• ҰЛАН
  • 21 Қараша, 2022

Кадр сыртынан эфирге дейін

Журналист мамандығы «Ұланның» барша оқырманына таныс деп ойлаймын. Қиындығы мен қызығы көп жұмыс жан-жақтылықты, білім мен жауапкершілікті талап етеді. Билік пен халық арасында алтын көпір болатын бұл саланың біз біле бермейтін қыр-сыры көп. Бұл туралы білу үшін тележурналист Асылзат Қабылбектен сұқбат алдық. Асылзат журналист болуды бала кезден армандағанын айтты:

– Ата-әжемнің үйінде теледидар көріп отырғанмын. Qazaqstan арнасында жаңалықтар қосулы тұрды. Диктордың ақпарат таратып, эфирде сөйлегеніне қызықтым. Сол сәттен осы мамандыққа қызығуым басталды. 7-сыныптан бастап қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен мектепаралық, аудандық, қалалық олимпиадаларға қатыстым. Бұл мамандықты одан әрі жақсы көре бастадым. 9-сыныпта жетекшім Жанар апай мамандық таңдау бойынша ұсынысын айтты. «Журналистика саласын көрерсің, бәлкім? Сені болашақта телеарнадан көретін сияқтымын. Шығарма жаза аласың, тіл біліміне де жақынсың», – деді. Отбасыммен ақылдаса отырып, осы мамандықты таңдаймын деп шештім.

Оқиға орнында жүріп, ақпарат таратып, халық пен үкіметтің арасындағы алтын көпір болу маған сол кезде арман болатын. Уақыт өте келе, бұл мамандықтың қыр-сырын біліп, оңай мамандық емес екенін түсіндім, – дейді Асылзат. – Мен қазақ тілінде білім беретін мектепте оқыдым. Университетте бакалаврды ағылшын тілінде  бітірдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдағаныма еш өкінбеймін. Бізге танымал телерадио журналистері сабақ берді. Оқу барысында «әттеген-ай» деген сәттер де болды. Болашақ журналистиканы таңдаған жас түлектерге бастысы өз таңдауыңды жасау екенін айтқым келеді.

– Алғашқы тәжірибеңіз есіңізде ме? Қайда және қалай өттіңіз?

– Алғашқы тағылымдаманы Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығынан өттім. «Хабар» телеарнасына қарасты Qazaq TV деген үш тілде ақпарат тарататын халықаралық арнаның жаңалықтар бөлімінде бір ай тәжірибие жинадым. Алғашында қобалжу болды. Бірақ бірден қолымызға микрофон ұстатып, түсірілімге жібере салған жоқ. Арнайы тілшілердің жанында тәжірибе жинасын деген оймен қасымызға үнемі бізге қарайтын, жұмысымызды тексеретін, қадағалайтын, тәжірибесі бізге қарағанда көптеу мамандарды қосып отырды. Соның арқасында Астана қаласындағы іс-шараларға, мемлекеттік іс-шараларға қатысып, спикерлерден сұқбат алуды үйрендік.

– Оқуды бітіріп, диплом алғаннан кейін жұмыс табу қиын болмады ма?

– Жоқ, ондай мәселе болмады. 4-курс оқып жүрген кезде бір семестр практикаға уақыт берілді. Мен сол кезде 31-арнадан тәжірибеден өтуге бардым. Танымал тележүргізуші Анна Данченконың тобына түсіп, сол кісіден тележурналистиканың қыр-сырын білдік. Оқу бітіріп, қолыма диплом ала сала, сол кісінің қарамағында жұмыс істедім. Сұқбат алдық, түрлі түсірілімге бардық, өзіміз жеке бағдарлама түсірдік, ол бағдарламаны басқа арналарға ұсындық. Біраз жұмыс атқардық.

– Университеттегі біліміңіз жұмыс істегенде қажет болды ма?

– Шыны керек, университетте алған білімнің тек 30%-ы ғана жұмыс істегенде қажет болған шығар. Қалған 70%-ы тәжірибемен келді. Оның өзіндік себептері бар. Менің ойымша, журналистер үнемі ізденісте жүруі керек. Тенденцияны бақылап, трендтен қалмауы керек.

– Журналистиканы таңдағандар, осы мамандықта оқитындар бұл салада бірінші қандай қабілетін дамытқаны дұрыс?

– Журналистиканы таңдағандар мен таңдағысы келе-тіндерге айтарым, ең бірінші жазу қабілетін дамытқан дұрыс. Жаза білмейтін журналист – журналист емес. Жаза алу деген – мәтіннің құрылымын дұрыс құру. Спикердің сөзін анық жеткізу, айтқысы келген ойын оқырманға, тыңдарманға, көрерменге дұрыс жеткізе білу. Сол жағдайды барынша көрерменге сезіндіру. Міне, осындай қабілеттерді меңгере алған журналист болашақта біраз жетістікке жетеді.

– Көбі журналистиканы оңай мамандық деп ойлайды, бұл саланың қандай қиындықтары бар? 

– Журналистика – қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісте болуды талап ететін сала. Сондықтан оңай деп айта алмас едім. Өзіндік қиындықтары бар. Үнемі барлық ақпараттан, барлық саладан хабардар болуың керек. Кейде бір оқыс оқиға болған кезде, түрлі апат болған сәтте, сол оқиға орнынан ақпарат таратуың керек болады. Бұл жерде журналист өзінің өмірін қатерге тігеді. Осындай түрлі қиындықтары бар.

– Журналист бәрінен хабардар болуы керек дейсіз. Өзіңіз телеарнадан басқа қай салада жұмыс істеп көрдіңіз? 

– Алғашқы жұмыс орным – «31-арна». «Айта берсін» бағдарламасында қызмет еттім, бұл бағдарламаның басты мақсаты – шоу-бизнес жаңалықтарын көрермен назарына ұсыну. Одан кейін «НТК» арнасына ауысып, ол жерде біраз уақыт жұмыс істедім. «Жаңа-LIKE» атты шоу форматындағы, келген қонақпен сұқбаттасу, ойын ойнау түріндегі қызықты бағдарлама ұсындық. «Өнерім – өмірім» атты жұлдыздардың шығармашылығы мен өмірін баяндайтын бағдарлама да жасадық. Одан кейінгі жұмысым радиода жалғасты. Алматы қаласы бойынша 100.2 толқынында таңнан кешке дейін жедел ақпарат таратып отырдық.Түрлі салаға байланысты жаңалықтарды оқыдым, спорт, мәдениет, жалпы әлемде болып жатқан оқиғалар да болды.

Одан кейін телеарнаға қайта бардым. Бірақ бұл жолы кадр сыртында емес, эфирде тізгінші, тележүргізуші болып қызметке орналастым. «Хабар»  арнасында көрсетілетін «Таңғы хабар» атты бағдарламаның жүргізушісі болдым. Үш сағат бойы тікелей эфир форматында түрлі сюжет, бейнероликтер көрсетіп, қонақтармен сұқбаттасамыз. Бірден эфир жүргізуші бола салған жоқпын, оның өзі кастингтерден тұрды. 

– Телеарнаға қалай келгеніңізді білдік, ал радиода жүргізуші болған қандай екен?

– Радиода жүргізуші болу үшін ең бірінші кастинг болды, тыңдалымға бардым. Даусымды жазып, кейін сол радионың басшысы хабарласып, мені жаңалықтар бөліміне алғысы келетінін айтты. Даусым, дикциям, интонациям олардың іздегеніндей  болып шыққанын айтқанда қуандым. Ұсынысты қуана қабылдадым. Бұл менің радиодағы алғашқы тәжірибем болды. 

– Болашақ журналистерге не айтасыз?

– Болашақ журналистерге тілерім, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болуға тырысыңыздар. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, шабыттарыңыз шыңдала берсін, биік-биік белестерді бағындыра беріңіздер. Бастысы, армандарыңыздан бас тартпаңыздар. Әрекетке берекет дейді ғой, әрекет етсеңіздер бәрі болады! Бәлкім, әріптес болатын күн де алыс емес шығар?..

Жазып алған 
Әсем УСЕНОВА,
№104 жалпы білім беретін мектептің
11-сынып оқушысы.

345 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор