• ҰЛАН
  • 17 Қаңтар, 2023

Сүлейман мен Кәрім шахматтан FIDE вице-президентін жеңді

Алматыда желтоқсан айында шахматтың блиц және рапид түрінен әлем чемпионаты өтті. Әлемнің елу елінен шахматшылар
келді. Рапид пен блицтің классикалық шахматтан уақыт жағынан айырмашы-лығы бар. Блицте әр ойын-шыға 3–10 минутқа дейін уақыт берілсе, рапидте ең кемі 10 минут беріледі. Чемпионатқа латвиялық шахматшы, гроссмейстер және FIDE вице-президенті Дана Рейзниеце-Озола келді. Павлодар, Алматы мен Астанадағы шахмат академиясына баратын 24 баламен бір мезгілде шахмат сеансын ойнады.

«Шахмат өміріме көп әсер етті. Мақсатқа жету, көп еңбек ету мен уақытты бағалауды үйретті. Тек шахматта емес, өмірде де жетістікке жеткің келсе, бұл ойын көмектеседі. Ол үшін көп оқып, іздену керек», – деді гроссмейстер.

Дана – Латвияның төрт дүркін чемпионы. Шахматтан қыздар арасында екі дүркін Еуропа чемпионы (U-18), әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері (U-14 және U-18). Экономика және қаржы министрі болған. Даңқты Дананы қазақтың қаршадай екі баласы шахматтан жеңіп кетті. Олар – Ә.Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Кәрім Айтжан мен Павлодардағы №8 Дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Сүлейман Ахмет. Жеңімпаз балалармен сөйлесудің сәті түскен еді.

«ҮЙ ТАПСЫРМАСЫН ТУРНИРГЕ ҚАТЫСЫМ ЖҮРСЕМ ДЕ ҰМЫТПАЙ ОРЫНДАЙМЫН»

– Кәрім, жеңісің құтты болсын! Шахматты қанша жасыңда үйрендің?

–  Шахматты алты жасымда үйрендім. Алғашқы және қазіргі жаттықтырушым – Өкпебаев Ахмет Рустамұлы. Ол кісімен Астанадағы Динара Сәдуақасованың шахмат мектебінде оқып жүргенде таныстым. Қазір Ахмет ағайдың «Chesstar» деген жеке шахмат академиясы бар. Осы академияның оқушысымын. Бастапқыда шахматқа онша қызыққан жоқпын. Ата-анам: «Бір ай барып көр, сосын шешіміңді айт», – деді. Осы уақытта ойынға қызығушылығым оянды. Ахмет Рустамұлы еліміздегі және шетелдегі шахмат шеберлерінен жиі дәріс алуыма көмектеседі. Енді спорт шеберіне үміткер деңгейіне жетуім керек. Сол үшін аянбай еңбек етіп жүрмін.

– Бірінші сыныптан бас-тап жарысқа қатыстың ба?

– Жоқ, ол кезде шахмат жайлы көп айтпайтын едім. Ол кезде мықты ойыншы емеспін әрі айтарлықтай жетістігім де болмады. Мұғалімдер жарысқа баруға рұқсат беретін. Турнирлерге қатысып жүрсем де, үй тапсырмасын қалдырмай орындаймын. Мектепке турнирге қатысқанымды дәлелдейтін сертификат жеткілікті.

– Шахмат қандай пәндерден көмектеседі?

– Тек математикадан көмектесті. Басқа пәндер туралы әзірге ештеңе айта алмаймын.

–  Шахматты жақсы көретініңді қай кезде сезіндің? 

–  Шахмат академиясында бес ойыншымен бір мезгілде ойын сеансын жүргіздім. Барлығын жеңдім. Сол кезде шахматтан жақсы нәтижеге қол жеткізе алатынымды білдім. Бұл ойымды ата-анам да қолдады. Сабақтан қалмауыма мүмкіндік жасайды. Жаттықтырушымен сөйлеседі. Еліміздегі және шетелдегі турнирлерге қатыстырады. Өзіңе ұнайтын іспен айналысу керек дегенді жиі айтады. Кішкентай кезімде жазуды білмейтінмін. Анам мен әжем үй тапсырмасын орындауға көмектесетін. Тапсырманы шешіп, жауабын айтамын. Олар шахмат белгісімен жазатын. Өмірімнің жартысы шахматпен байланысты. Орта есеппен күніне алты сағатымды шахматқа арнай-мын. Шахматты кім үшін ойнайтынымды сұрайды. Барлығы үшін ойнаймын. Оның ішінде өзім, бапкерім, ата-анам да бар. Бірақ бәрінен бұрын өзім үшін ойнаймын.

–  Сенің деңгейіңде гроссмейстер атануға бола ма? 

–  Гроссмейстер деңгейіне жетуге әлі алыс. Бірақ 12-13 жасымда гроссмейстер боламын деп ойлаймын. 18 жасыма қарай қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен деңгейінде мықты боламын деген жоспарым бар. 

–  Бес жылдан кейін өзіңді қалай елестетесің? 

–  Гроссмейстер атанып, түрлі мықты турнирлерде жүлде алып жүремін. 

–  Бір жылда қанша жарысқа қатыстың? 

–  Кәсіпқой шахматшы жылына орта есеппен алты ірі турнир өткізеді. 2022 жылы маңызды жарыс көп болды. 8 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында (классикалық түр) күміс алдым, 8 жасқа дейінгі әлем чемпионатында (шахмат есептерін шешу чемпионаты) қола жүлде бұйырды. U8 Азия чемпионатында блиц шахматтан күміс алдым. Халықаралық гроссмейстерді жеңгенім есте қалды. Сонымен қатар Павлодарда өткен блиц-турнирде шахматтан халықаралық шеберді жеңдім.

–  Есептерді компьютермен орындайсың ба?

–  Үшінші, екінші разряд алғаннан кейін компьютер керек болады. Бұл деңгейде әртүрлі шахмат бағдарламасын жүктеп, файлдарды сақтап, тапсырма орындайды. 

–  Түнде ұйқың келмейтін сәттер бола ма? 

–  Жоқ, ұйқысыздық мүлдем мазаламайды. Кейде аздап шаршаймын. Мысалы, бүгін жаттығудан 19:20-да келдім, 10 минуттан соң шахматтың басқа сабақтары басталды. Азия немесе әлем чемпионаты сияқты ірі турнирден кейін бір-екі күн шахмат ойнамай, толық демаламын.

–  Блицтің қандай пайдасы бар? Балалар блиціне көзқарасың қандай?

–  Блиц жасына емес, шахмат деңгейіне байланысты. Мысалы, маған жаттықтырушым блицті үшінші, тіпті екінші разрядтан кейін ғана ойнауға рұқсат берді. Өйткені бастапқы деңгейдегі балаға ауыр. Ол кезде класси-каны көбірек ойнау керек. Кейде 2-разрядтан кейін де блицке рұқсат бермейді. 

–  FIDE вице-президентін қандай әдіспен жеңдің?

–  Пешканы f3-ке қойып, пілімнің жеңуімен өз пози-циямда жеңіспен қалдым.  

–  Алда қандай жарыс бар?

– Биыл наурызда Қазақстан чемпионатына қатысамын. Сәуірде Грекияда 9 жасқа дейінгі оқушылар арасында әлем чемпионаты өтеді. Одан кейінгі жоспар әлі шықпады. Биыл турнирлерге көп қатыспайтын шығармын. Өйткені, негізгі турнирлер жұп жасқа (8-ге дейін, 10-ға дейін, 12-ге дейін және т.б.) арналады. Осы уақытта сабақ пен жаттығу арқылы ойынның сапасын арттырамын.

Кемел АЙТЖАНОВ, Кәрімнің әкесі:

«КЕЛЕСІ ЖОЛЫ БӘРІН ЖЕҢЕМІН» ДЕЙДІ

– Балаңызды жарысқа қалай дайындайсыз?

–  Ахмет Рустамұлы жаттықтырады. Қажет болса, шахматтан басқа да жаттықтырушыларды қосады. Бірде Қазақстан чемпионатының алдында физикалық жағынан мықты болу үшін біраз уақыт спорт залға апарған. Әлем чемпионатына Қазақстан шахмат федерациясынан балалар құрамасының жаттықтырушысы Евгений Юрьевич Владимиров қосылды. Балаларға жасалған әрбір жақсы іс үшін алғыс айтамын. Турнирге арнайы дайындық жоқ. Кәрім шахмат ойнайды. Әрине, күн тәртібін сақтаймыз. Ұйқыны реттеп, шамадан тыс жүк артпаймыз. Ең алдымен бала екенін ұмытпау керек. Бала болғаннан кейін көңіл көтеруді, ойнауды және үй тапсырмасын орындауды ұмытпауы керек. 

– Мотивацияны калай бересіз?

–  Жаттықтырушымыз кішкентай заттың көмегімен көңілін табады. Жақсы жұмыс істеп, турнирде жеңіске жеттің деп әртүрлі тәттілер береді. Ата-аналар баласының қызығушылығын сақтауы керек деп ойлаймын. Сол үшін күнделікті тұрмыстық логистикадан бастап, оның барлық іс-әрекетін жоғары бағалап, елеулі жетістіктері үшін үлкен сыйлық әперуге уәде беремін. Шахматта өсуінің негізгі мотивациясы – саяхат. Баланы әлемнің жақсы жағын көретініне сендіру. Мысалы, Әлем чемпионатына барғанда Грузияның ғажайып Батуми қаласын көрді. Азия чемпионатының арқасында Балиді көру бұйырды. 

–  Гроссмейстерді жең-генде қандай күйде болды?

–  Кәрім қатты қуанды. Ойыннан мұндай нәтиже күткен жоқ. Жиырмадан астам ойыншымен бір уақытта ойнау сеансы оңай емес. Осындай тосынсыйлар кейде болып тұрады. Бұл «Кәрім гроссмейстер деңгейінде ойнады» дегенді білдірмейді. Бірақ баланың алға жылжуы үшін керемет мотивация екені даусыз. Бүкіл елде «8 жасар бала Латвияның экс-министрін жеңді» деп шулап жатты. Біраз ыңғайсыздандық. Десе де, Дана бәрін дұрыс түсінеді деп үміттенеміз. Ең үздік шахматшылармен ойнауға мүмкіндік бергеніне ризамыз. Кәрімнің де дұрыс түсінгені маңызды. Кәсіпқой ойыншы болу үшін жалғыз талант аз болады. Әлі көп жұмыс істеу керек.

–  Жарыстан жеңілген кезде өзін қалай ұстайды?

–  Кез келген бала сияқты көңілі түседі. Кейін спорттық құлшынысы оянып: «Келесі жолы  бәрін жеңемін», – дейді. 

–  Кәрім секілді баласын чемпион болса деп армандайтын әкелерге қандай кеңес айтасыз?

– Біріншіден, әр баланың бір іске қыры болады. Оның қабілетін тапқанша, әртүрлі үйірмеге беріп көру керек. Жылт еткен сәуле болса, баланы одан әрі қызықтырған жөн. Сосын нәтижесін көруге болады. Екіншіден, жаттықтырушы басты рөл атқарады. Балалар спортында жаттықтырушының деңгейі немесе атағы маңызды емес. Баламен жұмыс істеу қабілетін, ниетін білу керек. Ахмет ағайы балаларды қалай жақсы көрсе, олар да солай жақын тартады. Қазақстан тарихындағы ең үздік шахматшы, шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов: «Деңгей, рейтинг, чемпионат деген – мақсат емес, аралық бақылау. Біз деңгейге емес, үлкен мақсатқа (мысалы, жас гроссмейстер болу) назар аударуымыз керек. Ол үшін дәл қазір даму мен жаттығудың жоспарын құрыңыз. Егер шеберлікке назар аударсақ, ол  өздігінен пайда болады», – деген еді.

Баланың дамуына жауапкершілікпен қарау керек. Ата-анасы көп жағдайда баланың хоббиіне мән бермей, таланты жоғалып кетеді. Біз отбасымызбен Кәрімнің кестесіне қарай жұмыс істейміз. Оның арманын орындап, әлем чемпионы болуына көмектессек дейміз.

«17 ЖАСҚА ДЕЙІН ГРОССМЕЙСТЕР БОЛАМЫН»

Жақында Сүлейманның мектебінде «Ұлы ойындар» жастар фестивалі өтіпті. Ол халықаралық деңгейдегі кәсіпқой шахматшы К. В. Казаковпен бірге бір уақытта 12 баламен шахмат ойнапты. Бір күштінің көп-пен күресуі қызық емес пе? Шахматта бұл ойынды синхронды ойын сеансы дейді екен.

– Сүлейман, есіміңді кім қойды?  

– Есімімді әкем белгілі футболшының құрметіне  қойған. Осман империясының оныншы сұлтаны  Сүлейманды білемін.

–  Шахматқа қай жастан қатыстың? Бірден қызығып кеттің бе? 

–  Бес жастан бастап қатысып жүрмін. Шахмат ойнауды әкем үйретті. Анам мен нағашы әжем қабілетімді байқап, шахмат мектебіне берді. Өмірімде шахматтың маңызы ерекше. Ақыл-ойды дамытуға көмектеседі. Спорттың  арқасында әр қалада достарым бар.  

– Мектепте сенімен тең ойнайтын шахматшы жоқ шығар. Жарысқа жиі қатысасың ба? Сабақтан қалып қоймайсың ба?

– Ұстазым Шұға Амангел-діқызы жеткен жетістіктеріме қатты қуанып, ылғи қолдайды. Сол үшін ол кісіге алғысым шексіз. Біраз достарым мен сыныптастарым шахматқа қызығып жүр. Менің жетістіктерім –  олар үшін жақсы мотивация. Каникул уақытында бос уақытым көп болғасын жарыстарға жиі қатысамын. Оқу кезінде аз қатысуға тура келеді. Бірақ турнирлерде ойнаймын. Себебі турнирге қатысу – шахматшы ретінде кәсіби дамуымның  кепілі. Сабақтан қалмауға  тырысамын.

–  Сабақта шахмат ойнағанның пайдасы тие ме? 

–  Әрине, оқуда көмегі мол. Шахмат есте сақтау, ойлау қабілетіңді, зейін мен сыни ойлауды дамытады. Өлең жаттауда және математикада есептеуде  қиындық болмайды.  

–  Алғашқы жаттықтырушың кім? 

–  Менің алғашқы жаттықтырушым – Олжас Кузаиров. Бірақ ағай Астанаға  көшіп кетті де, ұзақ уақыт жаттығуға мүмкіндік болмады. Десе де, шахматтың алтын ережелері мен базалық білімнің іргетасын қалады. Ол кісіге деген ықы-ласым ерекше.

–  Гроссмейстер деңгейіне қашан жетесің? 

–  Гроссмейстер – шахматтағы ең жоғары дәреже. Бұл биік дәрежеге  17 жасыма дейін жетсем деген арманым бар. Ата-анам менің таңдауымды құптап, әрқашан қолдау көрсетеді. Әке-шешемнің сенімі  маған күш береді.

–  Сен үшін шахмат деген не? Кім үшін ойнайсың? 

–  Шахмат– спорттың интеллектуал түрі. Адамды шыңдайды, түрлі жағдайды сараптауға көмектеседі. Өзім үшін әрі өзіме ұнайтын спорт түрі болғандықтан ойнаймын.    

–  Алматыда өткен әлем чемионаты жайлы айтшы. FIDE вице-президенті Данамен ойын қалай өтті? Қалай жеңдің? 

–  Иә, шахматтан чемпионат  өтті. Оған  50 елдің ең үздік шахматшылары  қатысты. Олардың қатарында әлемнің абсолют чемпионы Магнус Карлсен де бар. Ата-анамның арқасында осындай  маңызды жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Чемпионат шеңберінде түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Дана Рейзниеце-Озоламен бір уақыттағы ойын сеансы өтті. Партия  екі жарым сағатқа созылды. Бұл партияны жеңіспен аяқтадым. 16 жасқа дейінгі балалардың  арасында өткен блиц-турнирде 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында 2-орын иелендім.  

– Балаларға блиц зиян емес пе? Басың ауырмай ма?

–  Менің ойымша, блиц зиян емес, басым ауырмайды, өзіме ұнайды.

– Қандай жарыстарға қатыстың? Шахматтың арқасында шетелде болдың ба? 

– Қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген жарысқа қатыстым. Алғашқы жарыстарымның бірі – мектеп жасына дейінгі балалар арасындағы «Жұлдызды дебют» облыстық шахмат турнирі. Онда 1-орын алдым. Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Ақтөбе, Атырау қаласында болдым. Иә, шахматтың арқасында Ресейдің  Барнаул, Беларусьтің Минск, Грузияның Батуми және Кутаиси қалаларында болдым. Минск қаласында блицтен әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 33 елінен 750-ден астам шахматшы қатысты. 8 жасқа дейінгі 148 ұл баланың ішінен блицте алтыншы орын алдым. 

–  Қарсыласыңды алдын ала танып, оның жақсы ойнайтын «жүрістерін» зерттейсің бе? 

–  Иә, жеңіске жету жолында «қарсыласқа мына дебютты ойнаймын» деп жоспарлап баратын сәттер болды. Өйткені, оның ойын техникасы мен әдіс-тәсілдерін жете білесің. Ұтылу емес, ұту  жолдарын алдын ала ойлаудың пайдасы зор. 

–  Әңгімеңе көп рахмет! 

Дана, Сүлейманның анасы:

«ЖАРЫСТА ЖЕҢСЕҢ, СЫЙЛЫҚ БЕРЕМІН» ДЕП АЙТҚАН ЕМЕСПІН

Сүлейман үш жасында үш тілдің әліпбиін, сандарды жатқа айтатын. Барлық автомобиль маркасын білетін. Өте зерек болды. Маңызды жарыстың алдында қосымша жаттықтырушымен дайындалады. Физикалық жағынан спортпен айналысады, ұйқы режимін сақтайды. Балама «жарыста жеңсең, сыйлық әперемін» деп ешқашан уәде бермеймін. Себебі, Сүлейманның өз мақсаты, арманы бар. Арманына жету үшін жұмыс істеп жүр. Ата-анасының қай кезде де қолдау көрсететінін біледі. Жеңімпаз болуы үшін осы сенім – басты мотивация. 

Алматыдағы чемпионат балама шабыт берді. Дана Рейзниеце-Озоладан басым түскеніне риза болды. Гроссмейстерді ұту жас шахматшыға үлкен абырой. Ол әрқашан байсалды. Жарыстың нәтижесін түрінен біле алмайсың. Бәріне ойланып, сабырмен қарайды. Чемпион болу үшін талант және көп жұмыс істеу қажет. Қандай спорт болса да, баланы қолдауға, ұтылған кезде ұрыспауға кенес беремін. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №3
17 қаңтар 2023 жыл

451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор