• ҰЛАН
  • 29 Қараша, 2022

Балам үй тапсырмасын өзі орындасын десең...

Жақында 2-сыныпта оқитын баламның ата-аналар жиналысына қатыстым. Сынып жетекшісі Гүлсағым апай – жасы үлкен кісі. Балалардың оқу үлгерімін, тәртібін сөз етті. «Балаңыз үй тапсырмасын өз еркімен орындай ма? Сабақ оқығысы келе ме?» – деген сұраққа жеке-жеке жауап бердік. Өкініштісі, өз еркімен тапсырма орындайтын оқушы аз. Бос уақытында телефонмен отырады... Баланы оқытамыз деп көп қателік жібереді екенбіз. Кейбір аналар өзі қандай тәрбие көрсе, баласына соны жасайды. «Сабақты жақсы оқымасаң, өмірде жолың болмайды» деп жаман суретті салып береміз...

Бала оқуға неге ынталы емес? Алдымен осы сұраққа жауап іздедік. Көп балада оқуға деген құштарлық пен ынта жоқ. Өйткені ата-ана баланың өз еркімен бірнәрсе жасауына ерік бермейді. Оқуға тартудың бір жолы – оны қызықтыру. Оған ұстаздар жауапты. Ұстаз баланың жасын ескере отырып тапсырма беруі керек. Егер сабақ қызықсыз болса, тапсырманы орындаудан қашады. «Қарны тоқ, апайы жақсы. Балама одан басқа не керек?» – деп ойлаймыз. Балалар да үлкендер секілді күйзеліске түседі. Өйткені, сыныптағы отыз баланың тәрбиесі, мінезі әртүрлі. Сыныпта қорқыныш, ұялу, жаман сөз есту деген сезімдер болуы мүмкін. Бұл сезім 70 пайыз оқушының үй тапсырмасын орындамауына себеп болады.

«Күнде бес сабақ болады. Бала шаршап, содан жалқау болған» деп ойлаймыз. Күйзеліс көп энергия алады. Сыныптағы балалармен дұрыс сөйлесе алмайды. Ойының бәрі ойын боп, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сол үшін баланың қандай баға алғанын емес, мектептегі бір күні қалай өткенін сұрау қажет. Қиын күн болды ма? Сыныптастары мен Музыкадан беретін ағайымен қарым-қатынасы қалай? Соны сұраған жөн. Қысымға түскен балаға қарсылық жасаймыз. Күштеп үй тапсырмасын орындауға асыққан сайын бала жалқауланады.

ЖАҚСЫ СӨЗ АЙТУ

Өзін-өзі төмен бағалап, сенімсіздік туады. Өйткені анасы жиі сын айтып, намысына тиеді. Егер бала жақсы іс істесе, оған ата-анасы қуанбайды. Балада мотивация жоғалады. Апайы «2» қойса да, «5» деген баға қойса да бәрібір. Өйткені, ешкім бағалап, маңдайынан сипап, жақсы сөз айтпайды.

Баласының орнына өзі сабақ оқитын ата-аналар бар. Анасы үй тапсырмасын орындап, есепті қалай шығару керегін көрсетеді. Бала біреуге сеніп үйренеді. Оған өз басымен ойлаудың қажеті жоқ. Өзі үшін жауап бере алмайды. Мотивация да жоғалады. Өйткені, қуыршақ сияқты. Ата-ана баласына көмектесуге тырысып, баланың бойындағы жауапкершілікті жоғалтады.

Айша анасы жоқта үй тап-сырмасын орындамайды екен. Анасы жұмыспен басқа қалаға жиі барады. Сол уақытта қызы сабаққа селқос қарайды. Анасы қызының сабағына қатты ара-ласқанын айтты. Өз бетінше қадам жасауына жол бермеген. Айша сабақты анасы үшін ғана оқиды.

Апай балаға тым қамқор болуды тоқтатуға кеңес берді. Айшаға не үшін оқу керегін жай ғана түсіндіру керек. Бірінші күні дұрыс тыңдамай, қарсылық білдіреді. Кейін анасының сөзі есіне түсіп, ойланады.

Үйдегі Ұрыс

Демалыс. Оқушы мектептен келген соң, бір жарым, екі сағат-тай демалуы керек. Бұл уақытта сүйікті ісімен айналысқаны жөн. Бала үйге кіргенде, сабақтан қандай баға алғанын, күнделікті көрсетуін сұрап, үй тапсырмасын орындауға асықтырудың қажеті жоқ. Сабақты ұнатпауы мүмкін. Аз ғана демалыс көп нәрсені шешеді. 

Үйдегі ұрыс жақсы баға алуға кедергі келтіреді. Жиі ұрыс болса, жүйкесі жұқарып, тұйықталады. Кейде өзін кінәлап, «сабақты жақсы оқуым керек еді» деп қиналады. Бар ойы оқуға емес, үйдегі ұрысқа алаңдаумен өтеді. Балалар орыс, ағылшын тілінде мультфильм көреді. Сондайдан кейін қазақша әріптерді айта алмайтын балалар шығады. Сақаулығы үшін сыныпта сөйлеуге ұялады. Жиі күлкіге қалады. Тақтаға шығып, сабақ айтудан қашады... Балалар да үлкен адамдар сияқты тәуелді болады. Компью-тердегі ойын, достармен ойнау...  9–12 жаста компьютерлік ойындарға деген құштарлық. Өтпелі кезеңде ең жаман әдет – көшеге шығуға құмар болады... Артық энергиясы бар балалар бар. Олардың сабақты тыныш отырып тыңдауы қиын. Сол үшін сабақ көңілсіз. Мұндай балаларды қосымша спорт үйірмесіне беру керек.

Баланың сабақты не үшін нашар оқитынын түсінсек, мәселені шешу оңай болады. Баламен бірге болашаққа жоспар құрып, сол арқылы алға жылжимыз. Балаға дауыс көтеріп ақыл айтудың пайдасы жоқ. Керісінше, кез келген жетістігі үшін мақтау керек. Сонда оның оқуға деген құштарлығы табиғи түрде қалыптасады. Керемет нәрсе жасамаса да мақтау керек. Себебі, тапсырманы орындауға күш жұмсады. Мақтамай, баланы оқыту мүмкін емес. Қателік жасаса, ол үшін ұрыспаңыз. Егер қолынан келмейтін іс үшін ұрсатын болсақ, жұмыс істеуге беті қайтып қалады. Қателесу – табиғи процесс.  Ал балалардың өмірлік тәжірибесі жоқ. Сондықтан шыдамдылық таныту керек.

Жақсы баға үшін ақша бермеңіз

Оқу үшін сыйлық бермеңіз. Кейде баланы ынталандыру үшін сыйлық немесе ақша береді.  Олай істеудің қажеті жоқ. Алғашқы күндері ақшаға қызығып, оқып жүреді. Кейін уақыт өткесін ақшаны көбірек сұрайды. Аз тиынға қырсығып, сабақ оқымай қоюы мүмкін. Оқу – баланың күнделікті міндеті. Осы қағиданы жақсы түсіндіру керек. Оқудың жауапкершілігін толық көрсету қажет. Оқуға қызықпайтын балалар оқудың пайдасын білмейді екен. Өйткені, сабақтан да қызықты нәрсе бар. 

Қазір ата-аналар баласынан көп нәрсені талап етеді. Оқу бағдарламасы да қиын. Сабақтан кейін спорт, өнер үйірмесіне барса, тіпті қиын. Балам мінсіз болады деп ойламау керек. Оған кей пәндер түсініксіз әрі қабылдау үшін уақыт керек болады. Егер математиканы түсіну қиын болса, жеке мұғалімнен сабақ алып, мәселені тез шешуге болады.

Бастауыш сыныптан бастап оқуды әдетке айналдыру керек. Сонда бала алдына қойған мақсатына жетіп, тапсырманы орындап, ата-анасының ықыласына бөленеді. Бала бір нәрсені істеп жатқанда, оны әр уақытта қолдаңыз. Сондай сәтте: «Сен оны тез жасайсың! Қуанып жүрсең, тапсырманы тез орындайсың!» – деу керек. Ешқашан: «Тағы жасап көрші, енді жақсы болатын шығар», – демеңіз. Осылай үлкендер балалардың жеңісін мойындамайды. Баладағы өзгерісті байқау өте маңызды. Теледидар көріп, телефон шұқып отырып, үй тапсырмасын орында деп зекудің қажеті шамалы.

Балалар ата-анасының істегенін қайталағанды жақсы көреді. Егер балаңыз ақылды болсын десеңіз, үйде бірге кітап оқыңыз. Қиын мәселе болса,  оны қолдаңыз. Әсіресе, талпынса, табысқа жетуі сөзсіз. Сәтсіздік кезінде қолдау керек. Көбіне ата-аналар балаға ұрсып, ұрғанды жақсы көреді. Тыныштандырып, келесі жолы міндетті түрде жеңетінін айтқан жөн.

Балалар «Әдебиеттік оқу» сабағында қулық туралы әңгіме оқыпты. Ерлан деген бала бақылаудан нашар баға алады. Дәптерін анасына көрсетпеу үшін көшедегі құбырға тығып қояды. Оны інісі көріп қояды. Түскі тамақтарын ішіп болған соң, інісі ойнайық деп өтініш айтады. Інісі итін ертіп, із кесуші болып ойнайды. Итін жетектеп, Ерланның тығып қойған дәптерін тауып алады... Балалар әңгімені оқып, пікірлерін айтыпты. «Сабақтан нашар баға алса, анасы ұрсады, ұрады. Ерлан сол үшін дәптерін тығып қойды», «Ол анасын ренжіткісі келген жоқ», «Анасы басынан ұрып, айғайлауы мүмкін», – депті балалар.

Бала – отбасының айнасы. Апайы әңгіме арқылы балалар-дың ішкі күйін сезіпті. «Нашар оқыдың деп баланы төмпештеудің қажеті жоқ. Оқуға ықыласы жоқ болса, көмектесіңіз. Бірге кітап оқып, серуенге шығыңыз. Күніне бес минут болса да, баланы құшақтап, жылы шырай танытыңыз. Ол әлі бала ғой...» – деді сынып жетекшісі...

Дайындаған
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №48
29 қараша 2022 жыл

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор