• Жырақтан білім іздесең
  • 20 Желтоқсан, 2022

«Hello, Jackie Chan family». Қымбаттың оқиғасы

Қымбат Мұрат – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті. Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Қымбат осы жылдың көктем айында Рим қаласындағы Сапиенца университетінде академиялық ұтқырлық бойынша бір семестр оқып келді. Жоғары оқу орындарында көп студент академиялық ұтқырлық бойынша шетелге барып, білім алу жайында білсе де, қалай түсу керектігі жайында толық білмеуі мүмкін. Сол себепті Қымбаттың тәжірибесін негізге ала отырып, «Шетелге оқуға қалай түсуге болады? Ол қалай жүзеге асады? Нені ескеру керек?» сынды сұрақтарға жауап іздеген болатынбыз. 

– Қымбат, Италияның тұрмыс-тіршілігі бізге, әсіресе студенттерге қызық. Ол жақтың адамдары, қоғамы қандай екен? 

– Италияға барғанда алғашында бейімделу өте қиын болды. Әлі есімде, әуежайдан шыққан соң қалаға пойызбен жеттім. Әуежай қаладан алыс. Ал пойыз тура сол жерден жүретіндіктен, сыртқа шыққан жоқпын. Пойыздан шығып, метроға отырдым. Менде интернет жоқ. Ешкімге хабарласа алмаймын. Қазақстандық нөмірім ол жақта істемейді. Жаңа нөмір сатып алайын десем, әуежайда қымбат. Әйтеуір метромен тұратын үйіме жеттім. Шықсам, дала жап-жарық. Қаланың адамдары, архитектурасы, жалпы бәрі басқа. Ескі үйлер. Мен бұрын мұндай үйлерді көрген емеспін. Жолда келе жатқан адамдарды тоқтатып: «Өтінемін, тоқтаңыздаршы. Маған көмектесе аласыздар ма? Шетелдік студент едім», – деп көмек сұрадым. Италиялықтар – ашық адамдар. Барлығы көмектесуге тырысты. Тұратын жеріме барғанда үй иесі, яғни жалға беріп жатқан адам алдымнан шығып, қарсы алды. Менің ауыр сөмкемді алып, үйге кіргізді. Италия халқы эмоцияны сыртқа шығарудың шебері. Сөйлегенде сені мақтап жатыр ма, әлде ұрсып жатыр ма, түсінбейсің. Аздап дөрекілеу естіледі. 

– Қымбат, өзің айтып өткендей, сенде интернет болмады. Мысалы, Кореяның метроларында бағыттың бәрі үстінде жазылып тұрады. Жүруге, қозғалуға өте ыңғайлы. Ал Италияда қалай? Жаңадан оқуға түскендер интернетсіз қатынай ала ма? 

– Шетелде 2GIS жоқ. Оны бәрі білетін шығар. Әуежайда тегін Wi-Fi болады. Соны естен шығармаңыздар. Тегін желі арқылы Google Maps-тан Рим қаласының картасын жүктеп алдым. Содан кейін керекті жеріңізді жазып, көшелердің тармақтарын көресіз. Ол жақта жүру бағыты өте көп. Мысалы,  Алматыда метро негізінен Абай көшесі бойымен жүрсе, ал ол жақта көп. Жасыл, қызыл тармақтар бар. Мен, шыны керек, метромен жүруді Римде үйрендім. Себебі метромен жүрген ыңғайлы. Әрине, басында бағыттардың көптігінен шатасасың. Басында, тіпті, басқа жаққа кетіп қалып, түнде адасып та кеткенмін. Кейін үйреніп кетесің. 

– Бізде шетел азаматын, соның ішінде түрі, нәсілі бөлек адамды көргенде таңданысын жасыра алмай, тіпті, қолмен нұқып көрсететін жағдайлар да кездесіп қалады. Сол сияқты сені көргенде италиялықтар сондай эмоция білдірді ме?

– Иә, білдірді. Италиялықтардың арасында ксенофобтар баршылық. Оларда азиаттарға қатысты алалау бар. Бізді көргенде, мысалы, достарыммен көшеде кетіп бара жатқанда әртүрлі эмоцияны байқадық. Мейрамхана сыртында даяшылар: «Келіңіздер! Бізден тамақ ішіңіздер», – деп шақырып тұрады. Бірде жолда кетіп бара жатқанда бізге «Hello, Jackie Chan family» деп айғайлады.  Қазақша «Сәлем, Джекки Чанның отбасы» деп тұр. Бізде шок болды. Көшедегі жұрт түгел бізге қарады. Не дерімізді білмей, үндемей өтіп кеттік. Осы дүние қатты есімде қалып қойды. Күнделікті өмірде «Нихао» деп амандасатындар да көп болды. Италияда оқып жүріп, бірде Польшаға бардым. Сол кезде досым екеумізге қарап: «Сен қытай шығарсың, ал сен жапонсың ба?» – деп сұраған адам есімде қалды.

– Қымбат, қалай ойлайсың, оларда азиаттарға қатысты мұндай көзқарас неден пайда болды? Бәлкім, олар Азияны тек Қытай ретінде көре ме? Италия халқы Қазақстан деген ел бар екенін біле ме екен, жалпы? 

– Өте қызық сұрақ. Басында маған да бұл тақырып өте қызықты болды. Италиялық досымнан сұраған едім. «Италиялықтар өзінің территориясын белгілегенді жақсы көреді», – деп жауап берді.  Италияда қайда қарасаң да, ту ілініп тұрады. Олар өте ұлтшыл. Кезінде алпауыт Рим империясы болғандықтан, басқа халықтарға сәл  жоғарыдан қарайды. «Сендер қонақсыңдар, келесіңдер, кетесіңдер, ал біз қаламыз» дегенді көрсеткісі келеді. Тағы бір дүниені айтып кеткім келеді. Италиялықтар бізбен бір лифтіге кірмейді. «Prego» дейді, қазақша «бара беріңдер» дегені. Бірақ мұны «ковидтен қорқып қалғанбыз» деп түсіндірді. Ондайды мен қабылдай алмадым. Ал  Қазақстанды біледі екен.

– Осы тұста сенің ойың құнды. Бізде қалай? Басқа бір елден келгендерді құрметтеп, күтіп аламыз. Тіпті, олардың тілінде сөйлеп кетеміз. Бәлкім, бұл біздің менталитет шығар... Бірақ олар сияқты біз де өзімізді біртұтас ұлт ретінде сезінуіміз қажет. Италиялықтардың өзін және ұлтын құрметтеуінен сабақ алсақ болады. Енді оқуыңа келейік. Көп студент акамедиялық ұтқырлық жайында білсе де, қалай түсуге болатынын білмейді. Өзіңнің тәжірибеңді айтып берсең. Италияға қалай оқуға түстің? Бұл жүйе жоғары оқу орындарында қалай жүзеге асады?

– Өз оқиғамды айтып берейін. Оқу жылы басталмай жатып, кураторымыздан жарыс өтіп жатқаны туралы хабарлама алдым. Онда egov арқылы құжаттарды өткізу керектігі жазылыпты. Сұрақтар туып жатса, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары жауап беретінін айтты. Қажет құжаттардың ішінде транскрипт (осыған дейін оқыған сабақтарыңыздың бағасы. Мектептегі табель іспетті. Ол жерде ортақ балл, яғни GPА жазылады), IELTS сертификаты, медициналық анықтама бар. Кейін egov-тан өткен-өтпегеніңіз жөнінде хабар күтесіз. Бірақ, маған ешқандай хабарлама келмеді. Деканның орынбасары қаржы бөлінгенін айтты. Egov арқылы құжат тапсыратын кезде бола-шақта оқитын мемлекетіңізді таңдайсыз. Мен Италияны таңдадым. Таңдау жасағаннан кейін оны өзгерте алмайсыз. Шетелдік жоғары оқу орнымен өзіңіз оқып жатқан университеттің арасында келісімшарт бар-жоғын да алдын ала біліп алған жөн. Таңдаған университетіңіз әлемнің үздік 100 университеті қатарына кіруі керек. Бұл – жаңа ереже.

– Шақырту келді. Саған қаржыландыру бөлінді. Одан кейін не болады? 

– Ең басты нәрсе – шетелден келетін сізді қабылдайтыны жөніндегі хат. Мен оны қалай алдым? Университет сайтындағы International office бөліміне кіріп, электрондық поштасына хат жолдадым. Ол хатты алу оңай емес. Көп уақыт күту керек. Менде басында қаржыландыру мәселесі бойынша қиындықтар болды. Ұзақ уақыт қаржы бөлінуін күттім. Бірақ оған дейін университетке құжат тапсыру керек. Виза мәселесі де қиындау. Негізі, шетелге кетпес бұрын құжаттармен жұмыс істеп үйрену керек. Себебі өте көп құжат керек. Қолыңызда қаржы бөлінгені туралы қағазыңыз болса, визаны тез береді. Қаржыландыруды ұзақ күткендіктен, «менің жеке қосымша ақшам бар» деп визаға өтініш бердім. Ол үшін сізде банкте біршама ақша болуы қажет. Күзгі семестрде тапсырсаңыз, ондай ақпар қажет емес. Бұл тек менің оқиғам.

– Біздің елімізде қаржыландыру қай уақыт аралы-ғында жүзеге асады? 

– Бізде қаржыландыру күзгі және көктемгі семестрде жүзеге асады. Пандемияға дейін көктемгі семестрге қаржы бөлінбеген. Тек күзгі семестрге бөлінген. Бірақ мен көктемгі семестрде барғандықтан, маған берілді. Мемлекеттен белгілі бір сома бөлінді делік. Сол ақшаны тамаққа бөлек, тұратын жеріңе бөлек бөліп береді. Менің жағдайымда күніне тұратын орныма 18 еуро (шамамен 9 мың теңге) жарату керек болды. Немесе ұшаққа 250 мың теңге жарату керек. Сол сияқты әр заттың шектік құны болады. Осы бағадан аспау керек. Асып кетсе, өз қалтаңыздан төлейсіз. Мемлекеттен бөлінген қаражаттан басқа қосымша қаражатыңыз болғаны дұрыс. Оны да ескеріңіз.

– Академиялық ұтқырлық бойынша шетелге оқуға түсу үшін IELTS сертификаты керек. Оны қалай алуға толады? Сертификат алу тегін бе? Оны тапсыру үшін қандай деңгей қажет? Өз тәжірибеңе сүйеніп айтсаң. Сен қалай алдың? 

– Мен IELTS-ты үш рет тапсырдым. Шетелге оқуға түсерде екі рет тапсырдым. Біріншісін өз ақшама тапсырдым. Ол кезде 60 мың тұратын. Ал қазір бағасы өзгерді. Бірінші рет тапсырғанда 6 ұпай жинадым. Маған өзімнің нәтижем ұнаған жоқ. НЗМ түлегі болғандықтан, біздің мектеп тегін IELTS тапсыруға мүмкіндік берді. Ол кезде мектепте тапсырдық. Тағы да 6 ұпай алдым. Үшінші тапсырғанымда 6.5 ұпай жинадым. Жарты ұпай болса да көтерілдім. Тест тапсырмас бұрын, әрине, деңгейді көтеріп алған жөн. Upper-Intermediate немесе Advanced болуы керек. British Council сайтынан қай күндері тапсыруға болатынын көрсеңіз болады. Арнайы күнтізбесі бар.

IELTS төрт кезеңнен тұрады. Айтылым, жазылым, оқылым және тыңдалым. Ең қиыны – жазылым. Тестті барып тапсыруға да, онлайн тапсыруға да болады. Жарнасын төлегеннен кейін тест қай күні, қай уақытта өтетіні туралы хабарлама келеді. IELTS емтиханын қабылдайтын арнайы адамдар болады. Тапсыру процесі ұзақ өтеді. Төлем сайт арқылы онлайн түрде жүзеге асады. Шетелге барар алдында бірінші транскриптке қарайды. GPА жоғары болуы керек. IELTS 5.5 ұпаймен қабылдай береді. Бірақ жоғары болғаны өзіңізге жақсы. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сізге қаржы бөлу ықтималдығы жоғары.

– Италияда қандай оқу орнында оқыдың? Ол рейтинг бойынша нешінші орында? Қай  қалада орналасқан?

– Мен Рим каласында орналасқан Сапиенца университетінде оқыдым. Жақсы оқу орны. Баруға кеңес беремін. Тарихы бай университет. Білім сапасы өте жоғары. Италияның астанасында орналасқандықтан, жан-жақтан келіп оқиды. Бірақ адам көп екені сезілмейді. Себебі университеттің корпустары қаланың әр шетінде орналасқан. Басты корпусы қаланың қақ ортасында. Онда құжаттар жөнінде сұрауға болады. Экономика факультетінде студенттер өте белсенді екеніне көзім жетті. Күніге сайлау, күніге жарыстар өтіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, өмір қызу ол жақта. Шетелдік студент болғандықтан, мені сайлауға қатты араластырмады. Уақытша оқып жатқан соң, оның маңызы да болмады. Шетелдік студенттер қатарында Қазақстаннан бөлек, Польша, Грузия, Ресейден келгендер де болды. Өкінішке қарай, ол жақта журналистика факультеті болған жоқ. Сондықтан ең жақыны – философия факультетіне бардым. Дін бостандығы және гендер бойынша курстан өттім. Өзіме бұл сабақтар қатты ұнады. Себебі ұстаздар өте ашық. Кез келген сұрақты қоя аласың. Қазақстандағы білім жүйесінен бөлектеу. Ол жақта қысылу жоқ. Оқытушылары қарапайым, ежелгі таныстарымыз сияқты. Еркін араласа бересің. «Бұл сұрағың біртүрлі екен, соны да білмейсің бе?» деген әңгіме атымен жоқ. Пікіріңді білдірген кезде дұрыс не бұрыс деп бағаламайды.

– Дін және гендерлік теңдік тақырыбы бойынша дәріс тыңдап, оқып келдің. Италияға бармастан бұрын осы тақырып бойынша ойың қандай болды? Оқып келгеннен кейінгі ойың қандай? Өзгеріс бар ма?

– Бұл тақырыптар елімізде көп ашық талқылана бермейді. Сондықтан менің көзқарасым оларға мүлдем бөлек болды. Италияда дін туралы көп айтылады. Ол жақта дінге қатысты ешқандай алалау, кемсіту жоқ. Барлық дін өкілдерін құрметтейді. Гендер туралы көп пікірталас жасайды. Ол жақта феминистер көп. Әйел құқығын бірінші орынға қояды. Ұлтқа қатысы жоқ дүниелер ол жақта тең.

– Шетелге оқуға түсерде бірінші кезекте ата-анамыз алаңдайды. Қыз бала бол-ғандықтан, ата-анаң жалғыз жіберуге қорыққан жоқ па?

– Сапиенца университетінің бір кемшілігін айта кетейін. Ол жақта жатақхана болған-мен, оны Италияның өзі мемлекеттік грант бөлгенде ғана береді. Оның өзінде ата-анаңның ортақ жалақысы есептеліп, жағдайы төмен отбасыларға ғана беріледі. Сондықтан маған үй табу керек болды. Рим каласынан үй табу үшін spotahome, aribnb, ldealista сайттарынан іздедім. Алаяқтар өте көп. Сақ болу керек. Алғашқы жарнаны бірден аударып қоюға болмайды. Үйді бірінші көру керек. НЗМ бітіргеннен кейін сыныптастарымның көбі Америкаға, Түркияға, Италияға оқуға түсті. Ата-анам 11-сыныптан кейін мені шетелге жібермеді. «Бірінші Қазақстанда оқып ал, кейін магистратураға оқуға түсерсің», – деп айтты. Олар басында мұндай шешімге дайын болған жоқ. Бірақ таныстарымыздың көбі Америкада аман-сау оқып жүргенін көріп, өкініш пайда болды. Сондықтан академиялық ұтқырлық бойынша шетелде білім алуға ұмтылдым. Қатты уайымдаған жоқ. Олар маған сенді.

Мен интровертпін. Рим қаласы мінезімнің ашылуына көп септігін тигізді. Адамдар ол жақта көңілді. Далада жиналып, ән шырқайды. Мұның бәрі көңіл-күйдің көтеріңкі болуына әсер етеді. Менің бір байқағаным, Римнің күндізгі өмірі мен кешкі өмірі бірдей. Туристер өте көп. Кафелер түн бойы жұмыс істеп тұрады. Оның бәрі қауіпсіз. Себебі полиция кірпік қақпай қызмет етеді. Бірде Венеция қаласынан Римге қайтып келе жатқанымда, автобуста бір жағдай болды. Бір қызға бөтен жігіт тиіскен екен. Қыз полицияға хабарласты. Біздің ешқайсымызды автобустан шығармай, полиция келгенше ұстады.

Туыстарым сақ болу керегін айтып, әбден қорқытқан еді. Ал шын мәнінде Италия ондай қорқынышты емес. Бірақ, сақ болу керек. Тағы бір кеңесім, шетелге кететін кезде өзіңізбен бірге дәрі-дәрмектеріңізді ала кетіңіздер. Себебі ол жақта дәрілер өте қымбат. Әрі дәрігердің рұқсат қағазымен ғана беріледі.

– Біз шетелге оқуға баратын кезде бірінші ақша мәселесін ойлаймыз. Ол жақта тамақтануыңа айына қанша қаражат кетеді екен? 

– Мен Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталған кезде бардым, оның бәрі Еуропаға әсер етті. Еуро қымбаттай бастады. Инфляция қатты байқалды. Мен аптасына орта-ша есеппен 16 еуро (шамамен 8 мың теңге) жұмсадым. Италияда бәрі қымбат. Астанада тұрғандықтан, қымбатшылық қатты байқалды. Ең арзан зат 1 еуродан (500 теңге) басталады. Күнде тұтынатын нан бағасына келетін болсақ, ол жақта нан біздікіндей үлкен бөлке емес. Кішкентай ғана кесілген нан 1 еуро (500 теңге) тұрады. Алматыда студенттер қоғамдық көлікке 40 теңге төлейді. «Оңай» картасы болмаса ғана 150 теңге. Ал ол жақта бір билеттің бағасы – 750 теңге. Оны тек бір-ақ рет қолданасыз. Күнделікті бір реттік билетті қолдану өте тиімсіз. Қалтаға салмақ түседі. Сондықтан мен арнайы карта алдым. Оның бағасы 30–35 еуро (15 мыңнан 17 мыңға дейін). Біздікіндей ақша төлегеніңді тексеретін адамдар өте сирек кездеседі. Сондайда жол ақысын төлемегеніңізді білсе, қомақты айыппұл салады. Қаражатыңыз аз болса, қаланың орналасуына, оның мәртебесіне қарай оқу орнын таңдауға кеңес беремін. Мәселен, менің достарым Лечче қаласына оқуға түсті. Бұл қала Италияның оңтүстігінде орналасқан. Онда билет бағасы 500 теңге тұрады. Көріп отырғаныңыздай, Рим қаласынан біршама арзан.

– Осы сапарыңнан қандай ой түйдің? Алып-қосатын ойларың бар ма?

– Италиялықтар, менің байқауым бойынша, бүгінгі күнмен өмір сүреді. Біз болашағымызды ойлап, көп мүмкіндікті дұрыс қолданбай жатамыз. Мен бір түсінгенім, әр адам шетелдегі өмірді көруі керек. Басқалар қалай өмір сүретінін көріп, сондай өмірге ұмтылу керек. Ол жақта өмір сапасы жоғары. Демалыстың не екенін біледі. Италиялықтар бәрін асықпай жасайды. Ол жақтың адамдарының мәдениеті жоғары. Мұражайларға үнемі барады. Оларда киноклубтар өте көп. Италиялықтар ескі фильмдерді көріп, бірге отырып талқылайды. Мәдениетті демалудың не екенін біледі. Автобуста үлкен кісілерге орын бермейді. Неге десеңіздер, мұндайды «менің күшім аз екен ғой, әлсіз екенмін ғой» деп қабылдайды. Бірақ, білім жағынан олар мықты. Байқауымша, математика саласын жақсы біледі. Оқырмандарға айтатыным, мүмкіндікті қалт жібермей, қолданып қалыңыздар. Негатив тыңдамаңыздар. Үнемі позитив ойлаңыздар дер едім. Сәттілік тілеймін! 

– Қымбат, саған көп рақмет! Болашақта сенен көп үміт күтеміз. Арманыңа жет! 

Сұқбаттасқан 
Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №51
20 желтоқсан 2022 жыл

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор