• ҰЛАН
  • 17 Қаңтар, 2023

Жетістікке жетудің жолы

Кейде сәндегі киімге, қымбат телефонға қызығамыз. Жақын досты да жағдайға қарай таңдаймыз. Бірақ, өмірде адамның киімі емес, жеткен жетістігі маңызды. Ал жетістікке жету оңай емес. Мақсатына жеткен адамдардың айтқан ақылы қызық. Солардың біразын іріктеп, өздеріңе ұсынуды жөн көрдік. Жаңа жылға мақсат жазуға көмегі болар, оқып көр.

БИІК МАҚСАТТАН ҚОРЫҚПА

Мықты адамдар алдына мақсат қойып, оны орындауға асығады. Мақсатына жеткен соң тағы бір белесті бағындыруға талпынады. Арманына жеткен сайын бақытты болады. Оларға ешкімде жоқ киім мен көлік қызық емес. Мақсатқа жету жолы көңіл-күй сыйлайды. Адамдар биік мақсаттан қорқады. Оған еш себеп жоқ. Биік мақсатты бірнеше бөлікке бөлеміз. Кішкентай жоспарды орындаған сайын құлшыныс артады. Ең бірінші тәртіп, тағы да тәртіп. Кез келген әдет өзіңе сенім қалыптастырады. Арман мен мақсат екі бөлек. Ойдағы арман мақсатқа айналады. Мақсаттың мерзімі болуы керек. Мысалы, ағыл-шын тілінде өлең жазғың келеді. Бірақ сөйлем құрауда қиналасың. «Екі айда үш шумақ өлең шығарамын» деп мақсат қой. Орындайтын уақыт шынайы болсын. Егер тым қысқа уақытқа үлкен жоспар болса, ми жұмыс істегісі келмейді.

Мақсаттың мағынасы болуы керек. «Не үшін ағылшын тілінде өлең жазғың келеді? Саған қандай пайдасы бар?». Мақсаттың пайдасын нақты білсең, көп ұйықтай алмайсың. Уақытыңды босқа өткізбейсің. Ал мақсаты жоқ адамның өмірі қандай болады? Ол жанында болып жатқан жағдайдың құрбанына айналады. Сенбі күні ұйқыдан тұрдың. Кітап оқимын, анама көмектесемін деген ой жоқ. Құрбың хабарла-сып, базарға бірге барып сөмке алуға өтініш айтты. «Неге бармасқа? Бүгін боспын ғой» деген ой келеді. Осылай бір күнің босқа кетеді. Бұл күннің қалай өткенін байқамайсың. Егер нақты мақсатың болса, көшеге шығайық деген шақыруға бармас едің. Өйткені, сенің алдыңда тіл үйрену, кітап оқу деген жоспар бар.

ӨЗІҢНЕН КЕЙІН НЕ ҚАЛАДЫ?

Мақсаты жоқ адамдар тез шаршайды. Жалқаулық осы жерден шығады. Кейде мақсат өмір бойы спортпен айналысуға мәжбүр етеді. Ал оны қалай қою керек? «Мен нені жақсы көремін? Өмірдің мәні неде? Өзімнен кейін қандай із қалдырамын?». Осы сұрақтарды қойып, жауап ізде. Жауапты қағазға жаз. Ауызша айтылған мақсат – жай ғана ой. Тек қағазға түсірген дұрыс. Жыл, ай, апта және күніне дейін жаз. Дәптер әрдайым қолыңда болсын. Қысқа және ұзақ мерзімді мақсаттар деп бөлуге болады. Өзің жиі көретін жерге мақсатыңның суретін сал. Суретті көрген сайын бос жүруге ұяласың. Көп адам мақсатына жете алмайды. Өйткені, жоспары нақты емес. Мақсатқа қаншалықты жақын қалғанын білмейді. Мысалы, «10 айда 10 кітап оқимын, осы жылдың 1 қарашасына дейін» деп жазып қою керек. Мақсат неғұрлым нақты болса, жетістікті елестету де оңай болады. Егер нақты уақыт қойылмаса, асықпайсың. Ондайда аса күш салудың да қажеті болмайды. Мүмкін емес нәрсені мақсатқа айналдырма. Мысалы, екі жылда ғарышқа ұшу. Бұл өзіңді шаршатады. Өсіп келе жатқаныңды сезуің керек. Сол үшін күшті жағыңды анықта. Көзіңді жұмып, мақсатқа жеткеніңді көргенде тәтті ұйқыңнан оянуың керек.

Ол үшін не істейміз? Каратэден чемпион болғым келеді. Ол үшін не істейміз? Күніне ең кемі екі сағат жаттығу. Құнарлы тамақ жеу. Атақты каратэшілердің әдістерін оқу. Өміріңе өзгеріс әкелетін он сөйлемді жазу. Чемпион болдың. Дубайда өтетін халықаралық жарысқа жолдама аласың. Алғаш рет ұшаққа отырасың. Ағылшын тілінде сөйлеп, жаңа достар табасың. Ата-анаң қуанып, той жасайды. Халықаралық жарыста жеңіске жетсең, «Ұлан» газеті сен жайлы мақала шығады.

«МЕН ІСТЕЙ АЛМАЙМЫН»

Иә, жаттығу жасау оңай болмайды. Телефонда ойын ойнағың келіп тұр. Бірақ сен секілді чемпион болған балалар бар. Олар менің қолымнан келмейді десе, не болар еді? Сәтсіздіктен қорқып, өзіңді болашақтағы жеңіс пен табыстан алыстатасың. Жеңілістен қорықпа. Тәжірибе жинап, күш аласың. Қорқыныш келсе, «Менің қолымнан келеді!» деп қайтала.

Бір адамның жасағанын басқа адам жасай алады. Кейде тым кеш деп жиі айтамыз. Егер қазір мақсатқа жетуден бас тартсаң, болашақта өкінесің. Нәтижеге жету үшін әрекет ету керек. Табыстың кілті – алға ұмтылу. Күнде аз болса да мақсатқа қадам жаса. Ұмытып кетпе! Егер ерініп, кейінге қалдырсаң, ертең де осылай жасайсың. Күн сайын өзіңе қандай нәтижеге қол жеткізгенің жайлы есеп бер. Сен сияқты чемпион болғысы келген адам көп. Олардың жетістікке жету жолын зертте. Бағындырған биігі жайлы әңгімесі саған шабыт беруі мүмкін. Жіберген қатесін оқып, оны қайталама.

БИЛЛ ГЕЙТС ТАБЫСҚА ЖЕТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ПӘНДІ ЖАҚСЫ ОҚУ КЕРЕГІН АЙТТЫ

Билл Гейтс – әлемді өзгерткен адамдардың бірі. Оны достары энергияның қайнар көзі деп атайды. Әкесі заң қызметкері болған. Әке жолын таңдап, Гарвардтың құқық мектебінде оқиды деп ойлаған. Бірақ Билл орта мектепте алғаш рет компьютермен танысады. Осы таныстық оның бүкіл өмірін өзгертеді. Компьютерді зерттеп, кейде сабаққа бармайтын. Ең бірінші жасаған бағдарламасы ойын машинасына арналған еді. Оқушы кезінде ұстаздарына «30 жасымда миллионер бола-мын» деп айтқан. Мақсатқа жету үшін өзін аямай еңбек еткен. Сөйтіп, 31 жасында миллиардер болған. 

Жақында Билл балаларға былай деп кеңес айтты:

«Оқушының дамуына көптеген фактор әсер етеді. Әсіресе, математикаға мықты болса, табысқа жетуі мүмкін. Мысалы, 9-сыныпта алгебраны жақсы оқыса, колледжге түсуге, бакалавр дәрежесін алуға және жоғары жалақы алатын мансапқа ие болады. Алгебраны дұрыс оқымаған оқушының бестен бірі ғана жетістікке жетеді. Мұғалім, студент немесе басқа адамнан математиканың пайдасы жайлы естісең, сенбеуің мүмкін. Өйткені оқушыға есептің өмірінің қай бөлігінің қалай байланысты екенін түсіну қиын. Оқушы сабақта қатарынан әлдеқайда озып кетсе немесе пән қызықтырмаса, оқуға ынтасы болмайды. Ұстаздардан оқушылардың математикадан оқу бағдарламасын қызықсыз әрі маңызды емес деп санайты-нын жиі естимін. Өмірде жетістікке жеткің келсе, алдымен математиканы оқы», – дейді Билл.
 

Дайындаған Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор