• Бірінші байлық
  • 20 Желтоқсан, 2022

Балаға қауіпсіз ойыншық әперудің маңызы

Ойыншықтардың барлығы бірдей пайдалы емес. Зиян келтіретіні де бар. Көбінесе біз баламыз сұраған затты ойланбастан алып беріп жатамыз. Өзін және балаларын қорғау үшін әр адам ойыншық сатып алуға саналы түрде қарауға тиіс. Ол үшін ойыншық сатып алар кезде материалын, жабындысы мен бояуын қарап шығып, заттаңбада таңбалаудың бар-жоғына назар аударып, иістің бар-жоғын және (мүмкіндігінше) ойыншықтардың сыртқы бояуының беріктігін (қолдағы бояу қалдықтары) тексеру қажет. Ойыншықта бала жұтып қоюы мүмкін ұсақ бөлшектер, үшкір бұрыштар мен бөлініп қалатын бөліктер болмауы керек.

Ойыншықпен балалар 12 жасқа дейін (кейде одан да жоғары) ойнайды. Бәріміз канцерогендер, формальдегид, фенол, метанол, сынап, қорғасын деген заттарды естігенбіз, бірақ бұлардың біздің сүйікті ойыншықтарымызға қандай қатысы бар екенін ойлай бермейміз. Бұлар қандай заттар, қандай қаупі бар?

Фенол – қош иістендіргіш көмірсутек. Өзіне тән иісі бар түссіз кристалл зат. Оны фенолформальдегидтегі шайыр, желім, түрлі пластик жасауда және былғары жиһаз өндірісінде, балаларға арналған ойыншықтарды шығаруда пайдаланады. Фенол тері арқылы, жоғарғы тыныс жолдары және асқазан-ішек жолдары арқылы тез сіңеді. Бұл мұрынның бітелуі, бас айналу, бас ауруы, лоқсу, ұйқының бұзылуы, дем жетіспеу және жүректің жиі соғуы сияқты жағдайға әкеліп соғады.

Формальдегид – түссіз газ, өткір иісі бар, суда және спиртте жақсы ериді. Формальдегид шайыр, пластиктер, бояулар, тоқыма өндірісінде  қолданылады, оларды ойыншық өндірісінде де пайдаланады. Ол өте күшті улағыш. Лоқсу, жөтел, бронхылардың түйілуі сияқты реакция тудырады. Формальдегид қатерлі ісік тудыратын канцероген болып саналады.

Қорғасын – балаларға арналған сақина, білезік, алқа, моншақ,  бойтұмар және басқа да әшекейдің құрамында болатын металл. Қорғасынның көмегімен өндірушілер өнімге күмістей жалтырауық береді. Бұндай әшекейлер өте қауіпті, балалар ойыншықты аузына салса немесе байқаусызда  жұтып қойса, қорғасынның ағзаға түсуі ақыл-ойдың дамуына кері әсерін тигізеді, тіпті бала өліміне әкелуі мүмкін.

Балалар кішкентай болғандықтан және денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауап бере алмайтындықтан, үлкендер жауапты болуы керек.
Балаға қорқынышты ойыншықтар әперудің дұрыс-бұрыстығына қатысты да пікірталас көп. Ата-аналарға баланың жасына байланысты шешім қабылдау керек деген кеңес айтамыз. Бала төрт жасқа толғанша қорқынышты ойыншықтарды әпермеуге тырысыңыз. Өте ерте жасында агрессиялық ойыншықтар тек зиян келтіреді. Дәл осы жаста баланың жақсылық пен жамандық туралы көзқарасы қалыптаса бастайды.

Е.ШАШАЕВ, 
Б.ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, 
Д.ЖАРҚЫМБАЕВА, 
Жетісу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас мамандары.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №51
20 желтоқсан 2022 жыл

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор