• ҰЛАН
  • 05 Желтоқсан, 2022

235 нәрестенің өмірін құтқарды

Елімізде бала өлімінің 60 пайыздан астамы жаңа туған нәрестелердің үлесінде екен. Өлімнің негізгі себебі – орталық жүйке жүйесінің зақымы, босану кезіндегі гипоксия. Миына зақым келген нәрестелердің көпшілігі мүгедек болып қалады, ал кейбірін құтқару, өкінішке қарай, мүмкін емес. Мұндай зақыммен туған балалардың өмірін сақтап қалудың бір жолы – гипотермия аппараттары.

2016 жылы литвалық профессор Арунасас Любшис AYALA қайырымдылық қорының шақыруымен қазақстандық неонатолог дәрігерлерге тегін курс өткізген. Профессор сол кезде Еуропалық Одақ елдерінің  перзентханаларында автоматты гипотермия аппараттарын қолданудың табысты тәжірибесі туралы айтып берді. Осыдан кейін AYALA қоры бұл тәжірибені Қазақстанда қолдануды қолға алды.

«Басқарылатын гипотер-мия» жобасы бес жыл бойы жүрді. 2017 жылдан биылға дейін қор демеушілердің және Қазақстан халқының қайырымдылық жарнасының көмегімен 300 миллион теңгеге 14 медицина орталығына автоматты гипотермия жабдығын алып берді. Соның арқасында 235 жаңа туған сәбидің өмірін құтқарды. 

Арнайы аппараттар жоқ кезде дәрігерлер қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, мұздай су құйылған медициналық пакеттерді қолданатын. Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, жаңа туған сәбилердің көпшілігі мүгедек болып қалатын еді. AYALA қайырымдылық қорының президенті және негізін қалаушы Айдан Сүлейменова жағдайды түбегейлі өзгерту керек деген шешімге келді. «Біз мұны Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында және Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында пилоттық жоба ретінде бастадық. Бір жыл ішінде 75 жаңа туған нәрестеге автоматты гипотермия қолданылды. Реанимация дәрігерлері гипотермия аппаратында емделген сәбилердің метаболизмдік ауытқуы тезірек түзеліп, қанның оттегімен қанығу көрсет-кіштері жақсарғанын атап өтті. Кейіннен бұл нәрестелер емделіп, үйіне сау күйде шығарылды», – дейді Айдан Төлеутайқызы.

Пилоттық жоба жемісті болғаннан кейін, қор Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің перинаталдық орталықтарын гипотермия аппараттарымен жабдықтаудың маңызын дәлелдеп, «Басқарылатын гипотермия» жобасы шеңберінде күш-жігерді үйлестіру туралы меморандумға қол қойды. Бұл гипо-термия аппараттарын міндетті мемлекеттік сатып алу үшін медициналық жабдықтар тізбесіне қосуға мүмкіндік берді.

«Фарминдустриядағы айтарлықтай ғылыми прогреске қарамастан, жаңа туған нәрестелердің миын гипоксия-ишемиялық энцефалопатия нәтижесінде қайтымсыз зақымданудан қорғай алатын дәрілер жоқ. Бұған қоса, гипотермия аппараты амплитудалық электроэнцефалография мониторингімен бірге реанимация бөлімінде жұмыс істейтін және баланың дене температурасын ондаған сағат бойы бақылауға міндетті дәрігерлер мен медбикелердің жұмысын жеңілдетеді. Қазақстанның неонатологтары AYALA қорына, оның басшысы Айдан Сүлейменоваға жаңа туған нәрестелердің функционалдық денсаулығын сақтауға көмектескені үшін алғыс айтады», – дейді Қазақстан неонатологтары конгресінің төрағасы Бектұрған Карин.

Терапиялық гипотермияны нәресте дүние есігін ашқан алғашқы сағаттарда қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын автоматты түрде 34 градусқа дейін төмендетеді және 72 сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстап тұрады. Содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Бұл бала ағзасын-дағы метаболизмді өзгертуге, оның миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданудан қорғауға мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратымен бірге жүретін амплитудалық электроэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.

2022 жылы AYALA қоры 7 медицина мекемесіне гипотермия аппараттарын тапсырды. Қазір бұл жабдықтар Ақтау, Талдықорған мен Орал қалаларындағы Облыстық перинаталдық орталықта, Өскемен қаласының Ана мен бала орталығында, Шымкент қаласындағы перинаталдық орталықта, Жамбыл облысы Көпбейінді ауруханасының перинаталдық блогында, Алматыдағы Республикалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында тұр.

«Бес жыл ішінде ірі демеушілердің қолдауы мен он мыңдаған қазақстандықтың бокстар, терминалдар және банктер арқылы берген қайырымдылық жарнасының арқасында Қазақстандағы  перинаталдық орталық-тардың үштен бір бөлігін автоматты гипотермияға арналған аппараттық кешенмен жабдықтадық. Олар 238 баланың функционалдық денсаулығын сақтап қалды. Таяу жылдары тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолымен біздің аппараттар жүздеген баланың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Біз еліміздің кішкентай азаматтарының өмір сүру сапасы үшін күресте қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіргенімізге қуаныштымыз», – дейді Айдан Сүлейменова.

БАЛА ЖАРАҚАТЫ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАЙТЫН МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Күнделікті өмірде балалардың түрлі жарақат алуы жиі кездеседі. Бұл маңызды әлеуметтік мәселеге жатады. Балалар әдетте үйде, көшеде, мектепте, жолда, спортпен айналысу кезінде түрлі жарақат алады. Соның ішінде мектепте жарақаттану деңгейі жоғары. Оның негізгі себебіне келсек, сабақ кезінде, үзіліс кезінде, сабақтан кейін және сабақ арасында балалардың күш-қуаты тасып тұрады. Мұның алдын алудың бір жолы балаларға түсіндіру жұмысын жүргізу болса, тағы бір жолы – балалардың бос уақытында мектеп аумағында мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің қадағалауын күшейту. Балалар жаңалық ашуға құмар келеді, алысып ойнайды. Балалар өте ізденімпаз, бірақ олардың өзін-өзі сақтау инстинкті ересектер сияқты дамымаған. Сондықтан да олар жарақат алып қалуы мүмкін. Мұның алдын алу үшін ата-ана түсіндіріп отыруы керек. Балаларға қауіп-қатер туралы үнемі ескертіп, айтып отыру ата-ананың өмір салтындағы міндетті бір салт болғаны жөн.

Э.ИМАНҒАЛИЕВА, 
Жетісу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық 
бақылау басқармасының бас маманы.

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор