• ІТ және инновация
  • 06 Желтоқсан, 2022

Идеясы үшін үйін сатқан

Сіз такси қызметін қолданасыз ба? Оның бағасына көңіліңіз тола ма? Еліміздегі мобильді такси қосымшалары шетелдік екенін білетін шығарсыздар? Демек, оны пайдаланған сайын біздің жүріп-тұрғанымызды шетелдік компания бақылауына алады. Біз бәріміз қорқынышты әлеуметтік эксперименттің мүшесіміз. Қалаған жерімізге аман-есен жеттік деп жүргеніміз жарамайды. Тұтынушы ретінде де дауыс шығарып қою керек. 

Атырау қаласының тұрғыны Нұрлан Жасұланұлы жеке дерегіміз шетелге шықпайтындай JETU деп аталатын такси бағдарламасын жасады. Отандық өнімді бәріміздің ортақ игілігімізге пайдалану үшін оның танымал болуына сіз бен біз себепкерміз.

Оның аты – Нұрлан. 1994 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Мектепте үздік оқымаса да, бала кезінен техникаларды шұқылап, оны зерттегенді жақсы көріпті. 2009 жылы 10-сынып оқып жүргенінде алғаш рет компьютерді көрген екен. Сол сәттен бастап компьютерге деген қызығушылығы басталған. 2010 жылы мектепті бітірген, бірақ жоғары оқу орнында оқитындай жағдайы болмаған. 2011 жылдары қызығушылықпен Android платформасын зерттеп, оған өзгерту мақсатында root жүйесінің скриптін жазып орнатқан екен. Сол арқылы wi-fi-ды бұзып неше түрлі хакерлік тәжірибелер жасап көрген.  2012 жылы linux системасына қызығушылық танытқан. Қызығудың нәти-жесінде Мәскеуге  барып шағын оқу орындарынан курстар оқып, практикадан өткен. Кейіннен Мәскеуде орналасқан университеттердің біріне жоғары білім алу үшін оқуға түскен.

«Такси идеясы 2016 жылы Ресейде жүргенде келді. Алайда ол кезде қаражаттың болмауы және білімнің толық жетіспеуіне байланысты жүзеге асыра алмадым. Уақыт өте 2021 жылы осы идеяға қайта оралып жүзеге асыруды жөн көрдім. Қазір пайдалануға берілді және жиі жаңартулар жасап жатырмыз», – дейді Нұрлан.

JETU бағдарламасын қазір android платформасында 15 000 аса  адам телефонына жүктеп үлгерген. Соның 8000 қолданушы бағдарламаны белсенді пайдаланады екен.  ios платформасында 20 000 жүктесе, оның 10 000-ы бағдарламаны қолданып жүр.

«Бағдарлама dart және С++ тілінде жазылды. Бастапқыда команда жинадым, бірақ команданың тұрақсыз болғаны және оларға жалақы төлеу мәселе болғандықтан әрі қарай өзім жалғастырдым. Басында қаражатсыз бастадым, кейін өзімнің жинаған қаражатым және әйелімнің қолдауымен жалғастырдым. JETU-дің әлемдік такси жобаларынан ерекшелігі – ол өзіміздің Қазақстандағы қарапайым қазақ баласының жасағаны. Біздегі тағы бір ерекшелік – жүргізушіден 6%, ең төмен жарна алынады», – дейді Нұрлан.

Бұл жобаның тек бастамасы. Жақын уақытта карталармен төлеу, интерфейс ауысады және оптимизация жетіледі. Нұрланның  мамандығы «ақпараттық қауіпсіздік» болғандықтан жүргізушімен жолаушының қауіпсіздігін бірінші орынға қояды екен. Мысалы, жүргізуші JETU taxi-ге тіркелерде құжаттарын жібереді. Ол құжаттарды өздерінің жеке серверінде сақтайды. Бұл дегеніміз құжаттар Қазақстанда тұрады, басқа платформалар секілді сервермен шет елде сақталмайды. 

Нұрлан арманын жүзеге асыру үшін бір жылы мен 80 миллион теңгесін жұмсаған. Қомақты соманы жинауда біраз қиындыққа тап болған. Мемлекеттен ешқандай қолдау болмапты. Бір қызығы, Нұрланның келіншегі оған қаржылай да, психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсеткен. Жобаны жасау үшін үйі мен көлігін сатқан. Қазір өздері пәтер жалдап тұрады екен. «Кім тәуекел етпейді, сол мақсатқа жетпейді»,  – дейді Нұрлан.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №49
6 желтоқсан 2022 жыл

3940 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор