• Күншуақ
  • 09 Қаңтар, 2023

Оқушылар мұқтаж отбасына ақша жинап берді

125 High school мектебінің оқушылары жұма күні қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Әр оқушы үйінен түрлі тамақ пісіріп әкелді. Үзілісте мектептегі басқа оқушылар мен ұстаздарға сатты. Түскен қаражатты жағдайы төмен отбасына көмек ретінде ұсынды. Жәрмеңке өте қызықты өтіпті. Балалар аукцион ұйымдастырып, тәттілерді қымбат бағада сатыпты. Мысалы, бәліштер 500 теңгеден басталады. Оқытушылар аукционда бәлішті 7000 теңгеге бағалапты.  Кейбір шебер оқушылар «Жүректен жүрекке» деген суретке түсу бұрышын жасапты. Әр суретке түскенің үшін 200 теңге төлейсің.

Азамат Байбол, 11 «Я» сынып оқушысы:

– Біздің сыныпта әртүрлі тамақтар болды. Әрқайсы қолынан келгенше атсалысты. Қыздар бауырсақ, құрт, неше түрлі бәліштер әкелді. Ұлдар қымыз алды. Өзім тамақ жаса-ған жоқпын. Бірақ ерекше қымыз әкелдім. Бәріне ұнады деген ойдамын. Мектепке биыл келдім. Бұл іс-шара осылай қызықты өтеді деп ойлаған жоқпын. Алдағы уақытта жалғасады деп нақты айта алмаймын. Егер жалғасса, жақсы болар еді. Адамдарға өте күшті көңіл-күй сыйлайды. Қайырымдылық – үлкен сауаптың бірі. Сыныптастар бір-бірін тани түседі. Мұғалімдер оқушыны басқа қырынан көреді. Сыныпта үш ұл, бір қыз сатушы болды. Әр сынып күшті дайындалыпты. Сату да оңай болған жоқ. Жиналған ақшаны қиын жағдайға түскен отбасы мен балалар үйіне жібердік.

Айгерім Нұрбекова, 11 «Ю» сынып оқушысы:

– Жәрмеңкеге барлық бала жейтін тоқаш, пицца, кекс пісірдік. Жеміс-жидек салаты бар. Жаңа жыл қарсаңында печенье пісірдік. Мектепте денсаулық айы өтіп жатыр. Сол үшін денсаулыққа пайдалы ас әзірледік. Газды сусын сатқан жоқпыз. Маған анам көмектесті. Екеуміз пеште тоқаш пісірдік. Біздің мектепте білімнен бөлек, адамдарға тәрбие, мейірімді үйрететін шаралар көп өтеді. Игі істі мектеп әкімшілігі ұйымдастырды. Болашақта бұл іс-шара жалға-сады. Арамызда көмекке мұқтаж адамдар бар. Оларды көріп, көмек көрсету –бәріміздің міндетіміз. Іс-шара кезінде сыныпта мықты балалардың көп екенін білдім. Бәрі бір-біріне көмектесіп жүрді. Мектеп ұстаздары мен оқушылардан бөлек, сырттан адамдар келіп сауда жасады. 10 минуттық үзілісте барлық тамақты сатып жібердік. Түскен ақшаны санап үлгермедік. Тамақтың тез сатылғанына қуандым. 

Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

7335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор