• ҰЛАН
  • 16 Қаңтар, 2023

«Бала тәрбиесіндегі бір минут ережесі»

«Бала мен ата-ана арасындағы алтын көпір» деген кітап шықты. Авторы – отбасылық тақырыптар бойынша семинар-тренинг өткізуші, «Empathy academy» тұлға дамыту орталығының директоры Елжас Ертайұлы. Автордың айтуынша, бала тәрбиесінде  балаға дұрыс сұрақ, дұрыс шектеу қоя білу керек екен. Сондай-ақ, бала – ата-ананың айнасы. Балаңыз қандай болса (ашушаң, момын, тілазар), сіз балаға солай көрінесіз. Бала ата-анасынан естігенін емес, көргенін істейді.

Кітап жеңіл әрі түсінікті етіп жазылған. Жас ата-аналарға арналған екен. Кітаптан не түйгенін жазып, кеңестерді іс жүзінде сынап көруге арналған тапсырмалары да бар. Бала тәрбиесінде көмекші құрал ретінде қолдануға болады. Керек десеңіз, әр тақырыпқа арналған QR кодтар қойылған. Кодты сканерлеп, видео түріндегі кеңес алуға да болады. Кітаптан алған пайдалы кеңестерді тізбелей кетейін.

1. Баланы бар болмысымен жақсы көру. Балам тыңдамайды, бұзық деп балаға деген сүйіспеншілік өзгермеуге тиіс. Баланың іс-әрекетінен балаға деген қарым-қатынас бұзылмауы керек.
2. Баланы жиі құшақтап, сүю керек. Бетінен, маңдайынан, қолынан сүю керек. Мамандардың пікірі бойынша, баланы ернінен сүю психологиялық жағынан да, физикалық тұрғыдан да дұрыс емес. 
3. Баламен көбірек уақыт өткізген жөн. Әсіресе, бала ата-анасымен бірге ойын ойнаса, жақсы жетіледі. Ойын барысында ойымыз тек балада болуы керек. Көп адам балалық шағын еске алғанда ойына ата-анасымен өткізген қызықты сәттер оралады екен.
4. Отбасылық сағат. Әр отбасы бірге іс-шаралар ұйымдастырғаны жөн. Мәселен, демалысқа шығу, бірге фильм көру, тағысын тағы.
5. Үйіп-төгілген ойыншық – зиян.
«Бала үшін ең жақсы ойыншық – ата-анасы», – дейді Елжас Ертайұлы. Балаға жеткілікті уақыт бөле алмайтын ата-аналар балаларына көп ойыншық алып беру арқылы міндетімнен құтыл-дым деп ойлайды екен. Ойыншық – баламен байланыс орнатудағы қосым-ша құрал. Осыны ұмытпаған жөн. 
6. Бала тәрбиесіндегі бір минут ережесі. Баланы бір минут жоғары көтеру арқылы  ата-ана мейірімін көрсете алады. Бір минут баланы да тыңдау керек. Бала өз ойын, сезімін ата-анаға білдіруі керек. Тап солай бір минуттан артық балаға ақыл айтуға болмайды. Бала жалығып кетеді немесе тыңдамай қояды. Баланың артықшылығын айтып, арасында мақтап қою да артық болмайды. 
7.  Шектеу мен тыйымды шектен тыс қою – бала тәрбиесіндегі үлкен қателік. Балаға істеуге болмайтын нәрселерді түсіндіру керек. 
Сонда ғана оймен ұғынып, дұрыс әрекет етуге тырысады. 
8. Ата-ана сөзін тыңдатпауы керек, ата-ана сөзі тыңдалуы керек. Балаға айғайлап, күш көрсету арқылы дегенімізді істете алмаймыз. Істеді дегеннің өзінде бала ашушаң, өтірікші, ызақор болып өседі. Сондықтан балаға әсер етудің тиімді жолдарын қарастырған жөн. Мәселен, баламен балаша тілдесу, назарын аудару секілді. 
9. Бала көргенін істейді. Ата-ана өзі телефонға телміріп отырып, баланы қинап кітап оқытқыза ала ма? Жоқ, әрине. Бірінші адам өзін тәрбиелеуі керек. 
10. Баланың ортаға бейімделуін қадағалау керек. Кейбір балалар балабақшаға, мектепке, үйірмелерге барғысы келмейді. Көп жағдайда мәселе балада емес, сол ортада болуы мүмкін. Ата-ана соны бақылап, дұрыс шешімге келуге тиіс.

Айнұр АҢЛАМАСОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

407 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор