• Толағай
  • 29 Қараша, 2022

Қатардағы футбол тойы сенсациямен басталды

20 қарашада төрт жылда бір өтетін футболдан әлем чемпионаты басталады. Бұл жолы әлемдік мундиальды Азиядағы Қатар елі қабылдап жатыр.

200 миллиард доллар жұмсалды

Бұл әлем чемпионаты бұрынғылардан өзгерек. Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Біріншіден, рекордтық қаржы жұмсалды. Әлем біріншілігі Қатар үшін өте қымбатқа түсіп отыр. Олар инфрақұрылым мен басқа да даму жобаларына шамамен 200 мил-лиард долларды аямаған. Оның үстіне Қатар үкіметі шығынның басым бөлігі футболдан тыс инфрақұрылымдарға – метро, қонақүйлер мен жаңа жолдар құрылысына, халықаралық әуежайды қайта жөндеуге жұмсалғанын алға тартады. Бұл – әлем чемпионаты 32 команда қабылдайтын соңғы әлем біріншілігі болмақ. Ал 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізіп, 48 құраманы ойнатады.

Жүлде қоры – 440 миллион доллар

Әлем чемпионатының жүлде қоры – 440 миллион доллар. Бұл 2018 жылғы турнирге қарағанда 40 миллионға көп. Бразилияда одан да аз болды – 358 миллион доллар. Қатысушы құрамалар әлем чемпионатына дайындық үшін 1,5 миллион доллардан табады. Сондай-ақ оларға топтық кезеңге қатысқаны үшін тағы 9 миллион доллар төленеді. Мундиаль жеңімпазы рекорд-тық 42 миллион доллар алады. Осылайша, әлем чемпионы Катардан 52,5 миллион доллар алып кетеді.

Әлем чемпионаты 8 стадионда өтіп жатыр

Қатардағы әлем чемпионаты бес қаладағы сегіз стадионда өтеді: Лусаил, Әл-Хоурах, Доха, Ар-Райян және Әл-Вакрах. Олардың сыйымдылығы 45 мың-нан басталып, 80 мыңға жетеді. Қатардағы сегіз аренаның жетеуі осы турнир үшін арнайы салынған. Олардың құрылысына 6,5 миллиард доллар жұмсалды. ФИФА талаптары бойынша әлем чемпионаттарына арналған стадиондардың ең аз сыйымдылығы 40 мыңнан кем болмауы тиіс. Қатардың ішкі футбол чемпионаты мұндай ауқымды қажет етпейтіні анық. Сондықтан мундиальдан кейін көбісі сүріледі. Өйткені мұндай ірі нысандарды күтіп ұстау қомақты қаржыны қажет етеді.

Алаң иелері алғашқы ойынды жеңіліспен бастады

Турнирдің шымылдық ашар кездесуінде алаң иелері Қатар футболшылары Эквадормен кездесті. Осы матч қарсаңында араб шейхтары ойынды сатып алыпты деп шулағандар көп болған. Бірақ шын мәнінде бәрі басқаша өрбіді. Кездесудің алғашқы минуты-нан эквадорлық футболшылар алға қарай ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде Энвер Валенсия 3-минутта қақпаны дәл көздеген еді. Алайда аталған гол ойын тәртібінің бұзылуына байланысты саналған жоқ. Энвер Валенсия 16-минутта пенальтиден есеп ашты. Бұл – биылғы әлем чемпионатында соғылған алғашқы гол болатын. Ол 31-минутта есепті еселей түсті. Екінші кезеңде алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтыл-ды. Бірақ, діттеген мақсатына жете алған жоқ. Осылайша Қатар футболшы-лары қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

Сенсациялармен басталды

Әлем біріншілігі бірден бірнеше сенсацияны сыйлап үлгерді. Мысалы, әлем чемпионатының фавориттерінің бірі саналған, екі дүркін әлем чемпионы Аргентина құрамасы алғашқы ойында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалды. Бұл кездесуде бірінші болып Аргентина құрамасы есеп ашты. Ойынның 10-минутында Лионель Месси пенальтиден нысананы дәл көздеген.

Екінші таймда Сауд Арабиясы құрамасы есепті теңестірді. Матчтың 48-минутында Салех Әл-Шехри гол салса,  Салем Әл-Давсари 53-минутта отандастарын алға шығарды. Осыдан кейін Аргентина жасағы шабуыл жасап, есепті теңестіргісі келгенімен, одан ештеңе шыққан жоқ. Кездесу 2:1 есебімен Сауд Арабиясы Корольдігінің ұлттық құрамасы пайдасына шешілді. Сөйтіп, Араб түбегінің командасы алғаш рет Аргентинаны жеңді.

Бұған дейін құрама командалар төрт рет кездесіп, екеуінде Арген-тина басым түссе, екі матчта есеп тең аяқталған болатын. Ойыннан кейін Сауд Арабиясының королі Сальман бен Абдель Азиз Әл ұлттық құраманың алғашқы жеңісін атап өтуі үшін демалыс жариялау туралы шешім қабылдаған. Елде бір күн жаппай демалыс берілді. Аргентинаның күйін Германия да кешті. «Неміс машинасын» Жапонның «Тойотасы» тоқтатты. Алдымен Германия құрамасынан 33-минутта Илкай Гюндаган пеналтиден есеп ашқан еді.

Екінші кезеңде Жапония қарсыластың қарқынына лайықты төтеп бере білді. Есесіне қарымта шабуылда гол соғатын мүмкіндік іздеді. Нәтижесінде 75-минутта Рицу Доан таразы басын теңестірсе, Такума Асано 83-минутта Жапонияны алға шығарды. Аргентина секілді Германияның да жағдайы қиындай түсті. Әзірге Португалия, Испания, Швейцария құрамаларының жағдайы бір.

Португалия капитаны Криштиану Роналду осымен бесінші әлем чемпионатында гол соқты. Ол 2006 жылдан бері өзі қатысқан барлық мундиальда гол соққан жалғыз ойыншы. Әлем чемпионаты 18 желтоқсанға дейін жалғасады. Айтпақшы, бұл футбол тойына 50 мыңға жуық сақшы жұмылдырылды. Мұны елдің ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Олардың қатарында шетелден арнайы барған тәртіп сақшылары да бар. Себебі 3 миллиондай тұрғыны бар елде 1 айға созылатын біріншілік кезінде маман тапшылығы бар. Түркия Қатарға көмекке 3 мыңдай полиция қызметкерін аттандырған.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №48
29 қараша 2022 жыл

505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор