• Жырақтан білім іздесең
  • 10 Қаңтар, 2023

Дана МОЛДАҚҰЛОВА: Қаржылық сауат – сараңдық емес, саналы шешім

Дана Молдақұлова – KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) университетінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасының амбассадоры. Қаржы саласымен қатар IT саласының маманы. Дана ханым өз тәжірибесіне сүйене отырып, қаржыны сауатты жұмсау жайында айтып берді.

– KAIST университетіне қалай түстіңіз? Қандай бағдарлама арқылы оқыдыңыз, оқуға түсу шарттары қандай болды?

– 2020 жылы Кореядағы KAIST университетіне тапсырдым. Азиядағы жетекші оқу орындарының бірі. Әлемдік рейтингте алғашқы елулікке кіреді. АҚШ-тың әйгілі универси-теттерімен деңгейлес. Қаржы саласымен қатар IT саласын оқығым келді. Оқуға тапсырмас бұрын зерттеу жасап, осы салада білім беру тұсы жақсы екенін аңғардым. Бизнес технология және менеджмент деген саланы бизнес пен ІТ-ді қатар үйрену үшін таңдадым. Бұл университетпен қатар «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Оңай болған жоқ. Алғашқыда балым жетпеді. Мотивация-лық хат секілді құжаттарды мұқият қарадым. Екінші рет тапсырдым. Әлемдік деңгейде бәсекеге түсетін болғандықтан сөз саптауың жақсы, мақсатың айқын болуы қажет. 

– «Болашақ» бағдарламасының амбассадоры екенсіз...  

– Хабарлама таратылды. Әлеуметтік желідегі белсен-ділік, оқу жайында пост болуы қажет. Әділ қазылар алқасы үміткерлерді таңдады. «Болашақ» бағдар-ламасын кеңінен тарату, насихаттау қолынан келеді деген студенттер қатарында мені де таңдап алды. 

– Шетелде оқудың ерекшелігі туралы айтып берсеңіз... 

– Университетте сапалы біліммен қатар, өмірлік сабақ аласыз. Отбасымен баруға қорықпау керек. Білімді отбасымен бірге алған дұрыс деген шешімге келдім. Шетелдегі азаматтардың мәдениетін бойға сіңірді. Саналы түрде болашақ үшін бару қажет. Білім алу, өмірлік ақыл-кеңес алу керек. Оқу маған өмір мектебінен өтуге жол ашты. Сенім, татулық нығайды.

– Қандай тілдерді білесіз? Тіл үйренуге қатысты лайфхактарыңыз бар ма? 

– Ана тілім – қазақ тілі, оған қосымша ағылшын, корей тілдерін білемін. Кореяға барар алдында деңгейім төмен болды, дегенмен, керегімді сұрай алдым. Корея халқы патриот. Өз тілін құрметтейді. Барлық азаматтың корей тілінде сөйлескенін қалайды. Сол себепті, Кореяға барсаңыз, корей тілінен бастапқы деңгейді біліп барған абзал. KAIST университеті тек ағылшын тілінде білім береді. Шетелге тапсырсаңыз, қай тілді оқитыныңызды біліп алу керек. Көбіне жартылай корей, жартылай ағылшын тілінде білім береді. 

Тіл үйренуде бастапқы қалып болуы керек. Грамматикаға мән беріңіз. Кішігірім әрекет жасаңыз. Аз-аздан үздіксіз әрекет керек. Кез келген істе осылай. Кемінде 15–20 минут уақыт, нақты тақырып болсын. Саяхаттау деген тақырып болса, соған қатысты сөз жаттап, сөйлем құраңыз. Тіл үйренуге уақыт керек. Ағылшын тілін меңгерем десеңіз, кемінде бір жыл тынбай оқыңыз. Қызықты әдіс – күнделік жазу. Басыңнан өткен оқиғаны үйреніп жүрген тілде жазуға, ойлануға ықпал етеді. Подкаст тыңдап, кітап оқыңыз. Алғашқыда оңай кітаптан бастаңыз деген кеңес айта аламын. 

– Сіз қаржы саласында да жемісті еңбек етіп жүрсіз. Астана қор нарығы жайында айтып берсеңіз...  

– Астана қор нарығы – отандық нарық. Инвестициялық нарыққа тарту мақса-тында құрылған. Үкіметтің және Ұлттық банктің қолдауымен жүзеге асып жатыр. «Табыс» деген қосымшасы бар. Осы мүмкіндікті пайдалану керек. Доллармен акция, нота деген инструмент алуға болады. Қор нарығы десе, қалталы азаматтар айналысатын іс деп ойлаймыз. Халықаралық тәжіри-беге сүйенсек, қарапайым халық та айналысады.Ол біздің де қолымыздан келеді. Ең жақсы тұсы, Британ сотына бағынады. Ешқандай сырттан ықпал болмайды, манипуляцияға жол берілмейді.

– Біздің қаржылық сауатымыз аса жоғары емес. Егер оқу бағдарлама-сына қаржы сауатын үйрететін пән қосатын болса, қай мемлекеттің тәжірибесін ұсынар едіңіз? 

– Қазір «Кәсіпкерлік негіздері» деген пән енгізіліп жатыр. Қаржы сауатын үйретуге негізделген. АҚШ-тың оқу бағдарламасында инвестиция  бойынша ойын ұйымдастырылады. Ситуациялық сұрақ арқылы ойландырады. Ойын фор-маты жақсы. Біздегі ақсап тұрған нәрсе – қаражатты жоспарлау. Қаржы-қаражат мәселесінде бәрін алдын ала ойлау керек. Алдағы уақытта пәтер алу керек болса, жоспарлау қажет. Мысалы, кітапқа қызықсаңыз, ақшаның бір бөлігін жинау арқылы сатып алуға болады. Қаражатты дұрыс басқара білсең, қажетіңді қамтамасыз етесің. Мен қоршаған ортаға дұрыс қарым-қатынас жасауды қолдаймын. Сол себепті қоқысты сұрыптап, өткізетін жерге алып барамыз. Сол жерде балаларға аздаған тиын-тебен береді. Балаларым осылайша өз қажеттілігіне ақша жинап үйренді. Әдет қалыптастырдық.

– Қарызға ақша алатын жандарға қандай кеңес бересіз?

– Банкті байытуды қою керек. Әр адам өз өміріне жауапкершілікті сезінуі керек. Адам өз қалауларын тежей білуі керек. «Қазір жағдайым келмей ме, ештеңе етпейді. Өмір осымен тоқтап қалған жоқ. Әзірше қалауыма ерік бермеймін. Аса қажеті болмаса, не үшін қарызға аламын? Мен үшін маңыздысы қандай? Қызығушылық па?» – деген сұрақты өзіне қоюы керек. Қаражатты жинап, қолма-қол сатып алған жөн.  Психологиямен жұмыс істеу керек. Не нәрсеге басымдық беретініңізді анықтап алыңыз. Білім алуға инвестиция салсаңыз, құныңыз өседі. Сатып алу қабілетіңіз өшеді. Сана, білім, тәртіп бір жерге түйіседі. Өзім осы жасқа дейін көп нәрсеге шамам жетпесе, маңызды нәрсені елестетемін. Пәтер алу керек болса, пәтер алғандағы сезіміңізді елестетіңіз. Үлкен мақсат орындалады. Таңдау, шешім қажет. Біздің елде кредит деген тегін нәрсе секілді психология қалыптасқан. Әр адам өзімен жұмыс істеуі керек. Ең алдымен өзіңіз өзгеріңіз, сонда ортаңыз өзгереді. Бір нәрсені алғыңыз келсе, бір-екі күн күтіп, оның шын мәнінде қажет екенін сезінсеңіз ғана алыңыз. 

– Қаржылық сауат дегенде ең алдымен үнемдеу ойға оралады. Үнемдеймін деп сараңдыққа ұрынатындар да көп. Оларға не дейсіз? 

– 50-30-20 әдісі тиімді. Ең бірінші, негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етіңіз. Мысалы, студент болсаңыз, жатақхананың ақшасын төлемей, айфон алсаңыз, бұл – сараңдық. Ең алдымен қажеттілік. 30% – достарыңызбен бас қосыңыз, инвестиция жасаңыз. Қалауыңызды ала берсеңіз, ертеңгі күніңіз қиын болады. Қаржылық сауат деген – сараңдық емес, саналы шешім.

– Жастарға айтар кеңесіңіз...

– Шетелге баруға қорықпаңыз. Тәжірибе жинаңыз. Сапалы білім беретін оқу орнында оқуға кеңес беремін. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Перизат ШАДЕН
«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор