• ҰЛАН
  • 22 Қараша, 2022

Қазақтың кейіпкерлерін ерекше таныстырғым келеді

Аружан Өнер – өнер саласының өкілі. Бірнеше фильмге түскен талапты да талантты қыз. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр және кино артисі» мамандығын қызыл дипломмен бітірген. Қазір Америкада, New York film Academy оқу орнында магистратурада оқиды. Кино актрисасы мамандығы бойынша 55 000 АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алған. Бірақ, ай сайын шәкіртақы беріп, оқуын төлейтін «Болашақ» бағдарламасының грантын таңдаған.

Аружан Инстаграм желісінде жеке блог жүр-гізіп, білгенін ортаға салады. Ән айтып, бимен айналысады. Кітап оқығанды ұнатады.

– Ата-анам мені кішкентай кезімнен қолдады, – дейді Аружан. – «Айгөлек» секілді байқауларға қатыстым. 2021 жылы X factor шоуына қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Төрт қыз болып топ құрдық. Жаңа ортаға түсіп, талантты өрендермен таныстым. Таныстарым дауыс беріп, қолдау білдірді. Хореограф болдым. Сахнаның құдіретін сезіндім. Кішкентай кезімнен сахнада өссем де, X factor сахнасынан ерекше тәжірибе алдым.

– Америкаға оқуға қалай түстіңіз?

– Екі жыл бұрын New York film академиясының Инстаграм парақшасын көріп қалдым. Баяғыдан осы жерге түссем деген мақсат болған.  Карантин кезіндегі жағдайлар әсер етті. Әкемнен айырылдым. Әкемнің «оқуға түсесің» деген сенімі күш берді. Бір күні оқуға түсемін деп шарттарын оқып, құжаттарды тапсыруға тәуекел еттім. Оқуға түсу үшін жеке құжаттарыңды жіберу керек. IELTS тапсыру керек міндетті түрде. Университетке шақырту (шартсыз), диплом транскрипті, 0,72 үлгідегі медициналық анықтама тапсырасыз. Мотивациялық хат, ұсыным хат, портфолио керек. Шығармашылық жұмыстарды міндетті түрде сұрайды. Актерлікке тапсырсаңыз, екі монолог, екі драма немесе комедия дайындайсыз. Ол ағылшын тілінде болуға тиіс. Биографияға келгенде өзім түскен фильмдер мен сериалдардан үзінділерді қосып, аударма жасадым. Ең маңызды құжат – мотивациялық хатты жақсы жаздым.

Алғашында ағылшын тілін меңгеру деңгейім төмен болды. Үш айда деңгейімді көтеріп, тест тапсырдым. New York film академиясына грантқа түстім. Шәкіртақы ұтып алдым, бірақ одан бас тарттым. Оқуым төленетін болса да, виза ала алмадым. Сол себепті «Болашақ» стипендиясына тапсырдым. Айта кететін жайт, бағдарлама шарты өзгерген. Алдымен оқуға шақырту алу керек, содан кейін ғана «Болашақ» бағдарламасына тапсыруға болады. 

– Визаға төрт рет тапсырған екенсіз. Нақты қандай қиындықтар болды? Сәтсіздіктен кейін қайта тапсыруға қорқыныш болмады ма?

– Шынымды айтсам, бірінші, екінші рет тапсырғанда қорқыныш болды, уайымдадым. Үшінші рет ешқандай қорқынышсыз, тәуекел етіп тапсырдым, алмасам да, ешқандай эмоция болған жоқ. Алмай қоймаймын деп бекініп, қайта тапсырдым. Сұрақ ағылшын тілінде болады. Сол кезде сөйлей алмай, толқуыңыз мүмкін. Дайындықпен барған жөн. Визаға тапсыруға кіргеннің өзінің атмосферасы бөлек. Шетелге тапсырып жатқаның сезіледі. Болашақта тапсыратындарға осындай психологиялық жағын ескеріңіздер дегім келеді. Нақты төрт сұрақ қояды. Не себепті барасыз? Неге дәл осы университетті таңдадыңыз? Қазақстанға қайтып келгеннен кейінгі мақсатыңыз қандай? Сізге оқуға ақшаны кім төлейді, ол адам немен айналысады? Міне, осы сұрақтардың жауабын нақты білуіңіз керек.

– Ағылшын тілін қалай үйрендіңіз?

– Ағылшын тілін үйренгенде қозғаушы күш болғаны дұрыс. Дедлайн қысып тұруы керек. «Менде үш ай уақыт бар, басқа амал жоқ» деген секілді болуға тиіс. Әйтпесе, бір ай оқып, мотивацияңыз жоғалуы мүмкін. Ең бастысы, мақсатың айқын болуы керек. Визуализация жасаңыз. Деңгейім төмен болғанда, аптасына үш күн жеке мұғаліммен, үш күн айтылым бойынша басқа мұғаліммен сөйлестім. Аптасына алты күн оқыдым. Демалыс күні қайталап жүрдім.Түнімен ұйықтамай оқыған сәттерім болды. Жаттаған сөздердің ұмытылуы қалыпты екенін түсіну де маңызды. Ағылшын тілін оқығанда үйде тапсыратын түрлі тест бар. Өзім Duolingo English Test арқылы тапсырып көрдім. Сынақ тест арқылы дайындалуға болады. Америкада көп университет Duo lingua арқылы қабылдайды. Сайтты қарасаңыз, барлығы түсінікті болады.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Бір айда Америкаға баруым керек, сабағым басталатын уақыт та жақындап қалды. Лос-Анжелес қаласында New York кампусында оқығанда «Universal Studios» сияқты жерлерде тәжірибе жинауға болады. Голливудтың ортасында білім алып, өнер саласында жаңа өзгеріс жасасам деймін. Қазақстанға келгенде студия ашқым келеді. Арнайы кейіпкерлерді көрсетуді мақсат тұтамын. Қазақ халқының кейіпкерлерін ерекше етіп шығарамын. Біздің мектептегі балаларды Америкадағы университетті аралатуға мүмкіндік жасау да мақсатымның бірі.

– Cәттілік тілеймін, жолыңыз ашық болсын! 

Сұқбаттасқан 
Перизат ШАДЕН

«Ұлан» газеті, №47
22 қараша 2022 жыл

264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор