• ҰЛАН
  • 21 Қараша, 2022

Ұлдарымызға отаны туралы айтып отырамыз

Ерлі-зайыпты Әлжан мен Мәдина Канаданың Монреаль қаласында тұрып жатыр. Әлжан – инженер, Мәдина қазіргі уақытта декретте. Отбасында екі бала бар – Әбіш пен Димаш. Әлжан Алматының тумасы, 41 жаста. Мәдина Түркістан облысының тумасы, 38 жаста. Мәдина – анамның студент кезде бірге оқып, жатақханада бес жыл қара нанды бөліп жеген құрбысы.

– Канадаға қоныс аударуыңызға не себеп болды? 

– Шынымды айтсам, Канадаға көшу ешқашан ойымызда болмаған. Жолдасымның жұмысы бойынша қоныс аудардық. Біз үшін Канада жаңа өмірлік тәжірибе болды. Басқа елдің мәдениетімен танысу әрқашан қызық деп ойлаймын. 

– Канададағы халықтың өмір сүру салты қандай екен?

– Біріншіден, жергілікті халық менталитетімен ерекшеленеді. Мысалы, адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасы сыпайы, сыйластыққа толы. Тіпті автокөлікті қауіпсіз айдайды, бір-біріне жол беру, құрмет көрсету канадалықтардың басты айырмашылығы. Екіншіден, олар сұрама-саң ақыл айтпайды. Кішіпейіл, қарапайым, кеңпейіл болып келеді. Орынсыз дөрекі немесе балағат сөз айтудан аулақ, бірақ әрқайсы өз құқығын білетін, адалдықты бағалайтын жандар. Үшіншіден, Канадада Қазақстандағы сияқты салт-дәстүр көп емес. Біз сияқты үлкен жиын жасау деген жоқ. Өйткені, қымбат. Сондықтан бәрі қарапайым өмір сүреді. Жас кездерінде көп еңбек етіп, қартайғанда кабриолет айдап жүреді. Халықтың көпшілігі спортпен айналысады. Саябақтарда қарт адамдардың хайкинг жасап жүретіні қатты таңғалдыратын. Олар солайша жастарды керемет спортқа құлшындырады. 

– Бала тәрбиелеу барысында ұлтжандылық мәселесіне көңіл бөлесіздер ме? 

– Меніңше, тәрбие беруді әр адам өзінше түсінеді. Мен үшін тәрбие беру – балаларға үлгі болу деген сөз. Өзіңнің жүріс-тұрысыңмен қандай адам болу керек екенін көрсете білу.  Бала айна сияқты, біздің барлық қылығымызды қайталап өседі. Отбасының маңызы зор. Балалар – біздің «ұстазымыз», олар жаратылысынан дана болып келеді. Біз олардан көп нәрсе үйренуіміз керек. Адалдық, шынайылық, сүйіспеншілік, махаббат... бәрі де бала жүрегінде. Біз ұлдарымызға әрқашан отанымыз Қазақстан екенін айтып отырамыз. Олар апа-аталарымен хабарласып, сөйлесіп тұрады. Канадада қазақстандықтармен кездесіп, салт-дәстүрімізбен таныстыруға тырыстық. Әттең, ковидтің кесірінен бара алмай қалдық отанымызға. 

– Канадаға алғаш барғанда қазақтың алдынан шығатын ең басты кедергі не? 

– Қызық және орынды сұрақ. Тек қазақтың алдынан емес, кез келген ұлттың  кездестіретін кедергісі – тіл мәселесі. Шет елдің тілін білу міндетті. Жаңа қоғамның ережесімен өмір сүру, араласып кету, жергілікті халықпен бір ағымда болу оңай емес. Көптеген иммигрант көшіп келіп, өз ережесін орнатқысы келеді. Иммиграция деген – толықтай жаңа ортаны қабылдау деген сөз. Канадада білім беру және денсаулық сақтау жүйесі біздікінен ерекшеленеді. Соған көпшілік үйрене алмайды. Мәселен, ақша/пара беріп проблеманы шешу дегенді ұмытқан жөн. Мұнда адам көп жағдайда өз күшімен жетеді. Жұмыс табу мәселесі де тез шешіле қоймауы мүмкін. Осы айтылғанның бәрі кедергі болуы мүмкін. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Диана ӘДІЛХАН
Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №47
22 қараша 2022 жыл

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор