• Күншуақ
  • 10 Қаңтар, 2023

Технократтар даярлайтын орталық

Jaiq Community – жасы мен лауазымына қарамастан, мүдделес адамдарды біріктіретін, Жайықтың жалынды жастарының бастамасы-мен ашылған жоба. Ұйымның басты миссиясы – ұжымдық зияткерлікті пайдаланып, заманауи зиялы қауымды қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды сақтап, кеңінен насихаттау, жастарды елдік пен ерлікке шақырып, отбасы институтын күшейту. Мемлекетті көркейтуге арналған ізгі ниетті іске асыру жолында Jaiq Community негізгі 17 мақсат қойып отыр. Соның бірі де бірегейі – сапалы білім беру. Сонымен қатар әлеуметтік қордың саяхатқа, спортқа, отбасылық және ұлттық құндылықтарға, бизнеске, шығармашылыққа баулитын бағыттары бар. Жобаның негізгі тармағының бірі – JAIQ SCHOOL орталығы.

JAIQ SCHOOL – робототехника және бағдарлама жазу мектебі. Орталық 2020 жылдың тамыз айында жұмыс істей бастаған.

– 2016 жылдан бері осы салада аянбай еңбек етіп келеміз. Бастапқыда Алматы, Астана қалаларында мектептердің тапсырысымен арнайы STEM кабинеттерін жабдық-таумен айналысқан едік. Алайда пандемия кезінде жұмысты қашықтан жасауға мәжбүр болған соң, шет елдердегі, өзге аймақтағы түлектердің басы қосылып, туған өлкеміз Ақжайықта жаңа бастаманы қолға алдық. Осылайша орталық жұмысын бастады, – дейді JAIQ SCHOOL мектебінің негізін қалаушы Қайсар Есенғали.

Заманауи білім ордасы IT мамандарын даярлап қана қоймай, оқушыларға қаржылық сауатты үйретіп, мамандық таңдауда мүлт кетпеу жолдарын айтады. Бұл мектепті «Оралдық жаңа мамандықтар академиясы» деп айтсақ та қателеспейміз.

– Қазір орталықтың екі бөлімшесі қаланың екі аймағында жұмысын сапалы атқарып жатыр. Еуразия даңғылында орналасқан бөлігінде бүгінгі күні 80-ге жуық шәкірт, 4 мұғалім бар. Ал екі жыл аралығында жалпы 500-ден астам оқушы IT мамандығын игеріп, түлек атанды. Біз тек бүлдіршіндермен емес, жасөспірімдермен, студенттермен де жұмыс істеп, олардың өмірде кірпіш болып қаланып, өз орнын табуына септігімізді тигіземіз. Қалада IT мамандарының санын арттыру мақсатында жергілікті компаниялар-мен келісімшартқа отырып, түлектерімізді жұмыспен қамтамасыз ететінімізді де айта кеткім келеді, – дейді Қайсар мырза.

JAIQ SCHOOL оқушы-лары республикалық бәйгелерде де өзін танытып жүр. Оған дәлел – тартысты жарыстарда қоржынға түскен 12 жүлде.

– Елдегі қазіргі жағдайды оңтайлы пайдаланып, шетелден келген IT мамандармен тәжірибе алмасып жатырмыз. Себебі мұғалімдердің білімін жаңартып, олардың біліктілігін арттыру арқылы мақсатымызға бір қадам жақындай түспекпіз. Ал біздің басты мақсат – Жайық өңірінде жаңа интеллигенция қалыптастыру. Президент те қазақ жастары технократ болуы керектігін айтты ғой. Сондықтан талантты, саналы ұрпақ ретінде жұмыла кірісіп, Қазақстанды бірге дамытайық! – деп түйіндеді Қайсар Есенғали.

Альбина БОЛАТОВА,
Ә.Молдағұлова атындағы 
№38 мектеп-лицейдің
 11-сынып оқушысы,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

7412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор