• ҰЛАН
  • 17 Қаңтар, 2023

Қаңтардағы ҰБТ: пайдалы кеңестер

Қаңтар ҰБТ-сы басталды. Осыған орай, құрдастарыма өзімнің кеңестерімді ұсынғым келіп отыр. Қаңтар ҰБТ-сы – жылына төрт рет өткізілетін ҰБТ-ның ең алғашқысы. Бұл ҰБТ-ға бола қатты уайымдап, өзіңді жегідей жеу қажет емес. Иә, әрине, дайындал. Дегенмен қатты уайымдамай, байыппен дайындал. Егер грантты армандасаң, қаңтар ҰБТ-сына тек сынақ ҰБТ деп қарауың керек. Ал ақылы оқу орнына түскісі келетіндер үшін бұл ҰБТ маңызды. Сондықтан бұл сынақты өзіңнің деңгейіңді тексеру үшін және сол нәтижеңе еселеп балл қосу үшін, өзіңді тексеру ретінде тапсыру қажет. Мұны барынша ата-анаға да түсіндіру қажет. Кейбір ата-ана  қаңтардағы ҰБТ-сының аса маңызды емес екенін білмеуі мүмкін. Баласына зор үміт артып отырған ата-ана алғашқы сынақ ҰБТ-ның нәтижесі төмен болғанын көрсе, үміті сөніп қалуы мүмкін. Ал бұл уақытта ата-ана мен жақындардың қолдауы – маңызды дүние. 

Уақытты қалай дұрыс таңдауға болады? Жұманың қасиетті, сәрсенбінің сәтті күн екеніне қараушылар көп. Иә, мойындаймын, мен де 
27 қаңтар, жұма күнін таңда-дым. Дегенмен, басыңдағы білім апта күніне қарамайды. Әуелі Аллаға сыйынып, сосын өзіңнің басыңдағы білімге сенуің қажет. Аптаның қай күні болса да, басыңдағы білім сол қалпы, ешқайда қашпайды немесе еселенбейді. Айдың ең басына немесе ең соңына қалу да қажет емес деп ойлаймын. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» болып кетпесін. Бар көшті бастап, қиналып та қалмау қажет. Айдың ортасында, өзіңе қолайлы күнді таңдап ал да, сол күнге дейін күні-түні дайындал. Таңдаған күніңнің ауа райына қара. Тест тапсыру орталығы мен үйіңнің арасы қаншалықты жол екеніне қарап, ыңғайлан. Мәселен, біз тесті тапсыру үшін таң бозынан шығуымыз қажет. Алдын ала жоспарла. ҰБТ-ға екі түрлі уақытта кіруге болады: 

09:00 немесе 14:00. Менің кеңесім – таңғы уақыт. Таңертең миың тыныш болып тұрады. Жалпы, табысты болғысы келетін адамдардың бәрі ерте тұрады. Ерте оянуды әдетке айналдырып, жақсы көру қажет. Сағат 16:00-ден кейін адам миының жұмыс істеуі әлсірейді деген сөз бар. Дегенмен, ыңғайыңа қарау керек. 

Тиімді дайындық сыры. Дайындық үшін түнгі үшке дейін ұйықтамай, шаршап дайындалуға мүлдем кеңес бермеймін. Шаршап, ұйқың келіп дайындалған кез бос әурешілік секілді. Миыңды одан әрі шаршатасың. Оданда неге ұялы телефон ұстамай, ерте ұйықтап, таңертең ерте тұрып, тап-таза мимен дайындалмасқа?! 

ҰБТ-ға дайындайтын біршама курстар бар. Мен де курсқа қатысып жүрмін. Есесіне, тәртіп бар. Тәртіпке бағынған құл болмайды. «Өзім білемге» салынып, нәпсімізді тыя алмай қалатын кездер болады. Сол кезде бойыңа жауапкершілік дарытатын курс пен тәртіпке шақыратын мұғалім-кураторларыңның көмегі тиеді. Сонша ақша төлеп отырып босаңсып кетсең, ата-анаңа қарап, шабыт аласың да, өзіңді қайта қолға аласың. Ата-анаңның «менің балам оқиды, оқуға түседі» деген үміт арта қараған көзі ешқандай мотивацияның орнын баса алмас. 

Есте қалай тез сақтауға болады? Курста емтихан тапсыратын кезде бізге бір апта бұрын «база» жібереді. Онда бір апта өткен тақырып сұрақтарын толық қамтиды. Кейде 30 беттік база болады. Сондағы көп сұрақтың  ішінен 10-ақ сұрақ қойылады. Он сұраққа мүдірмей, қатесіз әрі жылдам жауап беру керек. Өз басым тарихтан төмен алған кезім болмады. Апта сайын жоғары балл жинаймын. Мақтанғаным емес, тек тез есте сақтау үшін не істеу керектігін айтқым келеді. Мен базаны қолым босай салса, қайта-қайта оқи беремін. Сосын әр сұраққа ассоциация ойлап табамын. Қателесемін-ау деген сұрақтарды қағазға жазу арқылы есімде сақтаймын. Диктофонға сұрақты оқып, сәл кідіріп, жауабын айтып, жазып шығамын. Содан оны қосып қойып, жауап беріп, есіме сақтауға тырысамын. Сол пәнге қызығатын адаммен жұптық жұмыс жасап, кітап талдап, куиз тестін орындап, әбден тақырыпты бекітемін. Алладан сұрау, шүкіршілік ету де маңызды. 2023 жылғы түлектерге және өзіме грантқа түсуді тілеймін. ҰБТ-ға уайымдамай, қолымызға суымыз бен шоколадымызды ұстап алып кіріп, еркін тапсырып, жоғарғы балды «изи» жинап тастамадық па?! Бәріңізге сәттілік тілеймін!

Марал ҰЗАҚБАЙ,
Толқын орта мектебінің 11-сынып оқушысы,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор