• Толағай
  • 24 Қаңтар, 2023

21 жасында карьерасын аяқтаған қазақ боксшысы

Афины Олимпиадасынан кейін Қазақстан бокс құрамасының тізгінін Дамир Буданбеков ұстады. Сол тұста құрамада жұлдызды боксшылар көп болды. Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Геннадий Головкин болып тізім жалғаса беретін. Осындай құрамаға еркін қосылған жастар да бар. Атап айтсақ, Мерей Ақшалов, Еркебұлан Шынәлиев...

Бүгін біз Еркебұлан туралы айтқанды жөн көріп отырмыз. Еркебұлан Шынәлиев 1987 жылы қазіргі Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында дүниеге келген. Бокспен алғашында өзі туған Қарабастау ауы-лында айналысқан. Бірақ 1999 жылы ауылындағы бокс секциясы жабылып қалыпты. Бапкерлердің барлығы, амал жоқ, Шымкентке қоныс аударады. Кейін Еркебұлан да солардың қатарына қосылады. Оның алғашқы жаттықтырушысы ұлттық құраманың қазіргі бас бапкері Мырзағали Айтжанов еді.

Жанкүйерлер Шынәлиев деген боксшы бар екенін 2006 жылы естіді. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына дейін жеткен болатын. Осыдан кейін ұлттық құрамаға шақыртыла бастады. Арада бір жыл өткенде 20 жастағы боксшы ересектер арасындағы алғашқы және соңғы әлем чемпионатына қатысты. АҚШ-тың Чикаго қаласында отандасымыз 81 келі салмақта қола медаль еншіледі. Сөйтіп, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.

Бейжіңге Қазақстаннан 10 боксшы барғанымен, жартылай финалға Бақыт Сәрсекбаев екеуі ғана жетті. Ол алғашқы бәсекелерінде пуэрторикалық Карлос Колон мен литвалық Шеметастарды үйіне қайтарды. Ширек финалда тәжік боксшысы Жахон Құрбановпен кездесті. Жекпе-жектің үшінші кезеңіне дейін 6:5 есебімен ұтылып жатқан Құрбанов тыйым салынған әрекеттер жасағаны үшін төрешіден екі рет ескерту алды. Ақыр соңында Шынәлиевтің иық тұсынан тістеп алғаны үшін тәжік боксшысы рингтен қуылды. Қызығы сол, бұл екеуі бір жыл бұрын Чикагодағы әлем біріншілігінде де кездескен. Сол тұста да Құрбанов рингтен қуылған болатын.

Бұл жекпе-жекті кәсіпқой бокстан экс-чемпион Эвандер Холифилд тамашалады. Ол да кезінде осындай тістеудің құрбаны болған. Естеріңізге салып өтсек, 1997 жылы Холифилдті Майк Тайсон құлағынан тістеп алған. Жартылай финалда қазақстандық жергілікті боксшымен кездесті. Қытайлық Чжан Сяопинмен кездесуде төрешілер 4:4 деген есепті тіркеді. Мұндай сәтте төрешілер белсенді өнер көрсеткен боксшының қолын көтереді. Былыққа толы сол Олимпиадада төрешілер жеңісті қытай боксшысына ұстата салды.

– Сол кездегі бокс ережесі бойынша, тең айқастан соң соңғы соққыны жұмсап, соңғы ұпайды алған боксшы жеңімпаз атанады. 
Мен 3:4 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестірдім де, ең соңғы ұпайды алдым. Бірақ төрешілер бәрібір қарсыластың қолын көтерді. Қазылардың қанша соққымды есепке алмағанын айтпағанның өзінде, жеңіс менікі еді. Амал жоқ, шешім сондай болды. Сол сыннан кейін ресейлік Олимпиада чемпионы Александр Лебзяк келіп, бапкерлерге біраз ақылын айтқан. Қарсы шағым түсіріңдер деп те біраз үгіттеді. Алайда, жаттықтырушылар мұндай тәуекелге барған жоқ. Мен де жастықтың әсерімен бұған аса мән бермедім,
– дейді боксшы.

Негізі сол Олимпиадада Шынәлиевке өз салмағында қарсылас жоқ секілді көрінген. Жартылай финалда мұны жеңген Чжан Сяопинді бір жыл бұрын Чикагодағы әлем біріншілігінде 18 ұпай айырмашылығымен ойсырата ұтқан. Ал финалда сол қытайдан басым түсіп, топ жарған ирландиялық Кеннат Иган да оқу-жаттығу жиындары кезінде қазақ боксшысынан оңбай таяқ жепті. Жанкүйерлер Шынәлиев бұл қола медалін Лондонда алтынға айырбастайтынына тым сенімді еді. Бірақ сол Бейжіңнен кейін 21 жастағы спортшы көрінбей кетті.

Осындай атақ буы жас талантты біраз еркелеткен секілді. Жаттығуға баруды қояды, салмағы күннен-күнге ауырлай бастайды. Бапкері де әбден көңілі қалады. Отбасылы болып, сосын бизнеске де бас ұрыпты. Бірақ арада бір жыл өткенде залға қайта оралады.  Алайда, жолы болмады ма, әлде демалыс аздық етті ме, чемпион жігіт қайта демалысқа шығады. Қазақстан чемпионатында да жүлдесіз болды. Салмағы ауырлап, бапкерлер де үміт артуды қойды.

Кейін Лондон Олимпиадасы жақындаған тұста тағы бір тырмысып көреді. Қарағандыдағы КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған дәстүрлі турнирге қатысады. 91 келіде бақ сынап, финалға дейін жетеді. Финалда Василий Левиттен ұтылып, күміс медаль алады. Сонымен, Еркебұланның спорттағы карьерасы аяқталды.

– Әрине, спорттан ерте кеткенімді мойындаймын. Бейжің Олимпиадасынан оралған соң, жаттығуға атүсті қарағаным рас. Бір апта залда дайындалып, екі жеті демалатын кездерім болды. Өзімді жинай алмаған сияқтымын. Оның үстіне, бала күнімнен бері қолымның жарақаты мазалайтын. Нақтылап айтар болсам, соққыны дұрыс жасамағанның салдарынан екі саусағым дұрыс бітпей қалған. Қолымды емдетемін деп те көп уақыт жоғалттым. Мені орта жолда жібергісі келмей, келесі Олимпиадаға қатыс деп қамшылаған бапкерлерім де, жанашырларым да көп болды, – дейді боксшы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұқбатында. Кәсіпқой боксқа да шақырғандар болыпты. Германия мен АҚШ-тың промоутерлік компаниялары бірге жұмыс істеуді ұсынған. Алайда гонорарға келгенде келісе алмапты. Сөйтіп, ол жаққа жолы түскен жоқ. 2014 жылға дейін еш жерде жұмыс істемеген. Тек сол жылы ғана Шымкенттегі спорт мектебіне директор-дың орынбасары қызметіне кіріседі. Еркебұлан Шынәлиев футболды да жақсы көреді. Өзінің әуесқой футбол командасы бар. Бұрынғы қызба мінезін кейде футболда да қолданып қояды. 2017 жылы төрешіні ұрып тастаған еді.

– Өзімнің «Шоқай» деген футбол командам бар. Құрылғанына 6-7 жыл болып қалды. Қазақстандағы әуесқой командалар арасында жарыстарға шығып тұрамыз. Төрешіні ұрғаным рас. Ол туралы біраз ақпарат құралы жазды ғой. Көбі боксшылар бастан кетіп қалған деп жатады. Бірақ ол жерде олай болған жоқ. Өзінің міндетін дұрыс атқармағаны үшін ұрдым. Кейіннен кездесіп сөйлестік. Ол кінәсін түсінді, мен де кешірім сұрадым. Бірақ, ел айтқандай, полиция бұл іске араласқан жоқ. Өзара шешіп алдық. Мен ешкімге өздігімнен соқтыққан адам емеспін. Бірақ тиіссе аямаймын, – дейді ол.

Сосын Токио Олимпиа-дасынан кейін әлеуметтік желіде Бейжіңде бірге өнер көрсеткен Бақыт Сәрсекбаевпен біраз дау болды. Өйткені Сәрсекбаев Олимпиада ойындарындағы сәтсіздікке сол кездегі федерацияның вице-президенті Бақтияр Артаевты да кінәлаған. Осы жерде әңгімеге Еркебұлан да араласып кетеді.

«Сен қазақтың батыры емес, расында қатыны болдың. Қойсаңшы, болды. Артық сөздерді не қыласың? Ер жігітке жараспайтын тірліктеріңді доғар», – деген еді боксшы. Қазір Еркебұлан Шынәлиев 35 жаста. Бірақ оның карьерасы 21 жасында аяқталды. Бәлкім, жал-қаулығы мен жарақаты бол-мағанда, бұдан да жоғары жетістікке жетер ме еді...

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №4
24 қаңтар 2023 жыл

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор