• ҰЛАН
  • 25 Қаңтар, 2023

Шахмат патшасы Магнус Карлсен

Елімізде өткен шахматтан әлем чемпионатына атақты шахмат патшасы Магнус Карлсен қатысты. Ол 8 жеңіс, 4 тең ойын және бір жеңіліспен чемпион атанды. Жеңімпаз сыйлығы – 1 миллион доллар. Рапидтен күміс медаль германиялық Винсент Кеймерге, қола медаль америкалық Фабиано Каруанға бұйырды. Ел атынан сыңға түскен Қазыбек Нөгербек 13 ұпайдың 8-ін жинап, 35-орынға шықты.

Әлемнің нөмірі бірінші шахматшысы Магнус Алматыдағы чемпионат жайлы былай депті: «Дәл осылай жасаймын деген нақты стратегия жоқ. Шахмат туралы ойлауды ешқашан тоқтатқан емеспін. Шахматпен бірге өмір сүремін. Қалай, кіммен ойнаймын деп ойлаймын. Не істеу керек екенін және істемеу керегін айтатын кәсіпқойлар бар. Ең бастысы, басыңда мәселені шешуге деген ұмтылыс болуы керек. Мен осылай дайындаламын. Шахмат мені импровизациялауға және ойлануға жетелейді. Әлем чемпионатына таңдаулы гроссмейстерлер қатысты. Маған оңай болған жоқ. Блицтен чемпион атағын алғаныма қуаныштымын».

30 жасында шахматтан әлем чемпионы атанды. 19 жасынан бастап әлемдік рейтингте бірінші орында. Шахмат падишасы Магнустың құпиясы неде? Шахмат шыңына шығуды армандасаң, бұл мақала саған арналған.

ТАРИХТА ЕШКІМ ЖЕТПЕГЕН ЖЕТІСТІК


Карлсен – блиц бойынша тарихтағы төрт дүркін әлем чемпионы. 2800 ELO ұпайын еңсерген ең жас шахматшы. Ең жоғары рейтингтің (2882 ұпай, Каспаровтың 2851 ұпайын басып озып, рекорд жаңартқан) иегері. Дүниежүзілік шахмат тари-хында ешкім мұндай биікке көтерілмеген. Жеңілу дегенді білмейтін (қатарынан 111) әрі тең позицияда тұрса да, жеңіске жету жолын табатын спортшы. Карлсен – өте ақылды және өте білімді адам. Ол сандармен көп жұмыс істейді.

2013 жылы Магнус классикалық шахматтан әлем чемпионы атанды. Бұл титулды үш рет сәтті қорғап, Ананд, Карякин және Каруананы жеңді. 2014-2016 және 2019 жылдары рапидтен әлем чемпионы атанды. 2014, 2015, 2017, 2018 және 2019 жылдары блиц титулын жеңіп алды. 1990 жылы 30 қарашада Норвегияның Тенсберг деген шағын қаласында дүниеге келген. Отбасында екінші бала. Үлкен әпкесі және екі қарындасы бар. Әкесі Хенрик мұнай компаниясының инженері. Шахматты жақсы ойнайды. Баласына бес жасында ойын ережесін үйреткен. Сол жаста әлем елдерінің астанасы, елтаңбасы мен халқын жатқа білетін.

Сегіз жасында әкесін бірін-ші рет жеңді (оның рейтингі шамамен 2100 ұпай болды). 13 жасында тарихтағы ең жас гроссмейстердің бірі болды. 16 жасында алғашқы халықара-лық турнирде жеңіске жетті. Эло рейтингіндегі ұпайы – 2710. Бұл жолақты еңсерген тарихтағы ең жас шахматшы. 2009 жылы Гарри Каспаров-пен бірге жаттықты. Алғаш рет шахмат Оскарын жеңіп алды. Сыйлықты төрт жыл қатарынан ешкімге бермеді. 2013 жылы үміткерлер турнирінде жеңіске жетті. Сол кездегі әлем чемпионы үндістандық Вишванатан Анандпен бақ сынасты. Матч Анандтың ауылында өтті. Магнус өзіне сенімді еді. Жарыста 16-шы әлем чемпионы атанды. Бір жылдан кейін Сочидегі турнирде Анандты тағы да жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалды. 2016 жылы Сергей Карякинмен шахмат тәжіне таласты. Карлсен жеңіліп тұрып, кері серпіліп, жеңісті жұлып алды.

Әлемдегі ең ықпалды 100 адамның бірі

2018 жылы әлем чемпионы атағын қорғады. Лондонда америкалық Фабиано Каруананы жеңді.12 ойынның қорытындысы бойынша, есеп тең болды. Бірақ тай-брейкте тағы да мықты ойнады. Ол әлемдегі ең бай шахматшы. 2013 жылы америкалық Times журналы Карлсенді әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына қосты. 2020 жылы пандемияға байланысты көптеген шахмат турнирі тоқтады. Сондықтан гроссмейстерлер онлайн турнирлерге қатысты. Карлсен де өзінің артықшылығын дәлелдеді. Жыл соңында ол әлемдегі ең көп жалақы алатын спортшы атанды. Оның турнирлік жүлде қоры – 510 587 доллар. Бұл ақшаға шахматшыға демеуші болатын компаниялардың сыйлығы қосылмаған.  

Футболды өте жақсы көреді. Испанияның «Реал Мадрид» клубының жанкүйері. Ойынды көруге шақырылатын беделді қонақтың бірі.
Футболды көріп қана қоймай, жақсы ойнайды. Теннис, сквош, баскетбол және шаңғымен айналысады. Карлсеннің жалғыз қарсыласы – ресейлік Ян Непомнящий. Бірақ Ян классикадағы жеке кездесулерде 1:4 есебімен артта қалды.

Ян мен Магнус бала кезінен түрлі турнирлерде бақ сынады. 2002 жылы U12 әлем чемпионатында кездесіп, бірінші орынды бөлісті. Қосымша көрсеткіштер бойын-ша Карлсен жеңіліп қалды. Норвегияда шахмат жақсы дамымаған. Бірақ Магнустың жетістіктері бір төбе. Бес жасында шахматқа емес, футбол, баскетбол, тенниске қызыққан. Жеті жасында әпкесімен, әкесімен ойнап шаршаған. Сегіз жасында шахматқа қатты қызығушылық танытады. Халықаралық турнирлерге қатысу үшін бір жылдық бастауыш мектептен босатылады. 2002 жылы 12 жасқа дейінгі чемпионатта 2-орын алды. 2003 жылы  Майкрософт компаниясы Карлсендер отбасына бір жылдық саяхатқа шығуға ақша береді. Сапар ұзақ болғасын көліктерін сатып, үйін жалға беріп кетеді.

13 жасында шахматтың супер жұлдызына айналды. Dubai Open 2004 турнирінде 2-орын алып, гроссмейстер атағын алды. 2009 жылдың қазан айында Қытайда өткен турнирде Карлсеннің жеңісі турнирдің үздік көрсеткіштерінің бірі болды. Шекті 10 ұпайдың 8-ін жинады. Кейін ол 2800-рейтингке жетті (әлемде мұндай нәтижеге бес ойыншы ғана қол жеткізген). «Келдім, көрдім, жеңдім!». 2010 жылы шахматқа кездейсоқ келмегенін дәлелдеді.

Бес оскардың иесі

Әйгілі америкалық режиссер фильмге түсуге ұсыныс жасады. Өкінішке қарай, виза ала алмады. Шахматтың көптеген жанкүйері кумирді фильм кейіпкері ретінде теледидар экранынан көргісі келеді. 2011 жылы Румынияда өткен турнирде басты қарсыласы Сергей Карякинді жеңді. Сөйтіп, бес рет шахмат Оскарының иегері болды. Шахмат Оскары – соңғы 12 айда тамаша спорттық және шығармашылық нәтижелерге қол жеткізген шахматшыға берілетін жыл сайынғы марапат.

Шахмат Оскар сыйлығы 1967 жылы құрылды және шахмат журналистерінің (AIPE) дауыс беруімен марапатталды. Кейін турнирді ұйымдастырушылар мен жаттықтырушыларға берді. Көп ұзамай AIPE ұйымы ыдырағаннан кейін сыйлық берілмеді. 1995 жылы 64 шахмат журналының бастамасымен марапат қалпына келтірілді.

2013 жылы Карлсен президенттер, әлемдегі ең бай адамдармен қатар планетаның ең ықпалды адамдарының қатарында болды. Әлемнің 13-чемпионы Гарри Каспаров 13 сүйікті саны екенін әрдайым айтып жүреді екен. 13 – Карлсеннің де сүйікті саны. 2013 жылдың 22 қарашасында шахматтан он алтыншы әлем чемпионы атанды.

2013 жылдың қараша айында Ченнайда (Үндістан) Ананд пен Карлсен арасындағы әлем чемпионаты  өтті. Он екі ойын жоспарланған болатын. Бірақ жеңімпазды анықтауға он ойын жеткілікті болды. Норвегиялық 5, 6 және 9-ойындарда жеңіске жетті (қалғаны тең аяқталды) және шахматтан 16-шы әлем чемпионы атағын мерзімінен бұрын жеңіп алды.

Карлсен футбол ойнап, трамплиннен секіруден жүлдегер болған. Бос уақытында футбол, баскетбол ойнайды. Әйгілі шахматшы Гарри Каспаров Магнуспен шахмат ойнап, тәжірибе алмасады. Сол кезде Гарри: «Магнустың шахмат «жүрістерін» тез қабылдайтын қабілеті бар. Ол ерекше жаратылған бала. Талантын дер кезінде түсініп, дамытса, әлемге ұлы шахматшы келер еді», – дейді. Магнусты жұрт «шахмат патшасы» деп таниды. Атаққа мақтанған емес. «Өзің өзгерте алмайтын іспен басыңды ауыртпа. Өмірің өз қолыңда. Қаласаң әлемді арала. Ол үшін еңбек ет, көп кітап оқы. Тамақты таңдап же», – деп жиі айтады екен.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №4
24 қаңтар 2023 жыл

167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор