• Сырсандық
  • 06 Желтоқсан, 2022

Абай Қомар. «Апперкот» (жасөспірімдерге арналған мотивациялық әңгіме)

Кіріспе

«Хабар» арнасынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген «АППЕРКОТ» атты қысқаметражды көркем фильмінен өзімді көрген сәттегі қуанышымды көрсеңдер ғой! Иә, өмірімде мұндай бақытты бастан кешіріп отырғаным осы шығар. Қазір менің спорттық даңқымды ауыл тұрмақ, бүкіл ел біліп отыр. Менің сөзіме сенбесеңіздер, YouTube желісіне «Апперкот» деп жазып, іздеп көрсеңіздер болады. Фильмнің бас кейіпкерінің прототипі ауыл балаларын кикбоксингтен облыстық, республикалық деңгейге жеткізген жас маман Абай Қомар жайлы болғанымен, онда менің өмірлік жолым баяндалады.
«Ақан, жарайсың!»,

«Әлем чемпионы бол!», «Ауылымыздың атын шығара бер!» деген тәтті тілектер қатары Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшама толассыз келіп жатыр. «Жүз мың теңгең болғанша, комментарий жазатын шынайы жүз жазылушың болсын» деп іштей мақалдап қоямын. WhatsApp желісімен де құттықтаулар келіп жатыр.  Қап, әттеген-ай, дәл осындай үлкен жетістігімді мектебім мақтан етіп, мерейімді өсірер шақтың короновирус індетінің өршіп тұрған кезімен тұспа-тұс келіп қалғаны-ай! Әйтпегенде мектеп директоры жиналыс жасап, бізді ортаға шығарып, басқа оқушыларға үлгі етер еді. Директорымыз сөзін әдеттегідей орысша бастап: «Дорогие мои! Сегодня у нас большое событие. Наших учеников, спортсменов показали на большом экране. Это первый очередь заслуга их учителей», – деп біздің сынып жетекшімізді ортаға шақырып, бір құшақ гүл сыйлап, ол кісіге ерекше құрмет көрсетер еді. 

Иә, біздің апай оған әбден лайық жан! Себебі сабақ үлгерімі жағынан да, тәртіп жағынан да біз үшін талай рет сөз естіп, ескерту алғанымен, қашан да жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүретін «Ұстаз» атты ұлы есімді ұлықтап жүрген жаны таза, жүрегі кең, абзал жан! Артынша мектеп директоры жақсы тәрбие бергені үшін деп ата-аналарымыз-дың атына жазылған «Алғыс хатты» табыстап, әрқайсымызға табыстар еді. Кезек маған келгенде: «Ой, Аканчик, ты у нас большой молодец! Знаешь, теперь ты гордость нашей школы!» – деп мақтар еді. Сосын фотоаппаратын қолына ұстап жүрген програм-мист жас ағайға: «Ну-ка, Акана лично сфотографируйте и повестье его фото на стенд «Гордость нашей школы», – деп барлығының көзінше менің мәртебемді көтеріп қояр еді.

Осы қошеметтің бәрін сырттан бақылап тұрған мектеп инспекторы да: «Негізі осы баланың ешқандай бұзықтығы жоқ. Тәп-тәуір бала екенін ішім сезіп  жүретін», – деп іштей ойға қалар еді. Артынша маған жақындап: «Жарайсың, Ақан! Қарашы, бұрын қандай тентек едің? Спорттағы тәртібің мен еңбегің арқылы елге танымал болып қалдың», – деп ол да мені бір мақтап қояр еді. Мен болсам:
 – Иә, әрине, лейтенант мырза! Тентектік кімнің басынан өтпейді? Еркек кіндіктің бәріне тентектеу болған жарасады ғой! – деп сөзімді Мұхтар атамның өлең жолдарымен қуаттай түсер едім: 
«Бәлкім жаға жыртылуы,
Дей көрме оны тентектік,
Тентектік болып көрінеді,
Кейде нағыз еркектік!». 
Еһ, қиялға ерік берсем осы. Өмірде болмаса да, болғанын жан-жүрегіммен қалайтын тәтті қиялдың құшағында қалатыным бар. Ал егер құр қиялды қойып, шындыққа тура қарасақ, менің басымнан сан рет сотқарлық, талай рет тентектік өткен. Тіпті мені мектептен шығарып, интернатқа ауыстырмақшы болған. Өмір деген қандай қызық, ә?

Бір-ақ күнде танымал болып шыға келдім. Бүгін танымал болдым екен деп, келіп жатқан құттықтауларға масаттанып кетпей, қолыма қалам алуымның басты мақсатын айтайын. Фильм түсіруден аз да болса хабары бар көрермен қысқаметражды фильмнің уақытына автор ойының әр сәтін қалыс қалдырмай қамтудың мүмкін емес екенін жақсы біледі. Сондықтан болған жайттарды ақ қағаз бен қалам арқылы жеткізейін деп шештім. Егер жас оқырмандарымнан алдағы уақытта сұраныс туып жатса, мен том-томдап толыққанды повесть арқылы оқырманмен қауышуға дайынмын!

І
«Иттің баласы, тоқта!» – деп артымнан қуып келе жатқан қуғыншыға ұстатпай қашып келемін. Қабаған төбет иттен қашқан сәттерің болған шығар. Бірақ артымда қуып  келе жатқан төбет ит емес, менің сыныптасым Ернаттың әкесі Аюбай еді. «Әркімге өз үйі – қорған» дегендей, бесқабатты үйдің кіреберісіне зыр етіп кіріп кеттім. Қырсыққанда күнде көтеріліп жүрген табалдырықтар төртінші қабатқа жеткізер емес. «Дәл қазір Аюбайды бағытынан адастыруым қажет», – деген оймен үйіме кіргендей болып есікті қақтым да, бірден бесінші қабатқа көтеріліп, үйдің шатырына шығып кеттім. Аюбай үйдің есігін ашпасымды біледі де, есікті қағып-қағып, амалы қалмаған соң сабасына түсіп, қайтады. Бейне бір, тілі салақтап, күні бойы жүгірген тамағынан айырылған төбет ит секілді. Не керек, ойлағаным іске аспай қалды. Үйге күнде жұмысынан кеш келетін анам бүгін ерте келіп қойыпты. Енді, міне, мен үшін тағы да сөз естуге тура келіп тұр.
–  Балаңыз бетімен кеткен, тәрбиеден жұрдай. Не істегенін білесіз бе?! 
–  Сәлеметсіз бе! Не істепті? 
– Мәшинемді бүлдірді, мәшинемді. Төлейсіз! Сотқа беремін! Қайда өзі? Аяқ-қолын сындырамын! 
– Аяқ-қолын сындыртып қарап отыратындай, баламды балшықтан жасап алған жоқпын. Абайлап сөйлеңіз!
Жарайсыз, анашым! Мұндай бәлеқорлармен осылай сөйлесу керек! Әрине, бұл бар болғаны менің ішкі ойым ғана еді...
– Бәрібір төлетемін! Балаңызға қараңыз! Қарай алмасаңыз, тәрбиелейтін еркек табыңыз! – деп тайып тұрды. Бұл сөздер анамның жанына батты-ау деймін, артық ештеңе демей, үнсіз қалды. 
Қайран әкем! Сіз тірі болсаңыз, Аюбайлар азуын батырмақ тұрмақ, маңайымызға жақындамас та еді ғой. Менің кінәлі емес екеніме сенер едіңіз. Себебі бірінші болып тиіскен – Аюбайдың баласы Ернат. Мені көшедегі балалардың көзінше «Ақан, Ақан – Тарақан», – деп мазақ қылған. Осы неге менімен қатарлас балалар өз бетімен тыныш жүргендерді мазақ қылуға, кемсітуге, жанын жаралауға жаны құмар? Мазақ қылғаннан гөрі мақтап, қорлап жүргенше қолдап жүрсе несі кетеді?! Бұл жолы буырқанып тұрған намысымды ішіме бұғып қала алмадым. Жүгіріп барып ендігі мазақ қылмайтындай етіп, көкесін танытқан едім. Шамалыдан соң, әкесі Аюбай жетіп келіп мені жұрттың көзінше «Жетесіз!» деп кемсітті емес пе?!

«Бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді» деген осы шығар. Ернаттың қанша қылықтарын елемей жүргендегі ұстамдылығымды бір рет өзімді қорғағандағы іс-әрекетім жуып кетті. Оны ескерген ешкім жоқ. Осы айтатынын айтып, бүлдіретінін бүлдіріп алып, әке-шешесінің артына тығылатын балаларды түсінбеймін. «Қолмен істегенді мойынмен көтеру» деген ұғым бар  ғой. Жарайды, Ернаттың әкесіне барып айтқанын «балалығы» деп түсінейік, ал әкесі Аюбайдың ісін қалай түсінеміз? «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей-ақ, мән-жайды білмей тұрып, көрсетіп кеткен өнері осы. Неге бұлай жасайды?

Әке, мен Аюбайдың бұл әрекетін құптай алмадым. Сондықтан кеш бата оған қарсы соққы жасауға бел будым. «Жауды жеңу үшін жанды жерінен соққы жасау керек» деген тәмсілді ұрандатып, Аюбайдың жанындай жақсы көретін «Ауди» мәшинесін сырып, дөңгелегін жарып кеттім. Міне, Аюбайдың мені қуалап келіп, анамды жерден алып, жерге салғандағы себебі сол еді. 

ІІ
Үйге аяқ басқым келіп тұрған жоқ. Соңғы рет Сырым деген баламен болған оқиғада анамды қатты ренжіткенім бар еді. Ол кезде де менің жазығым болған жоқ. Көлде шомылып жүрген едік. Сырым «күресейік» деп шақырды. Ол менімен қатарлас,
күші көп шымыр бала. Алғашында сәл жүрексінген едім, бірақ қоршап тұрған балалардың көзінше есемді жібермеуім керек деген табло жарқ ете қалды. Әдетте мұндайда күреспеймін десең, сені қорқақ деп мазақ қылатын болады. Бойыңнан жігіттік мінез және рух табылмаса, сені көшеде ешкім сыйламайтын болады. 

Бұл – көше заңы. 
Шеңберлеп қоршап тұрған балалардың ортасына Сырым екеуміз күресуге шықтық. Мен қол алысуға қолымды создым. Балуандар жарыста күресер алдын бір-бірімен қол алысатынын теледидардан көргенмін. Бірақ ол бірден қолымнан шап етіп ұстай алды. Екеуміздің жұлқыласуымыз басталып кетті. Әйтеуір ол мені итеріп әлек, бір-екі рет шеңбердің сыртына шығарып та тастады. Шегіншектеп жүргенім болмайды. Өзін бір қақпанға түсіруім керек деген оймен бар күшімді жинап, аяқтан шалу әдісін қолданып, жерге басымен бір-ақ қададым. Оған басында мән бермеген едік. «Басым-ай, басым!» деп жылап жібергенде ғана тоқтаусыз ағып жатқан қып-қызыл қанды қолымен тоқтатуға тырысқан аянышты Сырымға назарымыз ауды. Сырым абайсызда жердегі кішкентай тасқа басымен түскен екен.

Бұл, түсіне білгенге, абайсызда болған оқиға. Мен оның басын әдейі жарайын деп, сол бір тасқа әкеліп жыққан жоқпын ғой. Бірақ мұны кімге дәлелдейсің?! Бала болсаң осы, дұрыс істесең де, теріс істесең де кінәлі сенсің. Сол оқиғадан соң мені Сырымның анасы жайыма қалдырмасы бесенеден белгілі. Баласының басының жарылғанын менен көріп, арызданып, полиция бөлімшесіне барған екен. Әйтеуір, тағы да менің анам шырылдап алдына барып, өлердегі сөзін айтып, кешірім сұрап, үлкен бәленің алдын алып қалған. Бірақ полициядағылар: «Егер тағы қайталанатын болса, балаңызды интернатқа берген дұрыс», – деп кесіп айтқан.

Қой, бұлай тұра бергенім болмас. Не де болса, көреті-німді үйге кіріп көрейін деп табалдырықтан аттадым. Сырт киімімді шешіп, төргі бөлмеге қарай өте бергенімде, ас бөлмеде анамның  көзіне жас алып отырғанын байқап қалдым. Жүрегім беймәлім күйге еніп, жасаған қылықтарымның барлығы көз алдыма келді. Анамның мен үшін жылап отырғаны намысыма тиді. Сол көріністен кейін жоғарыда тілге тиек еткен «көше заңы», «өзіңді сыйлату», «жігіттік ұрыс-төбелес» секілді түкке тұрғысыз нәрселердің соңынан жүріп, мен үшін шынайы жанашыр жалғыз жанның, өмірдегі баға жетпес құндылығымның көңіліне кірбің түсіріп жүргенімді қалайша байқамағанмын?! Шіркін, Хәрри Поттер секілді «Сиқырлы таяқшам» болса ғой. Уақытты артқа шегіндіріп, бәрін орнына қойдырар едім. Иә, мені мазақ қылған Ернаттан да, мені кемсіткен әкесі Аюбайдан да өш алмас едім. Менің келгенімді байқап қалып:
 – Балам-ау, келдің бе?! – деп көздің жасын көрсеткісі келмей, тез сүрте қойды да, дастарқан үстіне тамақ қоя бастады. 
– Қолыңды  жуып келе ғой, тамағымызды ішейік, балам! 
– Қазір, анашым. Міне, келемін. 
Анам шәй беріп отырып, бүгінгі әңгімені жәймен қозғады.
 – Балам, үйге әлгі Аюбай келіп, «қырамын-жоямын» деп кетті. Маған не бүлдіргеніңді айтқың келмей ме?! 
– Анашым, шын айтамын, өздері бірінші бастаған, – дедім де, барлығын бастан-аяқ айтып бердім. Анашым сөзімді бөлмей, аяғына дейін тыңдап болып, біразға дейін үндемей отырды. 
– Сен маған әкеңнен қалған аманатсың! Егер сен дұрыс жолыңды таппай мені ренжітсең, аналық батамды беріп, разылы-ғымды шын жүректен айту маған өте қиынға соғады. Осыны есіңде сақта, балам! – деп кесіп айтты. Сол сәттен бастап «бұдан былай біреуден кек алуды мақсат етпеймін, өздері келіп шүйліксе де, олардың деңгейіне түсіп, анам-ның көңіліне қаяу түсірмеймін» деген тоқтамға келдім. 

ІІІ
Кешегі кешкі астан соң ерте ұйықтап қалдым. Анам мені таңертең ұйқыдан тұрғызып, бір жерге баруымыз керектігін айтты. Мен үнсіз жинала бастадым. Сыртқы қабырғалары түсейін деп тұрған екі қабатты ғимарат есігінің жақтаушасында үлкен әріптермен «СПОРТ ЗАЛ» деп жазылып тұрған ескі ғимаратқа келдік. Жақында кентімізде «Кикбокс» үйірмесі ашылып, біраз бала қазір осында бокстасып жүр дегенді естіген едім. Анам екеуміз боксты үйрететін бапкерге жолықтық. 
– Сәлеметсіз бе? Баламды спорт үйірмесіне жазайын деп едім. 
– Төртінші...  Жүр, сен мына жерге отыра тұр.      
– Түсінбедім, неге «төртінші»?! 
– Бүгін бокс үйірмесіне келіп жазылған төртінші бала. 
– Бұл менің жалғыз балам еді. Өскен сайын есерсоқ болып бара жатыр, – деп анам болған жайтты еш жасырмастан айтып берді.  
– Жақсы, сіз уайымдамаңыз! Қалдырып жүре беріңіз. Бәрі жақсы болады! – деп бапкер сенімді түрде жауап қайтарды.
– Рақмет. Сау болыңыз! – деп анам мені тастады да қайтып кетті. Анам кеткен соң ағайдың назары бірден маған ауды:
– Ауыстыратын киімдерің болса, анау бөлмеде ауыстыруыңа болады, – деп шеткі бөлмені нұсқады. 
Киім ауыстыратын бөлме тар және тердің күлімсі иісі аңқып тұр. Оның үстіне тасқараңғы екен.

 Бұл жерге өз еркіммен келмеген соң, әрине, бірден үйге қайтқым келді. Бірақ кешегі анамның қабағын мұң шалып отырғандағы көрініс артқа шегінер жолдың жоқтығын еске салды. Киімді ауыстырған соң, сапқа тұрдым. Бізге қарама-қарсы ортада жалғыз тұрған бокс бапкеріне енді ғана назар аудара бастадым. Бойы сұңғақ, жауырыны қақпақтай, иығы тоқпақтай! Үстіне ата-бабалары-мыздан қалған батырлар киімін кигізсе, сақтардың сарқытындай батыр тұлғалы кісі бола қалайын деп тұр екен. Үстінде «Қазақстан» деген жазуы бар көк-сары спорттық киімі бар. Ол көп созбай, әңгіменің әлқиссасын былай бастады:

– Сендер бұл  жерге әртүрлі себеппен келдіңдер. Мүмкін араларыңда өз еркімен келмеген жігіттердің болуы да ғажап емес. Бірақ, менің айтарым: өмірде әрқашан өздеріңе мүмкіндік беріп көріңдер! Мүмкін, осы жаттығу залында алған білімдерің мен тәрбиелерің өмірдегі үлкен шешімді дұрыс қабылдауға септігін тигізіп қалар. Сондықтан бүгін жаттығуға аяғына дейін қатысыңдар. Егер құлшыныстарың болмаса, ертеңнен бастап жаттығу залына келмесеңдер де болады. Яғни, іштегі «желанияларың» болмаса, – деп соңғы сөзін орыс тілінде қосып қойды. Бұнысын бізге күрделендірмей, өз тілімізде түсіндіруге тырысқаны деп ұқтым.

Мына бапкер мықты сөйлегенімен қоймай, жаттығуда да мықты қинайды екен. Жаңағы сөздерін неге айтқанын алғашқы жаттығулардан-ақ түсіне бастағандаймын. Еһ, екі сағат бойы бір орында жүгіру, отырып тұру, бокстың жаттығуларын ауада ұрып жасау... Айта берсең, өте көп. 

Жаттығу тәсілдері мүлде бөлек. Жаттығу аяқталып, залдан шыққаннан кейінгі бар ойым «енді бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін» деген сөзге саяды. Аяғым өзіме бағынбайды. Бейне бір мас адамның жүрісі секілді талтаң-талтаң етіп келемін. Шешемді көндіремін қайтсем де деген оймен арпалысып келе жатқанда, үйге қалай келгенімді де аңғармаппын.

ІV
Ойбууу, бүкіл денем ауырып жатқаны-ай. Құдды бір жасаған бұзықтықтарымның бәрін жинап алып жазасын күні-түні ұрғылап бергендей күй кешіп жатырмын. Бұрын-соңды бұлшықетім дәл бұлай ауырған емес. Кикбокс мұғалімі де алғаш келген балаға аяушылық жасаса болады ғой. Мұншалықты қиын жаттығулармен қинағаны несі?! Әлгі не деуші еді? Спортшылардың ең үлкен жарысы – Олимпиадаға дайындалып жатқан жоқпыз ғой. Енді, міне, төсегімнен тұрып қозғалайын десем, денемнің бәрі ауырады. Біздің жаттығудан да бөлек, айналысатын шаруаларымыз бар ғой. Мектепте де дәл солай. Сабақтардан үй тапсырмаларын үйіп береді. Біздің сабақтан бөлек атқарар шаруамыз жоқтай. Онымен қоса, ата-аналармен істеу керек тапсырмалар беретінін қайтесің? Ол кісілердің ауыр жұмыс істеп, менің сабағым түгілі, қабағыма қарайтындай мұршасы болмай, шаршап келетінін неге ескермейді екен?! Осы бір ауыр оймен жатып, көзім ілініп кетті. Кенет:
 – Ақанжан, тұра ғой. Ұйқыңнан тұрсаңшы, балам. Мына жатысың дұрыс емес. 
– Шаршап  жатырмын, әке! 
– Сен сондай әлсіз бе едің? Кәне, тұра ғой!
– Шамам жоқ, әке! 
– Мені сағынбаған екенсің ғой. Онда мен кеттім. 
– Жо-жоқ! Кетпе, әке! – деп бар күшіммен көзімді ашып қалғанымда, әкем менің қолымнан ұстап биік таудың етегінде тұрғанын көрдім. 
– Балам, анау тауды көрдің бе?! 
– Иә, әке! 
– Мен бала күнімде осы тауға күнде шығатын едім. Ал сен шыға  аласың ба?! 
– Әке, тым биік қой. Шығу үшін үлкен күш керек. 
– Балам, үлкен күшті сырттан іздеме. Мына жерден ізде! –
деп жүрек тұсын көрсетті. – Бүгін сенің спортқа барып, алғашқы қиындық көргеннен-ақ, әлсіздік танытып, енді спортқа бармаймын дегеніңді білемін. Есіңде сақта, жеңістің тәтті дәмін тек төзімділер ғана тата алады. Нағыз мықтыны анықтау үшін алдыңнан үнемі кедергілер кездеседі. Балам, кикбоксыңды жалғастыр, бұл жолда сені үлкен жетістік күтіп тұр! 
– Жақсы, әке!  Сеніміңізді қалай да болсын ақтаймын! Кенет алыстан «Ақанжан» деген анамның үні естілді. 
– Кеттік, әке, анама барайық. Бізді шақырып тұр. 
– Жоқ, әзірге өзің бара бер. Ал мен сендерді осы бір таудың шыңында күтетін боламын. Балам, міндетті түрде осы биікке шығатын бол! – деп  қолымен тауды тағы бір нұсқап, мені қатты құшақтады. Шіркін, әкемнің иісін қатты сағынып қалыппын. Құшағынан шыққым келмейді. 
– Анаңды көп күттірмей, бара ғой, балам! 
– Жақсы, әке! – деп анам тұрған жаққа қарай жүгіріп, анамның құшағына кіргенім сол еді. Түсім екен.  Айналама қарасам, анам маған:
– Тұра ғой, Ақанжан! Түс болды. Сабағыңа кешігесің, – деп ұйқымнан оятып тұр.
Апырым-ай, маған не болды? Өң мен түстің арасындағы мең-зең хәлде жатырмын. Анама қарап:
– Сіз білесіз бе, мен әкемді түсімде көрдім. Анашым, әкем біздің қасымызда секілді! 
– Балам, мен де әкеңді қатты сағындым. Оған деген сағынышымның жұбанышы тек өзің ғана! Сен бірнәрсеге ұрынсаң, мен оны көтере алмаймын! Сен маған әкеңнің аманатысың, – деп қатты құшақтап, анам көзінің жасына ерік берді.

V
Шіркін, бұрынғыдай PLAY STATION ойнау жоқ. Қазіргі бар әуестігім – осы кикбокс үйірмесі. Алайда, осы ойын жайлы айтар сөзім бар. Осы ойындарды шығарған құрметті ағайларға біздің де мүддемізді ескерсеңіздер екен дейміз. «Плэй стейшнда» мәшинелермен жарысатын ойын бар. Соның орнына «ат жарыс» ойынын кіргізсе жақсы болар еді. 

Не дегенмен, «Ер қанаты – ат» деген сөз бар ғой. Тұлпар ер жігіттің бойына ерекше сенімділік беретінін кітаптан оқығанмын. Сол ойынды ойнап отырып, әркім өзін ат үстінде шауып келе жатқандай әсерде болар еді. Сосын «FIFA» деген футбол ойыны бар. Соның орнына өзіміздің «Көкпарды» кіргізсе тіптен тамаша болар еді. Бұл идеям сіздерге ұнап, біздің мүддемізді ескеріп, жақын арада қолға аларсыздар деген сенімдемін. Ең бастысы, осы ойынның идея авторы деген жерге «Ақан Сейілхан» деп жаза кетсеңіздер екен. Сонда елдің бәрі «Ақанның идеясы – ұлттың идеологиясын көтеретін бірден-бір жол» деп елдің «Мен» деген мықтылары түрлі мәселе бойынша менімен ақылдасар еді... Жаттығу залына бойым үйреніп, бапкердің тапсырмала-рын орындауға жауапкершілікпен қарап, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп бейімделе бастадым. Тіпті, өзіме жаттығу жадынамасын жасап алдым! Ол бірнеше бөліктен тұрады: 

БІРІНШІ: Жаттығу залына аяқ басарда не үшін, қандай мақсатпен келдің? Бұл менің жігерлі болуыма, басқа балалар секілді спортты тастап кетпеуіме мүмкіндік береді. 

ЕКІНШІ: Егер менің қолымнан келмей жатса, түңілмеуім керек! Тек бос уақытымда көбірек жаттығу жасап, спорт залда үйренгенімді қайталай беруім керек. «Қайталау – білімнің анасы» деген сөзге амал етемін. Бұл мені басқа балалардан ерекшелей түседі. Демек, көбі бір айда үйренетін жаттығуды мен бір-ақ аптада үйреніп аламын!

ҮШІНШІ: Менің мақсатым – атақты чемпион болу. Ол үшін мықты бапкер керек! Сондықтан бапкердің көзіне түсуім керек! Ол үшін жаттығу басталар алдында жарты сағат бұрын ерте келу керек және жаттығу аяқталған соң, тағы жарты сағат қалып жаттығамын деп шештім. Берген жаттығуын екі есе жасауым керек.

ТӨРТІНШІ: Жеңімпаздардың жеңісті жолын көрсететін спорт жанрындағы газет-журналдарды оқуым керек. Мүмкін болса, фильмдерге де уақыт табу керек! Бұл менің мақсатқа жетудегі құлшынысымды арттырады. Жоғарыда тізбектелген талаптармен өмір сүрудің басты себебі әкемнің үмітін ақтау болса, екінші бір себеп – Аделя еді. Ол қыз – бізбен бірге кикбоксқа қатысады. Өте мінезді қыз. Өзін ренжітуге жол бермейді. Екеумізді ортақтастырған спортқа деген қызығушылық және еңбекқорлық. Мақсатқа жету жолында жаныңда қайратыңа күш қосып отыратын осындай жақын досыңның болуы да үлкен бақыт! Жаттығуды үнемі бір-бірімізден қалыспай жасаймыз. Кейде ұзақ қашықтыққа жүгіргенде екеуміз бір-бірімізбен жарыса кетеміз. Бапкер де арасында екеумізді үлгі етіп мақтап қояды.

Бүгін жаттығудан соң, үйге қарай Аделямен бірге қайттым. Әңгімені өте ерекше әсер алған, жақында көрген фильмнен бастадым. 
– Аделя, осы сен «Мэри Ком» деген кино көрдің бе?! 
– Жоқ, көрмедім. Не жайлы? 
– Боксшы қыз жайлы. Жәй боксшы емес, бокстан әлемнің алты дүркін жеңімпазы, Лондон  Олимпиадасының қола жүлдегері. Миллиард халқы бар Үндістан мемлекетінің Манипур штатының, алақандай Кангатхеи ауылынан шыққан екен.
– Сен оны қайдан көрдің?! 
– Ютубтан көрдім. Саған «сілтемесін» жіберейін бе?! 
– Иә, жақсы болар еді. Мен де сондай чемпион болғым келеді!
– Сенің одан асып түсеріңе еш күмәнім жоқ. Бапкер сені үнемі мақтап отырады ғой. 
– Бапкердің мақтау сөзі маған аздық етеді. Мен тезірек жарысқа шыққым келеді. Мені күнделікті жаттығуға әкелетін – осы мақсат. 
– Аделя, сен дәл Мэри секілді болдың ғой?! 
– А-а-а, солай ма?! 
– Иә, ол да өзің секілді алған бетінен қайтпайтын табанды болған. Біз ғой, бапкер жәй мақтай қалса, сол мақтауға семіріп кетеміз. Ал сенің бойыңда ерекше қасиет бар. Нағыз чемпионға сай қасиет! 
– Рақмет, Ақан! Сен маған жаңағы киноның сілтемесін жіберуді ұмытпа, иә?! Жақсы, мектепте кездесеміз ғой! 
– Жақсы, Аделя. Көріскенше!
Мен онымен қоштаса бергенім сол еді, Аделяны үйінің алдында өте сыпайы киінген, қолында үлкен қонжық ойыншығы бар бейтаныс адам күтіп тұрғанын байқап қалдым. Ол Аделяның алдынан шығып:
– Аделя, қызым! Қалайсың, ботам?! – деді.
– Бәрі жақсы. Не үшін келдің?
– Білесің бе, мен соңғы кезде сені қатты сағынып жүрмін. Айтпақшы, мынау саған, – деп Аделяға қолындағы үлкен қонжық ойыншықты ұстатты. 
– Маған сізден ештеңе керек емес!
– Аделя, бәрі осылай болғаны үшін кешірші мені, өтінемін! Иә, менің бөлек отбасым бар. Бірақ, сен менің қызымсың ғой. Мен сенің үлкен қалада тұрып, жақсы оқығаныңды, жақсы жағдайда өмір сүргеніңді қалаймын. Мені түсінші.
 – Енді бізді мазаламай-ақ қой. Қайдан келдің, сонда кет! – деп Аделя әңгімені шорт кесіп, үйіне кіріп кетті. 
– Аделя, қызым! – деп әкесі қызының жолына ұзақ қарап тұрды. 
«Өзіне де сол керек», – дедім мен Аделяның әкесінің кеткен жолына қарап. Осы мен шаңырақ көтеріп, бала тапқызып, кейін отбасын тастап кете беретін әкелерді түсінбеймін. «Сүйемін» деп үйленген екенсің, онда әйеліңнен басқа ешкімге басыңды бұра алмайтындай сүю керек қой. Баламды барым деп бағаласаң, одан жырақтамаудың жолын іздеу керек емес пе?.. Мысалы, менің әкем бұл өмірде жоқ. Шіркін, қасымда болса ғой деп қиялдап жататыным өтірік емес.
Бұл сезімді әкесі жоқтар ғана түсінеді. Иә, кейде қартайған шалдар да «Әкемді сағындым», «Әкемнің осы бір өсиетінің арқасы ғой адам болғаным» деп еске алып, сағыныштан сарғайып жүреді. Бұл мысалдардың жанында қыз баланың әкесіз өсуі – тіпті қиын. Қазір Аделя әкесіне ашуланғанымен, үйде жылап отырған шығар. Ол да әкесін сағынады ғой. Қыз бала үшін әкенің орны бөлек. Дәл қазір Аделяны жұбатқым келеді...

VI
ЕСЕЙГЕН АҚАН

Балалық шақ – болашақ. Бар болмысыңның бастауы, іргетасыңның алтын ұйытқысы деседі. Таң атса кеш батқанын, кеш батса, таң атқанын байқамай қаласың. Әйтеуір зулап өтіп жатқан уақыт. Алға қойған мақсатымыздың ең асқағы мектептегі білімді бойға сіңіріп, нәтижесінде жақсы баға алсақ, соған масаттанып, сонымен ғана шектеліп жүрміз. Ал сол білімді нендей мақсатта алып жүрміз? Қайда қолданбақшымыз? Елге, қоғамға, ортаға қалай пайдам тиеді? Ол жайлы ойланып көрдік пе? Әйтеуір, барлық уақытымыз осы мектепте өтіп жатыр.

Кейде білім саласының жоғары-дағы басшылары мектептің үздік оқушыларына, мектептің білім дәрежесін көтеріп жүргені үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген оқушысы» деген атақ бергені дұрыс шығар деп ойлаймын. Әйтпесе обал-ақ, балалық шақтың қызық дәуренінен құр қалып жүрміз. Өзім мектептің үздік оқушыларының бірі болған соң сөз арасында айтып отырғаным ғой.

Зымырап өтіп жатқан қайран балалық шақ, бал дәуренім-ай! Міне, арада үш жыл уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалдым. Көп нәрсе өзгерді. Қазір Шашубай кентінің абыройы спорт саласы бойынша асқақтап тұр. Кикбоксингтен облыстық, республикалық дәрежедегі чемпиондар шықты. Ал менің ауыз толтырып айтарлықтай спорттық нәтижем әлі жоқ. Бапкерім осы уақытқа дейін мені байрақты жарыстарға қоспады. Неге екені беймәлім. Жақында менен үлкен Асылжан бокстан республикалық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Ол турнир Балқаш қаласында өткен соң, бәріміз қолдауға бардық. Атақты Василий Жиров келді сол жарысқа. Барлығымыз сол кісімен естелік суретке түстік.

Василий Жировтың келуінің себебі, оның бапкері А.И.Апачинскийді еске алатын республикалық турнир екен. Мен секілді жас буын біле жүргені дұрыс шығар, А.И.Апачинский – бокстан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, тұңғыш Олимпиада чемпионы болған Василий Жировтың жеке бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Асылжан үш күн бойы қарсылас шақ келтірмеді. Бұл нағыз «сенсация» десе де болады. Алақандай ғана ауылдың баласы, сонымен қатар кикбоксшы бола тұра бокстан республикалық турнирде мықты боксшыларды жеңуі расымен де біздің ауыл үшін үлкен абырой еді. Тек финалдық жекпе-жекте ұпай санымен Асылжанның қарсыласы басым түсті. Асылжанның жетістігі әлі жарысқа шығып көрмеген мен секілді спортшы үшін үлкен жетістік еді. Бұл жеңістен өзім жеңіп шыққандай әсер алдым. 

Мен де тезірек жарысқа шыққым келеді. Менің спорттағы кумирім – бокстың аңызы болған, аса ауыр салмақта қарсылас шақ келтірмеген, соққысы темірдей қатты және ауыр болғандықтан «Темір Тайсон» деген лақап атқа ие болған Майк Тайсон. Тіптен, менің жасымда жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында бокстан Олимпиада чемпионы болған. Менің басқа елдің чемпиондарына еліктегенімді қатты сөкпеңдер. Бүкіл елдің назарын өзіне аударған чемпионның жақсы жағын үлгі тұтсам, оның ешқандай сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Негізі, Тайсон екеуміздің ұқсастығымыз бар. Ол да әкесіз өскен. Бала кезінде тентектің тентегі болған. Талай рет «милицияның» алдына да барған. Сол тентектігіне жаза ретінде оны бокс үйірмесіне жазған екен. Тағы бір ұқсасты-ғымыз – мен де соққыны үнемі астынан бергенді ұнатамын. Маған солай ыңғайлы. Оны бокс терминінде «Апперкот» деп атайды. Бұл соққыны бапкер алғаш үйреткенде: «Негізі көп боксшылар қолмен тік және қапталдан ғана бағыттап ұрады. Егер төменнен бағыттап ұруды көп қолданса, жеңуге мүмкіндігі көп болар еді. Мысалы, Майк Тайсонның көп соққысы төменнен бағытталған. 

Соның арқасында қарсыластарын уақытынан бұрын жеңген», – деп айтқаны бар еді. Содан бастап ғаламтордан Майк Тайсонды іздей бастадым. Оның рингте қарсыласын қалың ұйқыға жіберіп жатқандағы соққысы бар суретін «цветной» шығарып алып, бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Тіпті, Тайсонның жекпе-жектерін көрмесем, жаттығуға құлшынысым болмайтын деңгейге дейін жеттім. Тайсонның нокдаундға жіберген соққыларынан, бейне бір өзім ұрғандай әсер алатынмын.

VIІ
Менің жарысқа дайындығым

Күнделікті жаттығу аяқталған сәт еді. Бапкер бәрімізді сапқа тұрғызды. 
– Алда бізді облыстық жарыс күтіп тұр. Қарағандыға жол жүреміз. Ертеңнен бастап жаттығу қатаң режимде болады. 
– Ағай, қазір де босаң емес қой, – деді Мұқан өз күшіне сенімді болып. 
– Одан да қатаң болады. Үлкен спортта көрінгің келе ме? Онда осы жарыстан бастағандарың жөн! Бізден он бала қатысады. 
– Ағай, кімдер барады? – деп Аделя сұрады. 
– Құрамаға кімнің кіретіні өздеріңе байланысты. Ертеңнен бастап қалаға барып, спарринг жасаймыз. Басқа да жаттығулар жасатып, іріктеймін, – деп бапкер бәрімізге жұмбақтап, жалпылама сөйледі. 
Қалаға барып, спарринг кездесу жасадық. Алғашқы болып спаррингке шашубайлықтардан мен шықтым. Рингте іс-қимылыммен бейімделе алмай, қарсыласымнан ұтылдым. Спарринг жекпе-жектер әлі аяқталған жоқ еді. Балалар ринг төңірегінде жайғасқан күйі улап-шулап, тамашалап қарауда. Мен болсам, басқалардан оқшауланып отырмын. Көзім спарринг  жекпе-жектерде болса да, көңілім басқада. Әлгінде қаланың «Макгрегор» деп атайтын мықтысынан жеңілуім ішімді күйдіріп отыр. «Осыншама әлсіз болар ма едім?» деген ойлар ойымды тұмандатып, сенімімді жоя бастады. Бапкерім жаныма келіп  қолдауын білдірді.
 – Ертең тағы реванш жасаймыз. Қалай жеңу керектігін айтамын!
 – Ағай, жаттығудағы дайындықта қаншалықты жүгіріп, қаншалықты қап түйгіштегенмен өзіңе есе жібермейтін әріптесіңмен бір кездескенге татымайды екен. Өзіңнің осал тұсыңды соққы тигенде ғана байқайды екенсің! Мені ендігі дайындықта аямаңыз! Мен бәріне шыдаймын! Мен чемпион болғым келеді! – деп өтінішімді айттым.
Бапкерім менің осы жекпе-жекте өзіме көп нәрсе түйгенімді түсінді ғой деймін, маған күлімдеген жүзімен бас бармағын көрсетті. 
Бапкеріміз дайындықты Балқаш көлінің жағасында (ауылымызды айнала қоршаған Балқаш көлі), күнге күйдірініп, тас лақтыртып,  суға малшылатып жаттықтыруға көшті. Шой балғамен трактордың дөңгелегін ұрғызып, қолдың соққыларын назардан тыс қалдырмады. Аяқтардың соққыларын да назардан қалдырмай, көл жағасындағы құмда жүгіртті. Бұл да аяқтың төзімді болуына көмектесетін бірден-бір жаттығу.  
Соңғы дайындықтардың бірі еді. Бапкер бәрімізді ортаға алып: 
– Мен сендердің жеке қасиеттеріңді, мүмкіндіктеріңді ескере отырып, қолдан оңай келе қоймайтын тапсырмалар мен ауыр жаттығулар арқылы сынақтан өткізе отырып, тексеріп алдым. Негізі, естеріңде болсын, осындай жан аяусыз жаттығулар болмаса, спортшы төбесі көкке бір елі жетпей қалған бақытты сәттерді сезіне алмайды. Егер жастық жігерлеріңді найзағайдың отындай қамшылай алсаңдар, ешкімнің алдында ешқашан қор болмайсыңдар! – деді. Бапкердің бұл отты сөзі бәрімізді ерекше толқытып жіберді. Артынша, бірден жарысқа баратындардың тізімін айта бастады. Осы бір сәт маған баяу өтіп жатқан секілді көрінді. «Менің атымды айтар ма екен, мен барам ба екен?» деген сан алуан сұрақ сананы торлады. Бапкерім неге бүгін асықпай айтқыш болып қалған, не болса да қинамай тезірек айтса екен деп қоямын ішімнен. Бапкер тоғыз баланың атын айтты. Міне, ең соңғы баратын баланың кезегі келді. Бапкердің жүзі маған қарады да, «Ақан» деді. Сол сәт менің ерекше қуанышты сәтім болды.

(Жалғасы келесі санда)

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

672 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор