• ҰЛАН
  • 21 Қараша, 2022

Қазақтардың ақшасы қандай болған?

Ахмет ТОҚТАБАЙ, ғалым, этнограф: 

– Күміс, алтын, қола сынды металл ақшалар шықпай тұрып, заттай айырбас болған. Алтайдағы Көк түріктер заманында V-VI ғасырда, ғұн заманы дейміз ғой, тиін ақша орнына жүрген. Тиін терісі шағын, өзі бағалы. Тиын деген сөз осыдан қалған. VII ғасырда Жетісуды жайлаған Түркеш қағаны алғаш рет теңге соққан. Оны табылған археологиялық қазбалардан білуге болады. Ол заманда ақшаның шығуы үлкен прогресс болған. Түркілер бір заттың орнына екінші зат беретін айырбасты тоқтатып,  орнына ақша беріп, сатып алған.

Орта ғасырларда Тараз,  Отырар, Сайран сауда қаласы болған. Қалада арнайы ақша сарайы жұмыс істеген. Алтын, күміс теңгелер шыққан. Атақты қала билеушілер, хандар, қағандар өзінің атынан ақша соқтырған. Қазақ хандығы кезінде де өз ақшалары болған. Хандықтың астанасы Түркістанда ақша сарайында арнайы Есім хан ақша соқтырған. Қазақтарда мал көп болды. Орта Азияда, Қытайдың базарында қазақтың малын жоғары бағалаған. Малды ақшаға сатады болмаса мата, киім-кешек, шай, ыдыс-аяққа ауыстырған. Малын күміс, алтын ақшаға айналдырған. Сосын қазақта ақша көп болды. Ұлттық теңгеге дейін күміс, алтын, мыс теңгелер болды. Қазақтың теңгесі бүкіл Ресейге тарады. «Теңге» деген сөзден орыстың «деньги»  сөзі шыққан. Орыстарда ол кезде ақша емес, аң терісі, балауыз, бал айырбастаған. Ақша Ресейден бұрын қазақтарда болған. Күмістен жасалған ақша көп пайдаланылған. «Тіллә» – Орта Азия хандарының ақшасы.

Қазақ малын сатып, керек-жарағына жұмсады. Орыстың ақшасы келгенде «сойса қаны, жаны жоқ» деп аса жаратпаған. Орыс тарихшысы Левшиннің 1830 жылдары жазғаны бар. Сегіз мың жылқысы бар байдан: «Малыңды неге сатпайсың? Ақшаға айналдырмайсың ба?» – деп сұрапты. Сонда бай: «Ол ақшаны ешкім көрмейді, білмейді. Ал жылқымды елдің бәрі көреді, біледі. Бай екенімді түсінеді. Ақшаны кім көреді?» – депті. 

Қазақ ақшаны тығып, сақтауды жөн көрмеген. Бірақ қазақтың қолында алтын көп болған. Алтайдың алтындарын сандықтың түбінде сақтап қояды екен. Алтынның мысқал, бармақтай, тұяқтай деген бірнеше өлшемі болыпты. Ресей патшалығына байланысты ақша саясаты өзгереді. Сауда айналымында ресейлік ақшаны қолданды. Кейін рубльмен есептесетін күнге жеттік. Бұл жағдай тәуелсіздік алған күнге дейін жалғасты.

Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №47
22 қараша 2022 жыл

426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор