• ҰЛАН
  • 17 Қаңтар, 2023

Альварестің арманы Мессимен әлем чемпионатында ойнау еді

Былтыр Қатарда футболдан өткен әлем чемпионатында аргентиналық футболшы Хулиан Альварестің жұлдызы жанды. Бала кезінде Мессимен түскен суреті интернетті «жаулап» алды. «Ол тағы да мектептен Мессидің суретін әкелді! Бұл қашанға дейін жалғасады? Үйдің қабырғасы, төбесіне дейін сурет!» – деп анам ұрсып жүр. Анама түскі астың ақшасын суретке айырбастамауға уәде беремін. Бірақ сыныптасыма қазынаны қалай қалдырамын? Ол үшін бір жапырақ қағаз ғана. Ал маған Мессидің суретінен құнды зат жоқ», – деп еске алады Альварес.

Басқа балалар секілді футбол мектебінде оқып, жергілікті футбол командасының мүшесі болуды армандайды. Тату отбасында өмірге келген. Әкесі – жүргізуші, анасы – мұғалім.  Мессиді ерекше жақсы көрген. 2011 жылы Аргентинада Америка кубогы өтеді. Турнир болатын жер ауылынан жүз шақырым алыс. Әкесі бар жұмысын тастап, балаларын футбол алаңына әкелді. Мессиді тікелей эфирде көргісі келді. Оның жолы болды. Мессидің түскі асқа кетіп бара жатқанын көреді. Өміріндегі ең басты сурет осы жерде түсіріледі. Лео өте қарапайым екен. Хулианның қуанғаны соншалық, үйіне жеткенше қиялдап барды. Достарына Леомен дос болып, бірге гол салатынын айтты... Ол арманынан бас тартқан жоқ. Он бір жылдан кейін әлем чемпионатының жартылай финалында гол соғатынына сенді. Ал оған Месси көмектесті.

«ӨРМЕКШІ»

Футболдан балалар арасында кезекті турнир өтеді. «Атлетико Кальчин» клубы «Дефенсоресті» 5:1 есебімен жеңеді. Жеңімпаз жұлдыз Хулианнан тілшілер былай деп сұрайды: 
– Кумирің кім?
– Месси.
– Қандай арманың бар?
– Әлем чемпионатында ойнау! 
Туған жері Кальчинде «Хулиан Альварестің ауылына қош келдіңіз!» деп жазылып тұр. Альварес үш мың тұрғыны бар Кальчиннің нағыз ұлттық батыры. Ауыл тұрғындары футбол жұлдызы емес, тұлға ретінде жақсы көреді.

Әкесі баласының футболға деген ықыласын көріп, арнайы мектеп іздейді. Алғашқы жаттықтырушысы – Рафаэль Варас. Ол күндіз жүргізуші болып жұмыс істейді. Ауылдағы дүкендерге тамақ таситын. Жас кезінде футбол клубында ойнаған. Кешке сүйікті ісімен айналысып, балаларды футболдан жаттықтырады. Ол Хулианның ерекше екенін алғаш байқағандардың бірі. Содан болар көп үміт артты. Өзінен екі-үш жас үлкен футболшылармен жаттығуға мәжбүрледі. «Мен оның жаттықтырушысымын деп айта алмаймын.  Хулиан сияқты ойыншыға қалай үйретуге болады? Тек кеңес бере аласыз. 8-9 жасында төрт-бес қарсыласын жеңіп, рабонамен гол соққаны есімде. Сол кезде балалар арасында мүлдем басқа деңгейдегі ойыншы бар екенін түсіндім», – дейді Варас.

Хулиан ұстазын қатты құрметтепті. Оның көліктен қиналатынын білетін. Өйткені, кішкентай машинасына барлық тамағы сыймайтын. Оған көлік сатып алып, оны әкесіне тапсырады. Әкесі Варасқа хабарласып, кездесуге шақырады. Әкесі көліктің кілтін бергенде, Варас көпке дейін сенбейді. Сосын жылап жібереді. Иә, Альварес бірінші жаттықтырушысына жаңа фургонды сыйға тартты. «Хулиан маған қоңырау шалды. Он минутта үш сөзден артық айта алмадым. Эмоциямды жасыра алмай, көзіме жас алдым. Қолтаңбасы бар футболкасын үстімнен тастамаушы едім», – дейді жаттықтырушы.

Бала кезінде одан допты тартып алу өте қиын еді. «Басқа қалаларға жарысқа барғанда адамдар бірден: «Өрмекші ойнай ма?» деп сұрайтын», –  дейді әкесі. Бұл лақап ат оған сәттілік әкелді. Доппен ойнағанда аяғы көп сияқты көрінетін. Содан «өрмекші» деп атаған. Хулиан арманына жету үшін жаттығудан шаршаған жоқ. Ізденіс пен еңбектің арқасында Аргентина құрамасының шабуылшысы болды.  Команда капитаны – Лионель Месси.

МЕССИМЕН БАЙЛАНЫСТА БОЛДЫ

«Бұл ойын менің арманым еді. Бірақ арманыма қол жеткізгеніме сене алмаймын. Көрерменнің үмітін ақтаға-ныма  ризамын. Еліміз үшін, жанкүйерлеріміз үшін ерлік жасағаныма қуаныштымын», – дейді футболшы.

Аргентина жартылай финалда Хорватияны (3:0) оңай жеңді. Әлем чемпионатының финалына шықты. Хулиан 2014 жылдан кейін екінші әлем чемпионатының екінші финалында ойнады. 60 метр! 7,61 секунд! Осы уақыт ішінде Альварес Мессиден пас алып, екі қорғаушыны, қақпашыны айналып өтіп, гол соқты. Жұлқынған сәтіндегі орташа жылдамдық – сағатына 28 шақырым. Футбол тарихындағы ең жылдам спринт. Әлем чемпионатында сирек кездесетін гол. Максимум сиқыр, минимум математика. Ұлттық құраманың әрбір голына қатысты:

• Бірінші доп: Лионель Мессиге пенальти жасады.

• Екінші доп: алаңның төрттен бір бөлігін сыпырып өтіп, Доминик Ливакович қақпасына гол соқты.

• Үшінші доп: Мессидің сиқырын аяқтауын күтіп, шабуылын дәл соққымен аяқтады.

Аргентинаның екі голында Альварес Мессимен байланыста болды. Өзі жайлы айтқанда Мессиге жиі сүйенеді:

• Реал Мадрид академиясын жіберіп алғанда: «Иә, өкінемін. Еуропаға ертерек баруым керек еді. «Класикода» Мессиге қарсы ойнау оғаш болатынын түсіндім».

Манчестер Ситиге көшу туралы: «Ұсыныс көп болды. Бірақ «Манчестер Сити» мені Хосеп Гвардиоламен қызықтырды. Ол мықты шабуылшылар Роберт Левандовски, Серхио Агуэро және Лионель Мессимен бірге жұмыс істеген».

• Альварес сөресінде ұзақ уақыт Мессидің өмірбаянын сақтаған. Кітапты оқып бітіруге уақыты болмапты. Кейде достары осыны айтып, әзілдейді екен.

• Әлем чемпионаты басталар алдында: «Леоға кубокты алуға көмектесуіміз керек. Біздің елімізде екі футбол иконасы бар – Марадона және Месси. Оның футбол тарихында есімінің қалуына көмектескеніме қуаныштымын».

ЖЕҢІСІН ТОЙЛАМАЙТЫН ФУТБОЛШЫ

Әлем чемпионатынан ерекше өнерді ешкім күтпеген еді. Жаттықтырушысы Пептің өзі таңданғанын жасыра алмапты. «Сити» клубында Холанд жалғыз шабуылшы болған еді. Енді Хулианмен бірге ойнайды. Ол көп жұмыс істейді. Алыс қашықтықтан соққыны өте сирек жасайды. Көмекші шабуылшы ретінде жақсы ойнап, дер кезінде ашылатынына сенім білдіріпті.

Ол ешқашан қарсыласымен қақтығысқан емес. Оны жейдесінен ұстап, итеріп, ұрып-соғатын ойындар болды. Ешқашан ұрысқан емес. Тіпті, ұрсысып та көрмеген, неге ұрып жатқанын сұрамаған. Төрешілер және қарсыласымен  дауласпайды. Голдарын қарапайым тойлайды. Жай ғана жұдырығын аспанға көтереді немесе қолын созады. Бұл ең аз эмоция.

Ең бастысы гол соғып, команда үшін жұмыс істеуді білетін шабуылшы. Нағыз бойтұмар деуге болады. Әлем чемпионатында Хулиан алаңға шыққасын қақпаға бірде-бір рет гол жібермеді. Де Поль Мессидің оққағары болса, Хулиан кумирі үшін тау көтеруге дайын. Алаңда қысыммен жүрсе де сыр білдірмеді. Мессидің жүгіріп шаршауына жол бермеді. Төрт гол соққаннан кейін де көзқарас өзгерген жоқ.  «Алтын бутсыға» ие болды. Жеке басының жетістігін екінші орынға қойды. Месси ойыннан кейін: «Әр ойыншы өте жақсы өнер көрсетті. Бірақ таңдау керек болса, жүлдені Хулианға берер едім. Ол керемет ойнады», –  деді. «Өзімді шебер ойыншымын деп ойламаймын. Мен коман-далық ойыншымын және бапкер таңдаған кез келген рөлге дайынмын», – дейді Альварес.

Дайындаған Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор