• ҰЛАН
  • 16 Қаңтар, 2023

Сандардың сиқырына сенген жөн бе?

Заман ағымына сай адамдардың өмірге деген көзқарасы да өзгеріп барады. Қазір бәрі болашақты ойлайды, алдағы уақытта өзін не күтіп тұрғанын білгісі келеді. Сондай кездерде адамдар болашағын болжауға мүмкіндік беретін нумерологияға жүгінеді.

Нумерология жайындағы қоғамдық пікір екіге жарылған. Бірі – нумерологияға сену, нумерологтарға жиі жүгіну болса, екіншісі – нумерологияны күнә санау. Өйткені ислам дінінде нумероло-гия  Аллаға серік қосу болып саналады. Әрі нумерологияны псевдоғылым санатына жатқызу да жиі кездеседі. Бүгін осы жайында маман пікірін білу үшін нумеролог Құралай Бақыт ханыммен байланыстық.

– Нумерологияны қазіргі адамдар қалай түсінеді? Шын мәнінде нумерология деген не? 

– Иә, қазір көбі нумерологияны жалған ғылым ретінде қабылдайды. Ал нумерологияның негізін салушы – математиканың атасы Пифагор. Қазір астрономия ғылымы дәлелденген және халық арасында мойындалған. Ал астрология әлі күнге дейін мойындалмай келе жатыр. Нумерология сандарды, адамның туған күнін зерттейді. Адамның туған күні нумерологтар үшін – штрих код. Туған күн арқылы адамның қабілетін, талантын, бағытын анықтай аламыз. Ал адам өз бағытында жүрсе, өсу мүмкіндігі де жоғары болады. Астрономияда планеталар, табиғат құбылыстары адамдардың өміріне қатты әсер етеді деп жатады, сол сияқты сандар да адам өмірінде үлкен рөл атқарады. 

– Қазір адамдарды не аландатады? Cізге қандай мәселемен келеді?

– Әртүрлі. Мәселен, қазір жылдың басы болғандықтан, маған келетін клиенттердің көбі 12 айға болжам жасатқысы келеді. Өйткені кейбір айларда адамның энергиясы көп болуы мүмкін, екінші айда ақшасы шашылады, кей айларда үнемделеді. Соған байланысты алдағы бір жылға болжам алады. Содан кейін клиенттерде ең көп кездесетін проблема – мамандық таңдау. 9 және 11-сынып оқушылары маған көп келеді, яғни туған күн арқылы баланың қандай бағытқа жақын екенін анықтауға болады. Ол өнер адамы ма, спорттың адамы ма, әлде бизнеске жақын ба? Осылай балаларға өз саласын таңдауға көмектесемін. Себебі, мамандықтан шатаспаған ұрпақ – болашақтың кірпішін қалаушы. Балаға мамандығын таңдап беру – ең сүйікті ісім. 

– Сандарға сену қауіпті емес пе?

– Сандарға қатты сенудің қажеті жоқ. Кейбір адамдар сандарға қатты табынып, әмиянына салып, қалтасына салып алып жүреді. Жоқ, олай болмайды. Мен клиенттеріме де айтамын: «Біз жай ғана бағыт-бағдар берушіміз. Ал сіздің өміріңіздің жақсаруы өзіңізге байланысты». Біз Алланың функциясын алмаймыз. Әрекетке – берекет. Негізі клиенттердің көбі қарызға кіріп кеткенде, бизнес ашып, ол жүрмей қалғанда, денсаулығы сыр беріп, энергиясы таусылғанда нумерологтарға жүгінеді. Ал, керісін-ше, ішкі түйсігі жақсы адамдар нумерологтың көмегіне жүгінбесе де болады. Олар өмірінде қандай өзгеріс боларын, қай кезде өздерін сәттілік күтіп тұрғанын жақсы сезеді. Өмірде төрт мезгілдің айналып қайта келетіні секілді, адамдардың да басына түскен жағдайлар араға бірнеше жыл салып қайталанып отырады. Ондай өзгеріс әлемде де болуы мүмкін. Мәселен, дағдарыс жылдары, вирус жылдары және басқа. 

– Болжамдарды тағы қандай тәсілдермен жасауға болады? 

– Көбіне туған күн қатты әсер етеді. Ал адамның есімі оның мінезіне әсер етеді. Мысалы, Қайрат – жуан естілетін есім болғандықтан, бұл есімдегі адамдар қатал болуы мүмкін. Ал, керісінше, Әли есімді ерлер көбіне жұмсақ болады. Р, Қ, А әріптері адамға жігер, сенімділік береді. Сонымен қатар, есімдері жуан адамдардың дауысы да жуан болады. Өздеріңіз байқап көрсеңіздер болады. Бірақ, әрине, адамға 90% туған күн әсер етеді. Көп нәрсе туған күнде жазылады. Бәрі адамның психологиясына, ақпаратты қалай қабылдайтынына байланысты екенін де ұмытпаған жөн. 

– Нарықта нумерологтарға сұраныс көп пе? 

– Иә, сұраныс өте көп. Бірақ барлық нумеролог дұрыс бағытта жұмыс жасайды деп айта алмаймын. Кейбір нумерологтар онлайн клиенттеріне ғаламторда бар ақпараттарды көшіріп жібере салады екен. Олай дұрыс емес. Мен өзім әр клиентке қолыма калькулятор алып, жеке талдау жасаймын, жанымда клиентімнің өзі бәрін көріп отырады немесе онлайн клиент болса, талдауды қағазға қолмен жазып жасап беремін. Осы салада бес жылдық тәжірибем бар, бес жыл бойы осы принциппен жұмыс істеп келемін. Ал кейбір нумерологтар бұл саланы тек табыс көзі ретінде көреді. Нумерология елімізге ең алғаш келген кезде нумерологтар өте аз болған, тіпті, қазақша сөйлейтін нумеролог табу қиын еді. Ол кезде біз нумерологияға хобби ретінде қарап, өз бетімізше ізденіп, қызығып оқыдық. Содан кейін барып айналамдағылардың айтуымен әлеуметтік желіде жүргізе бастадым. Ал қазір, керісінше, бірінші әлеуметтік желілерді ашып алады, одан ол жұмысы қолынан келсе жүреді, келмесе сол күйі қалып қояды. 

– Нумерологтардың айтқаны үнемі дұрыс бола ма? 

–  Басқаларын білмеймін. Өз практикамда менің айтқандарым орындалып жатады. Себебі, маған бірінші рет келген клиент міндетті түрде менімен жұмысын жалғастырады. Қазір нумерология жөнінде ғылыми тұрғыда нақты тұжырым жоқ. Бірақ, исламда болашаққа болжам жасау – Аллаға шек келтіру. Сол себепті, соңғы таңдау адамның өзінде қалады. Алайда, біз әлемдегі ең таза дінді ұстанушылар болғандықтан, барынша дінге қайшы іс-әрекеттерден аулақ болғанымыз абзал.

Аяулым АБАЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор