• ҰЛАН
  • 16 Қаңтар, 2023

Мақсатымыз – «ашылмай» жүрген оқушыларды ортаға бейімдеу

Мықты болғың келсе, өзгенің істегенінен артық істеуің керек.  Олар білгеннен көбірек білуің қажет, үздіктің үздігі болуың шарт. Сондай үздіктердің бірі болып жүрген Жалғас Жаменұлымен таныстырғым келеді. Жалғас Хазірет – Көкшетау өлкесіндегі Jastar.kz дебат клубының көшбасшысы, үздік дебатёр.

– Жалғас, дебатта үздік спикерсіз. Дебатқа қалай келдіңіз?

– Бұрын кәсіби спортпен айналысқанмын. Еркін күрестен спорт шеберімін. Сондықтан дебатқа бастапқыда қосымша хобби ретінде қарадым. Студенттік лигадан бастадым. Ол жерге уақытты тиімді өткізу үшін ғана бардым. Қостанай мемлекеттік педагогика институтында оқып жүрген уақытта түрлі жиналыстарға да барып жүрдім. Өзім тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, ең бірінші бастаған ісіміз «Тарихшылар клубын» құру болды. Оған қоса дебат клубын құрмақ болып, жоба қорғадық. Дебат ойындарына қатысып, алғашқы жұмысты бастап кеттік. Бастапқыда президентіміз Кенжебек мырза болатын. Сол кісімен бірге 2018 жылы мектеп лигасында Jastar.kz деп аталатын дебат клубын аштық.

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласы дебат ойындарынан дамушы қалалардың бірі ретінде көрініп жүр. Біздің мақсатымыз – Көкшетауда дебат ойындарын дамыту, мықты спикерлерді қалыптастыру. Себебі, дебаттың берер пайдасы өте көп. Оны жоғары оқу орнына түскен соң, жетістікке жетіп, көшбасшыға айналып, рақмет айтып келетін түлектеріміздің ризашылығынан байқаймыз. Мысалы, Кенжебек мырза Павлодар қаласында президент, Аружан ханым Көкшетауда президент, Қайсар Алматыда координатор, ал Астанада Сабина, Ислам, Алмас – президент. Біздің түлектер өз саласында көшбасшы  болып жатыр. Дебаттың осындай пайдасы бар. Біздің мақсатымыз – «ашылмай» жүрген оқушыларды, яғни оқуы нашар, «үштігі» көп, ешбір пәннен олимпиадаға қатыспайтын оқушыларды осы дебат арқылы ортаға бейімдеу. 

– Дебатқа қатысқаннан кейін өз бойыңыздан қандай өзгерістер байқадыңыз? 

– Көп жерде даму байқалды. Бастапқы кезде тек қосымша ретінде айналыссам, жұмысқа тұрып, тарих мұғалімі атанғаннан кейін, дебат саласын дамытқаннан кейін жетекші ұстаздар арасында көп жарыста ұтып, жүлдегер атанып, дебат арқылы көп жақсы қасиетті бойыма сіңірдім. Дебат арқылы деңгейіміздің көтерілгенін байқамай да қалдық. Қазіргі уақытта облыстағы ең мықты төрешілердің бірімін. IQ, идея ұсыну жағынан да, аргументтерді қорғап, ребатл беру жағынан да дебаттың бергені көп екені байқалады. 

– Дебатқа жаңадан қосылған адамдарға қандай кеңес бересіз? 

– Ең алдымен, дебатты ұрыс пен айғай деп ойламаңыз. Дебаттың өз ережесі бар. Бұл өте мықты интеллектуалдық ойынның бірі. Мысалы, біз Jastar.kz дебат клубында негізгі идея түсінігін үйретеміз. Идеяны алып шығу, оны миға қондыру дегенді қарастырамыз. Көбі дебатта ең маңыздысы шешендік өнер деген жалған түсінікпен жүр. Иә, шешендік өнердің де осы салаға қатысы бар, бірақ ол бастысы емес.  Біздің басты мақсатымыз – миға идея қондыру. Миыңызға идея қонса, аргументтер де пайда болып, шешендік өнер де қосылып кетеді. Сондықтан дебатқа жаңадан қосылғандарға ең бастысы қорықпаңыздар деймін. Бастапқы уақытта қолыңыздан келмей жатса, жай ойын барысын қарап көріңіздер. Бізде бір жыл бойы дебаттың өтуін тамашалап отырып, екінші жылы облыс чемпионы атанып кеткен окушылар бар. Ал тағы бірі фотограф болып келіп, қазір студенттік лигада республикалық байқауларда үшінші орын алып кетіп жатыр. Бұл – үлкен нәтиже. Сол себепті, қорықпаңыздар, ойнап көріңіздер. Сіздерді мұнда ешкім күштемейді, керісінше, берер мүмкіндігі өте көп. 

– Jastar.kz-тің жетістіктеріне шолу жасасаңыз... 

– Әрбір жарыс бізге үлкен тәжірибемен қоса, көптеген жүлделі орынға жол ашатын мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Jastar.kz-тің жетістіктері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейге де жетіп артылады. Жақында ғана Атырау қаласында өткен республикалық турда біздің оқушыларымыз 3-орын иеленді. Енді жуықта Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Ең қызығы, мен дебатқа бұрын тек қосымша ретінде қарап, студенттік лигада тіпті жарыстарға да дұрыс қатыспай, арасында ғана ойнап жүретін едім. Қазір, орысша айтқанда, «слабый игрок, но хороший тренер» болып кеттік. Себебі, қазіргі уақытта өте көп сапалы тренинг өткізіп жүрміз. Міне, бұрын мен тіпті дұрыс көңіл бөлмеген шағын ойын қазір менің өмірімде ерекше орын алатын Jastar.kz атты шағын отбасыма айналып та кетті. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Тәтті ҚАЙРОЛЛА

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

277 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор