайын болмаса да, екі айда бір рет турнирде ойнап тұруға тырысамын. Шахматты үйренудің жолы көп. Мысалы, компьютермен ойындар барлық деңгейдегі ойыншыларға бар. Мүмкіндік болып жатса, ойындарды жүктеп, шыныға беру керек. «Шахматты көп ойнаса, бас ауырады». Бос сөз деп ойлаймын. Менің басым ауырмайды. Көбірек тынығып, демалып тұру қажет. Кішкентай балалардың блицке қатты қызықпағаны дұрыс.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №4
24 қаңтар 2023 жыл

497 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор