• Толағай
  • 16 Қаңтар, 2023

Португалиядағы әлемдік гран-приге қандай балуандар барады?

Дзюдодан жаңа маусым басталады. Қаңтар айының 28-29-ы күндері Португалия Алмада қаласында әлемдік Гран-При кезеңі өтеді. Бұған Қазақстан құрамасы да қатысады.

Бірінші кезекте жылдың алғашқы жарысы болғандықтан шығар, бапкерлер штабы жастарға көбірек сенім артқан. Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаевтар бұл жарыстан тыс қалды. Дегенмен, тәжірибе балуандардан Жансай Смағұловқа мүмкіндік беріліп отыр. Ол былтыр жарақатына байланысты Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінен қалыс қалған.

Сондықтан 30 жастағы балуанға қайта бабына келу үшін татамиге шығу маңызды. Жансай үшін бұл – соңғы олимпиадалық цикл. Парижге жолдама ала алмай қалса, құрамадан кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар Пиреней түбегінде белдесетіндердің қатарында Дидар Хамза да бар екен. Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін бапкерлер штабы бұл балуаннан көңілі қалғандай көрінген.

Дегенмен, Дидарға тағы бір мүмкіндік беріп көрмекші секілді. Сосын осындай Гран-При, Гранд-Слэм жарыстарында бесінші орыннан әрі аса алмай жүрген Абылайхан Жұбаназар, биыл Қазақстан чемпионы атанған Бекарыс Сәдуақас, Әділ Оразбаев, жүлдегерлер Жамбыл Тұрғынәлиев, Бекзат Шағатаев, Ерасыл Жанатаевтар бар.

Қыздардан ерекше назар аударатыны – Әйгерім Әбілқадырова болып тұр. Ол біраз жыл татамиден қол үзіп қалған. Өйткені, 2016 жылы Еуропа кубогында жарақат алды. Сосын әлеуметтік желіде белсенділігін арттырып, фитнес жаттықтыршылыққа кірісті. Осы аралықта грэпплингтен әлем чемпионы да атанып үлгерді. 2021 жылы «Мисс Қазақстан» байқауына да қатысқан. Бірақ «PlayBoy» журналына сұхбат беріп, суретке түскені үшін байқаудан шеттетілді. Есесіне, былтыр Италияда өткен «Miss Europe Continental-2022» бай-қауының жеңімпазы атанды. Осыдан кейін Әйгерім дзюдодаға оралып, Атырауда өткен ел чемпионатында 52 келіге дейін салмақта топ жарды. Финалда Ақмола облысының өкілі Толғанай Әбеуовадан басым түсті. Енді Әбілқадырова Португалия татамиінде белдеседі. Оның дәл осы дзюдо күресінен әлемдік жарыстарға қатыспағанына көп уақыт болған. Жеті жылға жуық дзюдодан мұндай бәсекеге қатыспаған спортшы үшін жылдың алғашқы бәсекесі оңай болмасы анық. 52 келіге дейін салмақта Ута Абе, Жилес Челси, Река Пап, Дистрия Красники, Амандин Бушар, Диера Келдияарова және т.б әлем және Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Айтпақшы, Португалияға 2022 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Абиба Әбужа-қынова да бар. Қазақстан намысын 22 дзюдошы қорғайды. 

Қазақстан ерлер құрамасы: Жансай Смағұлов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Дидар Хамза (90 келі), Ерасыл Жанатаев (90 келі), Бекзат Шағатаев (100 келі), Бекарыс Сәдуақас (100 келі), Жамбыл Тұрғынәлиев (+100 келі), Әділ Оразбаев (+100 келі).

Қазақстан әйелдер құрамасы: Ғалия Тынбаева (48 келі), Абиба Әбужақынова (48 келі), Толғанай Әбеуова (52 келі), Әйгерім Әбілқадырова (52 келі), Дана Әбдірова (57 келі), Севара Нышанбаева (57 келі), Исмигүл Куюлова (63 келі), Самалай Ерғалиева (63 келі), Анастасия Маякова (70 келі), Анастасия Морозова (70 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Назерке Тілеуханова (78 келі), Камила Берліқаш (+78 келі), Ақерке Рамазанова (+78 келі).

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор