• Толағай
  • 10 Қаңтар, 2023

Мырзағали Айтжанов бас бапкерлікке қайта оралды

Жаңа жылдың алғашқы күндері бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері ауысты. Тізгінді жанкүйерлерге жақсы таныс Мырзағали Айтжанов ұстады.

Ал бір жылдан астам құраманы баптаған Қайрат Сәтжанов қызметінен кетті. Ол Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін келген болатын. Жапониядағы Олимпиада ойындарынан кейін бапкерлер штабында «тазалау» басталған. Бұрынғы жүрген жаттықтырушылар алынып тасталған. Олардың арасында Мырзағали Айтжанов та болатын. Дегенмен, бапкердің жеке шәкірті Сәкен Бибосыновтың жетістігі федерация басшылары-ның назарын аударуына себеп болған тәрізді. Енді, міне, екінші мәрте ұлттық құрамаға келіп отыр. Бұрын-соңды бокс құрамасында бір бапкер екінші мәрте тізгінді ұстамаған. Оның үстіне, Айтжанов бұған дейін бас команданы ең ұзақ жаттықтырған маман еді. Мырзағали Құланұлы 1970 жылы 13 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Қарабастау ауылында дүниеге келген. Жастар арасында Кеңес Одағы кубогының күміс жүлдегері, КСРО және Еуропа чемпионы.

«Мен бокспен 1983 жылы 13 жасымнан айналыса баста-дым. Ауылда өскендіктен физикалық әлеуетім жоғары болды. Күні бойы далада жүріп, футбол ойнайтынбыз, арасында алысып-жұлысып та алатынбыз. Қазіргі балалар алдымен бассейн, одан кейін гимнастикаға барады. Ең соңында бокс немесе күреске келеді. Ол кезде спортпен біз өзіміз айналыстық. Боксқа ден қоя бастаған 4 жылдың ішінде КСРО чемпионатының финалына дейін жеттім. Спорт шебері атанып, құрамаға қабылдандым. Арада 1 жыл өткенде КСРО чемпионатында топ жарып, жастар арасындағы Еуропа біріншілігінде үздік шықтым. Жеңіске толы керемет жылдар болатын», – деп еске алады Мырзағали Айтжанов Sports.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Айтжановтың бапкер ретіндегі карьерасы ерте басталды. Ол 26 жасында-ақ жаттықтырушылық жолды таңдады. Арада 4 жыл өткенде Оңтүстік Қазақстан облысының аға бапкері атанды. 35 жасында Қазақстанға әлем чемпионатының қола жүлдегерін сыйлады. Шәкірті Біржан Жақыпов 2005 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында 48 келіде үшінші орынға ие болды. Жақыповтан кейін араға бір жыл салып, тағы бір талантты шәкірті Еркебұлан Шынәлиев жастар арасында әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Келесі жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 81 келіде қола жүлдеге қол жеткізді. Шынәлиев бұл жетістігін 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында да қайталаған болатын.

«Бапкерлік жолды ерте таңдады дегендермен келіспеймін. Өзім балаларға білгенімді үйрете жүріп, қоса жаттықтым. Шынымды айтсам, 1996 жылы Олимпиада ойындарына қатты барғым келген. Бірақ жолым болмады. Сондықтан 1998 жылы қолғабымды біржола шегеге ілдім. Мен дайындаған балалар сол тұста турнирлерден жүлде әкеле бастады. Сосын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аға бапкері ретінде тағайындады. Ұлттық құрамаға келгенге дейін осы қызметті атқардым. Сиднейде біздің облыстан марқұм Бекзат Саттарханов алтын, Мұхтар Ділдәбеков күміс медаль жеңіп алды. Арада 4 жыл өткенде Афиныдан бос қайттық. Дегенмен, екі боксшымыз сол кезде құрамаға ілінді. Ал 2005 жылы өзімнің жеке шәкірттерім халықаралық аренада олжа сала бастады. Біржан Жақыпов пен Еркебұлан Шынәлиев әлем мен Олимпиада ойындарынан жүлде әкелді», – дейді  Айтжанов.

Жалпы, 2000-2009 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының аға бапкері болып қызмет етті. Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстанның құрамасы екі рет Қазақстан халықтары Спартакиадасында топ жарды. Мырзағали Құланұлы 8 халықара-лық дәрежедегі спорт шеберін, 10 спорт шеберін дайындап үлгерді.

Ұлттық құрамадағы 9 жыл

Афины Олимпиадасынан кейін құрама тізгінін Дамир Буданбеков ұстаған болатын. Бірақ 2009 жылы Миландағы әлем чемпионаты Қазақстан боксы үшін сәтсіз болды. Жерлестеріміз Серік Сәпиевтің жалғыз қоласын қанағат тұтты. Чемпионаттан кейін федерацияға жаңадан президент болып тағайындалған Тимур Құлыбаев бас бапкерді ауыстырады. Оңтүстікте жүрген жас маман Мырзағали Айтжанов бас командаға шақырылды.

Айтжанов бас бапкер ретінде ең алдымен 2010 жылы ұлттық құраманы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына алып барды. Ол кезде Серік Сәпиев (69 келі) пен Данияр Елеусінов (64 келі) чемпион атанды. Екеуі де кейіннен Олимпиада ойындарының алтынына ие болды. Жүлдегерлер қатарында Біржан Жақыпов (49 келі, күміс); Иван Дычко (+91 келі, күміс), Данабек Сужанов (75 келі, қола) бар. Жалпы командалық есепте үшінші орын бұйырды.

Кез келген спортшы, бапкер үшін ең басты дода, әрине, Олимпиада ойындары. Мырзағали Құланұлының 4 жылда бір келетін мәртебелі жарыстағы дебюті 2012 жылы Лондонда басталды. Ұлыбритания астанасында екі қазақ боксшысы финалда өнер көрсетіп, біреуі алтын, екіншісі күміске ие болды. Сондай-ақ 1 қола медаль бар.

Ал қазақ боксшыларының және Мырзағали Айтжановтың даңқын аспандатқан 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаты. Алатау баурайында біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы сында Біржан Жақыпов чемпион атанса, Айтжановтың тағы бір шәкірті Қайрат Ералиев қола жүлдеге ие болды.

Алматыдағы әлем чемпиона-тының алдында Иордания аста-насы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қазақ боксшылары өздерінің рекордтарын жаңартты. Финалға шыққан 8 боксшының жетеуі құрлық чемпионы атанды. Тек Әділбек Ниязымбетовтың ғана жолы болған жоқ. Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі.

2014 жылы Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындары боксшылар мен бапкерлер штабына ерекше сынақ еді. Өйткені, бір жыл бұрын құрлық және әлем біріншілігінде Қазақстанның атағы аспандады. Сол тұғырымыздан түсіп қалмау басты міндет болды. Оның үстіне құрамада 64 келі салмақтан басқасында боксшы ауысқан жоқ еді. Кореяға бірінші нөмірлі боксшыларымыздың барлығы түгел барды.

Ең жеңіл салмақтағы Жақыпов Гуанжоудағыдай финалға дейін қиналмады. Бірақ ақтық сында Корея боксшысы Джонгун Шиннен ұтылып, тағы да алтын медаль сусып кетті. Жерлесіміз бұл боксшыны Қытайдағы Азия ойындарының жартылай финалда кездескенде жеңген. Арада төрт жыл өтті. Оның үстіне бұл жолы Шин өз жерінде өнер көрсетті. Аянып қалсын ба? Жақыповты жеңетін бұдан өзге қолайлы уақытты көріп тұрғаны жоқ. Сондықтан «не бел, не белбеу кетеді деп» алға атойлады. Екеуі де 9 минут бойы жанкүйердің айызын қандыратындай жекпе-жек көрсетті. Төрешінің шешімімен Джонгун Шин чемпион атанды. Сөйтіп, Жақыпов екі дүркін күміс жүлдегер атанды. Ал өзге салмақтағы финалистердің барлығы алтынды бірінен соң бірін еншіледі. Бокстан Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Сүлейменов әперді. 69 келідегі Данияр Елеусінов қазақ боксшыларының арасынан алғаш болып, екі дүркін чемпионы атанды. Өзбек ағайындарымыз Елшод Расуловтарын айтып мақтанып жүруші еді. Сөйтіп, қазақтан да осындай чемпион шықты. Данияр финалда өзбектің жас боксшысы Исраил Мадримовты жеңген болатын.

Бүгінгі күні кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Жәнібек Әлімханұлының әуесқойдағы соңғы жарқылдаған кезі осы Инчхон шығар. 75 келіде қарсылас шыдатпаған, Әлімханұлы Азия ойындарында әдемі бокс көрсетті. Үнемі ірі додаларда екінші орыннан әрі аса алмай жүретін Әділбек Ниязымбетов финалда шаршы алаң қожайыны Хонгкью Кимді қиналмай ұтты. Қарсыласы жерлесіміздің мықтылығын мойындап, екінші орынды қанағат тұтты.

Әлімханұлы мен Сүлейменов секілді 91 келідегі Антон Пинчуктің де соңғы рет халықара-лық аренадағы ірі табысы деп Азия ойындарындағы алтынын айтуға болатын шығар. Антон Инхчонда бұған дейін екі рет есе жіберген өзбек Тулагановты, Оңтүстік Кореяның мықтысы Пак Нам-Енді де жарыс жолынан шығарды. Соңғы қарсыласы Али Мазахериді жақсы дайындықтың арқасында жеңді.

Гуанжоуда күміспен шектелген Иван Дычкоға да Азия ойын-дарының чемпионы деген атақ Оңтүстік Корея жерінде бұйырды. Мырзағали Айтжанов тұсында Қазақстан бокс құрамасында үнемі жеңіс ғана бола берген жоқ. Арасында сәтсіздіктер де орын алып тұрды. Мысалы, біздің боксшылар 2011 және 2015 жылғы әлем чемпионаттарынан алтынсыз қайтты. Биыл Индонезияда өткен Азия ойындарында да бірде-бір чемпион шыққан. Осыдан 4 жыл бұрын 6 боксшымыз алтын алып, аз уақыттың ішінде бір алтынға зар болып қалуымыз жанкүйерлердің көңіл күйін түсірген жасырын емес.

Айтжановтың тұсында жұлдызы жанған құрама боксшылары

Мырзағали Айтжановтың тұсында ұлттық құрамада жұлдызы жанған боксшылар жетерлік. Бұл тізімге Серік Сәпиевті қоспай-ақ қойсақ болатын шығар. Ол Айтжановқа дейін-ақ 2 дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген. Өзге боксшылардан бірінші кезекте Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовты айта аламыз. Алғашқысы әуесқой бокстағы барлық атақ-даңққа қол жеткізді. Маңғыстаудың талантты боксшысы Әділбекке тек Олимпиаданың алтыны ғана жетіспейді. Өзгесінің бәрі бар.

Мырзағали Айтжановтың тұсында елге танылған боксшылардың жетістіктері:

Данияр Елеусінов – Олимпиада чемпионы (2016), Әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2010, 2014);
Әділбек Ниязымбетов – Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2012, 2016), Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2011, 2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2014);
Василий Левит – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2016), әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы (2015, 2017);
Иван Дычко – Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2016), әлем чемпионатының жүлдегері (2013 және 2015 күміс, 2011 жылы қола), Азия ойындарының жеңімпазы (2014);
Қайрат Ералиев – Әлем чемпионы (2017);
Жәнібек Әлімханұлы – Әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Азия чемпионы (2013);
Біржан Жақыпов – Әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2010, 2014).
Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Абылайхан Жүсіпов, Антон Пинчук, Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаевтарды қосса да жарасады.

Айтжановтың тұсындағы құраманың жетістігі Олимпиада ойындары –  2 алтын, 3 күміс, 2 қола;
Әлем чемпионаты  –  5 алтын, 8 күміс, 7 қола;
Азия ойындары – 8 алтын, 6 күміс, 4 қола;
Азия чемпионаты – 15 алтын, 7 күміс, 6 қола.

Әлемнің екі мәрте үздік бапкері атанған

Мырзағали Айтжанов қазақ бапкерлері арасында әлемнің екі дүркін үздік бапкері атанған жалғыз маман. Ең алдымен 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатындағы табысы үшін, 2014 жылы Инчхондағы жазғы Азия ойындарындағы табысы үшін АИБА тарапынан осындай зор құрметке бөленді.

Мырзағали Айтжанов бас бапкерліктен кеткенімен, ұлттық құраманың аға бапкерлері қатарында жүрді. Сосын жеке шәкірттерін тәрбиеледі. Арасында Сәкен Бибосыновты ерекше айтуға болады. Ол 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола, Белградтағы әлем чемпионатында алтын медаль алды. Сөйтіп, Мырзағали Құланұлы үш бірдей әлем чемпионын дайындаған алғашқы бапкер атанды. Бұған дейін жеке шәкірттерінен Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев осы белесті бағындырған. 

Бек ТӨЛЕУОВ
«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор