• ҰЛАН
  • 05 Желтоқсан, 2022

Журналистика мамандығында оқитын студенттің бір күні

Студенттік шақ, қызықты кез, бірге жұмыс істеу, түсірілім барысы, кейін оны монтаждау. Бұл – біздің студенттік өміріміз-дің ең көңілді әрі  ұмытылмас шақтары. Әр күніміз шаттыққа толы. Пайдалы біліммен де толығып жатыр. Екінші курсқа өткелі журналистиканың қыр-сырын үйренуге көштік.  Бірінші жылға қара-ғанда, биыл мамандығымыз бойынша өтетін пән көбірек. Мәселен, «БАҚ  тілі: сөйлеу мәдениеті мен техникасы», «Газет-журнал журналисти-касы», «Радиохабар дайындау», «TВ жаңалық: тәжірибе» секілді пән қосылып, кәсіби тәжірибемізді шыңдап жүрміз.  

«БАҚ тілі: сөйлеу мәдениеті мен техникасы» пәнінде сөздерді анық айтып үйрену үшін ауызға, жаққа арналған түрлі жаттығу жасаймыз. Бұл сабақты меңгеру барысында сөздерді келістіріп айту мен оқуда ешқандай қиындық туындамайды. «Газет және журнал журналистикасы» пәнінде мәтінмен жұмыс істеп қана қоймай, аналитикалық, сыни қабілеттерімізді дамыта-мыз. «Радиохабар дайындау» пәнінде, аты айтып тұрғандай, радиоға арналған хабарлар дайындап, университеттің әуе толқынына шығамыз.  

Менің ең сүйікті пәнім – «TВ жаңалық: тәжірибе». Бұл сабақты оқу барысында жаңалықтарды талдап қана қоймай, сонымен қатар жақында өзіміз де арнайы шығарылым дайындадық. Толық шығарылым дайындау үшін алдымен түрлі тақырыпта ақпараттық сюжеттер мен репортаждар түсірдік. Жасаған жұмысымыз пән оқытушысы, тележурналист Шынар Ыдырышқызының тексеруінен өтіп барып, эфирге ұсынылды. Өзімізге «мінсіз» болып көрінген материалды сабақ барысында талдап, дұрыс және бұрыс жағын  айтқанда, «расымен де, бұрын қалай байқамадық» деп қаламыз. Десе де, қазір түсіріп жүрген сюжеттеріміз бен «балмұздақ» кезіміздегі түсірілімдерді салыстырмалы түрде қарап, кәсіби деңгейіміздің көтерілгенін байқап, қуанып жүрміз. Жаңалықтардың толық шығарылымын дайындау – қызу шығармашылық процесс. Түсірілім барысында өзімізді жүргізуші, продюсер, оператор, сценарист ретінде сезіндік. Ұжымдық жұмыстың маңызын сол шығарылым барысында тереңірек ұғындық десем де болады. Мен өзімді жүргізуші ретінде сынап көрдім. Мінсіз болмасам да, алғашқы шығарылымға жарап қалар деп ойлаймын. Алдағы шығарылымдарда ақпаратты нағыз диктордай жеткізуім керек деп ой түйдім. Алғашқы шығарылым болғандықтан, аздап қобалжыдым. Бірақ, сенімділікті де сезіне алдым. Себебі, бұған дейін Шынар Қалиаждарованың тапсырмалары арқасында жаңалықтарды нақты әрі сенімді түрде жеткізуді үйренген болатынбыз. 

Түсірілім барысында бір-бірімізге жақсы көңіл-күй сыйлап, қызықты сәттердің куәсі болдық. Топпен атқарған бұл жұмыс маған да, топтастарыма да үлкен тәжірибе болды. Бет әрлеушілеріміз түріміз бен стилімізге мән беріп, эфирге «жарқырап» шығуымызға себепкер болды. Сценаристеріміз бен продюсерлеріміз мәтіннің жазылуы мен айтылу жағынан сауатты болуын қадағалады. Операторлардың жұмысы тіптен қызық. Біздің жан-жағымызға жарық қойып, әртүрлі ракурстан екі камера-мен түсірді. Операторлық жауапкершілікті арқалаған достарымыздың айтуынша, студиядағы түсірілім қызық болғанымен, қиындығы да жетерлік екен.  

IT жаңалықтарының түсірілімі толығымен оқытушымыз-дың бағыт-бағдар көрсетуімен іске асты. Мастер Шынар Ыдырышқызы жаңалықтар қызметінде он жылға жуық қызмет атқарғандағы тәжірибе-сін және бүгінгі телетрендтерден қалыс қалмауымызды талап етеді, сол себепті біздің студенттік түсіріліміміз «нағыз жаңалықтар» шығарылымынан кем болмағанына сенеміз. Қалай жұмыс істегенімізді көргіңіз келсе, ютуб желісіндегі IITU TV арнамыздан көре аласыздар.   

Айжан ДАЙРАБАЕВА
«Ұланның» жас тілшісі,
ХАТУ- дың 2-курс студенті.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

539 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Береке Нұрланқызы

14 Желтоқсан, 2022

😍😍😍

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор