• Сенің замандасың
  • 10 Қаңтар, 2023

Tedx формасы жайлы не білеміз?

Tedx – спикерлердің белгілі бір аудитория алдында өзіндік идеяны айту форматы. Бұл формат – АҚШ-та 1984 жылы пайда болған TED жобасының туындысы. Тәуелсіз авторлардың идеяны көпшілікке еркін түрде тарату форматы. Жоба елімізде де қарқынды түрде дамып келеді. Формат жайлы Елжан Махсотпен сұқбат құрған едім. Елжанның Tedx конференцияларын ұйымдастыруда үш жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында 30-ға жуық конференцияда спикер болып, ораторлық қабілетімен көпке танылған. Қазір Елжан – ҚазҰУ-да Экономика және Бизнес жоғары мектебінің 1-курс студенті.

– Tedx форматымен қалай таныстың? 

– Мен ең алғаш рет 8-сыныптың соңында таныстым. Ол кезде READX форматы болған. Бұл форматта адамдар өзінің ұнайтын кітаптары туралы айтып, көпшілікке ұсынады. Ал Tedx форматымен 9-сыныптан бері таныспын. Оның басты мақсаты – таратуға жарамды идеяларды үлкен аудитория, сахналарда тарату. Басқаша айтсақ, адамдар алдында сөйлеудің форматы. 

– Жазбаларыңнан командаң жайлы ақпараттар оқыдым. Толығырақ түсіндіріп өтсең, команданы арнайы кастинг жариялап жинақтайсың ба? 

–  Жоба басында бізді дайындаған жетекшіміз болды. Ол кезде тікелей қалауымызша конференцияларда сөйлеп жүрдік, кастингтер болмады. Кімнің ішкі дүниесінде ынтасы бар болса, олар қалып, өз жобаларын жалғастыратын. Бір уақытта мен жетекші болдым, сонымен коман-даны ұлғайтамыз деп шештік. Біз өзімізбен құрдас оқушыларды командаға шақырғанбыз. Сұраныс көп болғандықтан, кастинг жариялауға тура келді. Кастинг талабы онша қиын болмады. Сондықтан 90% оқушылар өтті. Командада мен жетекшілік еткенде қырық шақты адам болды. Уақыт өте адамдар саны азая бастады. Ынтасы жоқ, дамығысы келмегендер командадан шықты. Сонда бізде 25 адамдай қалды. Ол адамдармен соңына дейін жұмыс істедік. Жоба карантин басталғандықтан тоқтап қалды да, топ мүшелері тарап кетті. Мектептегі Tedx аяқталған соң, мен жеке ұйымдастырушы болып, конференцияларға шығып жүрдім. Әртүрлі спикерлер келіп, идеяларын, жобаларын таныстыратын.

–  Конференциялардың тақырыбы қалай таңдалады? Идеяға, тақырып таңдауға келгенде жоба-ның өзіндік ережелері бар ма? 

– Негізі нақты жобаға тақырып қоюға рұқсат. Бірақ мен ұйымдастырған жобаларда басты тақырып болған жоқ. Әртүрлі спикер әртүрлі тақырыпты қозғады. Бұл – осы форматтың заңы. Сіз бір уақытта даму туралы айтуыңыз мүмкін, келесіде арт дизайн, стиль жайлы ой айтып, келесі бір тақырыбыңыз жай ғана оқу туралы болуы ғажап емес. Ал жобада нақты тақырып болса, спикерлер сол тақырып төңірегінде жоба қорғайды. Ал идеяға тоқталсақ, идеяны әр спикер өзі әкеледі. Ең маңыздысы, спикер өз идеясын таратуы керек. Оның идеясы әрқашан өзінен шығады. Идеяны өмірден іздейміз, адамдардан сұрап, желілерден қарап табуға болады. 

– Спикер, идея жайлы айтып жатырмыз. Аудиторияға шектеулер бар ма? Мәселен, жас мөлшеріне, адам санына қарай... 

– Адам сипатына, жас мөлшеріне қарай көбінесе шектеу болмайды. Себебі, тақырыптарға немесе спикерге байланысты адамдар өзі келеді. Мысал ретінде бір үлкен адам келіп, тамақ пісіру туралы айтады. Жасөспірімдер бұл тақырыпқа қызықпауы мүмкін. Себебі, олар тамақ пісірмейді. Сол секілді тақырыпқа байланысты аудитория өзі жиналады. Ал адамдар санына әрқашан шектеу қойылады. Егер аудиторияға қырық адам сыятын болса, одан артық адамды кіргізе алмаймыз. Сондықтан орын санына орай шектеу қойылады. 

– Спикерлер аудитория назарын аударта алмай қалатын сәттер жиі бола ма? Ондай жағдайда не істейсіздер? 

– Көбінесе ондай жағ-дайлар адамдардың қызығуы болмауынан және спикердің мықты спикер ретінде қалыптаспауынан пайда болады. Осындай жағдайларда назар аударту-дың өзіндік элементтері бар. Мысалы, аудиториямен жұмыс істеу. Ол жұмыс тікелей болуы мүмкін. Бірақ Tedx форматында бұған шектеу қойылған. Тағы да басқа нюанстары бар. Ең мықты құрал – күтпеген жерден дауысты қатты шығарып қалу, өзгерту. Сол кезде аудиторияның назарын аудартуға болады. Бірсарындықтан құтылу керек. 

– Көпшілік алдында сөйлеу мәнері ұнайтын, ораторлық қабілетімен көңіліңнен шығатын тұлға бар ма? 

–  Ораторлық қабілет бойынша кумирім жоқ. Өмірлік кумир тұтатын тұлғалар бар болуы мүмкін. Бірақ, тап осы бағытта ешкімді айта алмаймын. Себебі, дамып келе жат-қанда ешкімге еліктеген жоқпын.  

– Білуімше, саған республикалық деңгейдегі Tedx-ке шақырту түскен болатын. Осы жайлы айтып кетсең... 

– Иә, 9-сыныпта республика көлемінде Tedx конференциялары бойынша жоба өткізіліп жатқан. Одан кейін Астана қаласында өтті. Бұл жолы онлайн форматта. Маған онлайн форматтағы конференциялар ұнамады, өзім үшін ешқандай қорытынды ала алмадым. Карантиннің салдарынан бұл жоба аяқсыз қалды, өкінішке қарай. 

– Tedx форматы біз үшін жаңашылдық деп айтсам қателеспеймін. Сенің ойыңша, бұл форматтың елімізде даму деңгейі қандай? 

– Жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде мектептерде ұйымдастырылып жатыр. Мен оны көріп те жүрмін. Әсіресе, Орал қаласында жақсы дамыған. Назарбаев зияткерлік мектептерінде жарысып конференциялар жасағанбыз. Ал жоғары оқу орындары бойынша даму деңгейін білмедім. Себебі, мен 1-курс студентімін. ҚазҰУ-да әртүрлі ұйымдардың ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Оның ішінде Сенат ұйымы ең алғаш әкелді осы форматты. Мен бұл жаңашылдықты кең ауқымда таратқым келеді. 

– Қалың көпшілік алдында өтімді пікір айта алу үшін, адам  бойындағы ораторлық қабілетті дамыту үшін не істеу керек? «Ұланның» оқырмандарына қандай кеңес айта аласың? 

– Қабілетті дамытудың өте көп нюансы бар. Бұл тақырып өте ауқымды. Бірақ ең маңызды айтатын кеңесім – аудитория алдында жақсы сөйлей алатын адамға еліктеу.   

– Сұқбат үшін рақмет!

Айнұр АҢЛАМАСОВА, 
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

5423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор