• Толағай
  • 06 Желтоқсан, 2022

Екі бірдей Олимпиада чемпионын дайындаған бапкердің шәкірттері неге жиі допингпен ұсталады?

Допингпен ұсталу елімізде қалыпты жағдай болып кетті. Жыл сайын сынама тапсырғанда ондаған атлет спорттан шеттетіліп жатады. Оның ішінде халықаралық аренада ел намысын қорғап жүргендері жетерлік. Бірақ бұл мәселе осы күні қоғамда қатты талқылана бермейді. Тек атақты спортшылар ұсталса ғана айтылады. Мысалы, жақында жеңіл атлет Виктория Аннан (қыз кезіндегі тегі Зябкина – тілші) тыйым салынған препарат табылды. Бірақ көп ешкім назар аудара қоймады. Өйткені Қазақстанда спорттың дәл осы түріне қызығушылық аз. Бәлкім содан болар.

Допингке қарсы ұлттық орталықтың хабарлауынша, жеңіл атлет 2021 жылдың ақпан айында тыйым салынған препаратпен ұсталған. 
Сол кезде Өскеменде жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өткен. Виктория осы бәсекеде 200 метрде алтын, 60 метрде күміс медаль жеңіп алған. Бұл жарыс ол үшін соңғы додасы да болған шығар. Өйткені атлет осы жылы 30 жасқа толды. Енді ол 2021 жылдың 11 мамырынан 2025 жылдың 11 мамырына дейін жеңіл атлетикадан жарыстарға қатыса алмайды. Оның допинг сынамасынан метастерон табылған.

Виктория Ан – спринттен әйелдер құрамасындағы үздіктердің бірі. Қысқа қашықтықтарға жүгіруден бес дүркін Азия чемпионы атанған. Универсиаданы үш рет жеңіп алған. Ол тегін Ан деп өзгертіп, жарыстарға қатысқан. Метастерон табылғаннан спорттан қол үзді. Дәл осындай мерзімге Роксана Оспанова мен Александр Каспер де кетті. Бұл екеуі де Зябкина секілді жеңіл атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Любовь Никитенкодан тәлім алған. Бұл маман спортшыларды допинг беріп тәрбиелейтіндей. Үнемі баптаған шәкірттері ұсталып жатады. Мысалы, Ольга Шишигина 1995 жылы Гетеборгтегі әлем чемпиона-тында екінші орын алғаннан кейін допингпен ұсталды. Оның қанынан станозолол табылды. Сөйтіп, Атлантадағы Олимпиада ойындарына қатыса алмаған болатын.

Кейінгі жылдары Никитенкодан тәлім алғандардан 2010 жылғы Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Наталья Ивонинская мен 
2015 жылғы Жазғы Универсиаданың жеңімпазы Юлия Рахманова ұсталған. Сондықтан осындай былықтары көбейіп кеткендіктен тәжірибелі маманға былтыр 4 жылдық дисквалификация берілді. Ол 2021 жылдың 7 маусымынан 2025 жылдың 7 маусымына дейін кәсіби міндетін атқара алмайды. Бапкерлік қызметпен айналысуға болмайды. Никитенконың бірнеше шәкірті допинг дауына іліккенімен, ешқайсы қолданғандарын мойындамаған. Мысалы, осы күні АҚШ-та тұратын спринтер Юлия Рахманова қанынан метастерон қалай табылғанын мүлдем түсінбейді.

– Ешқашан допинг қолданған емеспін. Бір кездері операциядан кейін жаттығудан қол үзіп қалған едім. Емделіп жүргенде әртүрлі препараттар іштім. Кейіннен қанымнан метастерон табылды дегенде бірден сол ішкен дәрілерімнен күмәндандым. Бірақ «Допингке қарсы ұлттық орталық» басшысы Майра Бақашова метастерон ағзаға ішкен дәрілер арқылы пайда болмайтынын айтты. Ол «витаминдер немесе арнайы қоспалар іштің бе?» деп сұрады. Егер ішсең, сол препараттарды Беларусь еліне сараптама жасауға жіберу керектігін ұсынды. Оған ақшам болған жоқ. Сонымен 4 жылға дисквалификация алдым, – дейді Юлия Рахманова.

Осы ретте Любовь Никитенко деген кім деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Ол 1948 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 70-жылдары еліміздегі ең үздік атлеттердің бірі болды. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Одақ көлемінде үздіктер қатарында жүрді. Сегіз мәрте КСРО чемпионы атанған. 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Ал 1997 жылы жабық кешендегі Еуропа чемпионатында 60 метрге жүгіруден топ жарған.

Кейіннен жұбайы ақтөбелік Владимир Никитенкомен (футбол бапкері Никитенко емес) бірге бапкерлік карьера-сын бастады. Екі маманның тандемінің арқасында өткен ғасырдың 80-90 жылдарында әлемдік деңгейдегі үздік атлеттер жарқырап шықты. Мысалы, Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин 1988 жылы Сеул Олимпиадасында КСРО құрамасындағы әріптестерімен бірге 4х100 метрлік эстафетада жеңіске жетті. Никитенко жұбы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Кейіннен Ольга Шишигинаның жұлдызын жақты. Шишигинаның 2000 жылы Сидней Олимпиадасында тәуелсіз Қазақстан тарихында жеңіл атлетикадан алғаш болып жеңіске жеткенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Сонымен қатар әртүрлі додаларда топ жарған Геннадий Черновол, Наталья Ивонинская, Наталья Торшина, Елена Никитенко, Татьяна Азарова, Виктория Зябкина, Әйгерім Шыназбекова, Светлана Голендова, Элина Михина, Юлия Рахманова секілді шәкірттері де болды. Жалпы, биыл Допингке қарсы ұлттық орталық 28 спортшыға жаза кескен. Бұл аз ба, көп пе? Жеңіл атлеттерден бөлек, футболшы Айбол Әбікен де бар. Ол 4 жылға спорттан қол үзе тұратын болды. Әйтеуір, жүріп-жүріп 2019 жылы «Дене шынық-тыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл жүлдесінен айырылған спортшылардың мемлекеттен алған сыйақысы мен мүлкін кері қайтарып алатын заң. Әзірге спортшыларымыздың допингпен ұсталуына аталған заң да көмек болып жатқан жоқ. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор