• Бірінші байлық
  • 06 Желтоқсан, 2022

Қолаңсадан қалай құтыламын?

Қоғамдық көлікке жиі мінемін. Байқағаным, балалар тершең. Әсіресе, 11-12 жастағы жеткіншектерден қолаңса иісі мүңкіп тұрады. Бұрын жағымсыз иіс ауыр жұмыс істейтін кісілерден шығушы еді... Балаларда қолаңса бола ма? Алдын алу мүмкін бе? Осы сұрақтарды Алматыдағы №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесінің жоғары санатты дерматолог-дәрігері Ләззат Нұралықызынан сұраған едік.

КҮН КӨЗІНЕ ШЫҚПАЙДЫ

Қазір балалар жиі тер-лейді. Өйткені, дәрумен жетіспейді. Күнге шығып ойнамайды. Күннен қажетті дәруменді алмайды. Қолаңса жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Қалыпты жағдайда адам денесінде тері және май бездері болады. Без тері бір-бірімен үйкелетін жерде көп шоғырланған. Үйкеліске байланысты дерматит пайда болады. Адамның табиғатында қолтық, аяқ, табан аймақтары терлеп тұруы керек. Оның қорғаныштық қызметі де бар. Бірақ ағзадағы кейбір бұзылыстарға байланысты тері бездері шамадан тыс өндіріледі. Оған ағзадағы бұзылыстар әсер етеді. Мысалы, дәрумен, микроэле-менттер жетіспейді. Егер науқастың шағымы осындай болса, алдымен ішкі ағзасын тексереміз. 

Жағымсыз иістің шығуына тері бактериялары себеп болады. Бактерия қайдан шығады? Терлеген кезде терінің қалыпты жағдайдағы ph ортасы өзгереді. Бұл бактериялардың көбеюіне себеп. Сол үшін ағза қалыпты жағдайда терлеуі керек. Жағымсыз иістің шығуы міндетті емес. Кейде көп терлесе де, иісі жоқ. Демек, ол жерде бактерия жоқ. Медицинада гипергидроз дейміз. Терінің коректік ортасы өзгерсе, бактерияға қолайлы. Олар көбейіп, жағымсыз иіс шығарады. Жеке бас тазалығын сақтамаса, үйдегі басқа балаларға жұғады. Әркімнің терісі әртүрлі. Тазалық ұстамаса, одан әрі көбейеді.

Д дәрумені мен кальций жетіспесе, иіс кетпейді. Д дәруменін күн сәулесінен аламыз. Қазір балалар далада емес, үйде. Дұрыс тамақтанбау да себеп. Ағза қажетті дәруменді керек кезінде алмайды. Өсіп келе жатқан ағзада гормонды өзгерістер болады. Ағза өскен сайын өзіне қажетін беру керек. Ал балалардың тамаққа тәбеті жоқ. Тез дайындалатын тамаққа құмар. Дәрумен жетпегесін, тершеңдік, тырнақ пен шаш түсу, есту және ойлау қабілеті төмендейді. Сырттан ем қабылдаймыз. Қолаңсаны кетірудің жолы оңай. Бала дұрыс тамақ ішіп, уақытында ұйықтап, күн көзінен дәрумен алуы керек. Таза ауада серуендеу кез келген аурудың алдын алады. Д дәруменін дәрігермен келісе отырып, қабылдайды. Баланың бойы, салмағына қарай ішетін дәрумен мөл-шері де өзгереді. Егер дәрумендер тамақ арқылы жетпесе, полидәрумендер мен микроэлементтер қабылдайды. Вирустың алдын алады.

Дезодорант қатерлі ісікті шақырады

Жақында маммолог дәрігерлер жеткіншектерді түрлі иісі бар дезодорант қолдануға болмайтынын айтыпты. Өйткені, кеудедегі қатерлі ісікке себеп болады екен. Дезодоранттың құрамында алюминий бар. Ол өсіп келе жатқан ағзаға зиян. Жасөспірімге қолданудың қажеті жоқ. Өйткені, әр нәрсенің жасына сай ерекшелігі бар. Әрине, ересек адамдарға қолдануға рұқсат. Өйткені, олардың тері, тері бездері гормонды өзгерістерінің бәрі қалыптасқан. Ал өсіп келе жатқан ағзаға қарсы көрсетілімдері бар. Кері әсер етеді. Енді не істейміз? Бактерияға қарсы сабындармен жуынамыз. Иіс бактерияға байланысты пайда болады. Сол үшін антибактериал ем қабылдаймыз. Әсіресе, аптасына бірнеше күн жаттығу залына баратын балаларға ерекше тоқталамын. Бактерияға қарсы душқа арналған гель, крем бар. Осыларды қолданамыз. Өйткені, үйірмедегі татами, матрас бәрі ортақ. Биге баратын қыздар жарыс кезінде біреудің көйлегін жалға алады. Міндетті түрде жақсылап жуу керек. Қолаңса қарым-қатынас арқылы да жұғады. Біреудің киімін уақытша кию қауіпті. Оқушы өзін ғана емес, өзінен кейінгілерді де ойлауы керек. «Бұл көйлекті тағы бір қыз киеді ғой» деп қарауы керек. Гигиеналық шараларды мұқият ұстаймыз.

Халық еміне сенім жоқ

Емдік шөптен жасалатын дәрілік заттар көмектеседі. Оның құрамында химиялық қоспа жоқ. Мысалы, құты-дағы Витодерм. Кез келген дәріханада бар. Қолдану ережесі қорапта жазылған. Сабақтан келе сала анти-бактериал сабынмен жуын. Ағза гормоналды өзгеріс кезінде бұзылады. Ішкі секреция бездері жас ерекшелігіне байланысты тері безіне әсер етеді. Оның жұмысына йод жауапты. Сол үшін ағзаға дәрумен жетсе, қалыпты өседі. Ішкі секреция бездері микроэлементтермен байланысты. Өмірге жаңа келген сәбиге Д дәруменін береді. Сүйектің қалыптасуы тек сүйекке емес, бүкіл ағзаға әсер етеді. Анасы қалыпты тамақтанса, дәрумен сүт арқылы беріледі. Дені сау ұрпақ керек. 

Гормондардың қалыпты жұмыс істеуіне поливитаминдер көмектеседі.  Халық еміне аса қатты сенбеймін. Өйткені, ағзада болып жатқан өзгерістерді халық емімен тоқтату мүмкін емес. Бірақ халық емінде бактерияға қарсы емді қолданса, нәтиже бар. Кейде адамның көңіліне байланысты. Зияны жоқ нәрсені қолдануға болады. Оның да бағыты теріні қалпына келтіру. Тері бездері шамадан тыс өндірілген кезде, алақан жиі терлейді. Жазу жазып отырса, дәптері су болатын балалар бар. Олай болса, көмекке эндокринолог келеді. Бір кіржуғыш машинада бүкіл отбасының киімі жуылады. Баланың киімдерін бөлек жуған дұрыс. Жаттығудан соң душқа түсу керек. Біреудің киімі арқылы тек иіс емес, вирустық аурулар да жұғады. Сондықтан киім ауыстыру жақсы әдет емес. Реті келсе, ол әдеттен арылған дұрыс. Жеке сүлгі, аяқкиімі болсын. Қыста сырғанақтың уақыты басталады. Балалар конькиді жалға алады. Бір сағат сырғанаса да, бірнеше дерт жұғуы мүмкін. Сол үшін коньки ішінен пакет, бахил киіп, тазалық ұстаған дұрыс.

Әр ұлттың жеген асына қарай

Иіс жыныс ерекшелігіне бөлінбейді. Бактерия қыз, ұл деп жыныс талғамайды. Иіс бәріне бірдей. Әр ұлттың тамақтану әдебі әртүрлі ғой.  Біреуі ет, енді бірі ащы тамақ жейді. Иіске сол әсер етеді. Қолаңса ең бірінші баланы қоғамнан шеттетеді. Сана сезіміне әсер етеді. «Жағымсыз иіс менен шығып тұр, бәрі менсінбейді» деген ой мазалайды. Отырыстарға, киноға, көңіл көтеретін жерге бармайды. Жарыстарға, біреудің үйіне барғысы келмейді. «Бәрібір мынау кетпейді» деп өзін шектейді. Өзін жек көріп кететін жағдайға апарады.

«Бұл Проблема емес»

Тері ауруларына байла-нысты ата-анаға айтарым бар. Қолаңса  отбасылық проблемаға айналмауы керек. Өйткені, бала «ата-анамды осындай уайымға әкелдім» деп өзін жек көреді. «Түһ, қанша қымбат зат алып берсем де, сенен осы иіс кетпей қойды» деп айтпаңыз. Бала өзін барлық жағынан шектейді. Керісінше, «Балам, бұл иіс ертең-ақ кетіп қалады. Жиі жуынып, дұрыс тамақ ішсең, бактериядан оңай құтыламыз. Бұл біз үшін проблема емес», – деп қолдау білдіріңіз. Әр дененің иісі бар. Күн сайын душ қабылдау бактерияның мөлшерін азайтады. Өткір иісті басады. Қолтық астында тер бездері көп. Жылы кеңістік пен ылғал бактериялардың көбеюіне қолайлы.

  • Күн сайын спорттық жаттығудан соң тез жуын. Қолтық асты сияқты көп терлейтін жерлерге ерекше назар аудар.
  • Күн сайын таза киім ки. Әсіресе, шұлық пен ішкиімді ауыстыруды ұмытпа. Киімің мақта сияқты тыныс алатын табиғи матадан болсын.
  • Бір аяқкиімді екі күн қатарынан киме. Мүмкін болса, аяқкиімді 24 сағат кептіретіндей етіп ауыстыр.
  • «Өзі емделеді» деп үміттеніп, бос жүруге болмайды. 
  • Кофе, тым ащы, тұзды тағамдарды, дәмдеуіштерді және ысталған етті жиі жемеуге тырыс.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

1107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор