• Толағай
  • 15 Қараша, 2022

Қазақстан премьер-лигасында «Астана» чемпион болды

Тоғыз айға жалғасып, толғағы жеткен футболдан 2022 жылғы қазақстан чемпионаты «Астананың» жеңісімен аяқталды. Наурыздың алғашқы аптасында басталған доп додасы қарашаның бірінші жексенбісінде тізгін тартты. 26 тур бойы турнир кестесінің алғашқы үштігінен түспеген «Астана» соңғы турда жеңіске жетіп, ел тарихындағы жетінші чемпион-дығына қол жеткізді. ұзақ үзілістен кейін жүлдегерлер қата-рынан көрінген «Ақтөбе» екінші орынға жайғасса, былтырғы ел чемпионы – «Тобыл» үшінші орынға табан тіреді.

Отандық футболшы және функционер Михаил Гурманның құрметіне өткізіл-ген ел біріншілігінің соңғы турында чемпиондықтан үміткер «Астана» Қарағандыға сапар шегіп, жергілікті «Шахтер» клубымен кездессе, «Ақтөбе» өз алаңында Алматының «Қайратымен» жасыл алаңда жолықты. Жарыс жеңімпазын анықтап беретін екі матчта да бас жүлдеден үмітті командалар жеңіске жеткенімен, соңғы тур алдында «Ақтөбенің» алдын орап кеткен елордалық ұжым Қазақстан біріншілігінің 30 маусымында топ жарды. 26-турда «Астана» сырт алаңда «Шахтерді» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің қызу қолдауының арқасында «Қайратты» ірі есеппен жеңді – 4:1. Осылайша, «Астана» – чемпион, «Ақтөбе» футболшылары күміс жүлдені мойнына ілді. «Қайраттың» соңғы турдағы жеңілісін Қостанайдың «Тобылы» тиімді пайдаланып, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Оралда жергілікті «Ақжайықпен» ойнаған «Тобыл» бұл матчта жеңіске жетіп қана қоймай (3:1), алаң иелерін Премьер-лигадан шығарып жіберді. Сөйтіп, «Ақжайық» келесі маусымды Бірінші лигада өткізетін болды. Игорь Сергеев пен Серж Дебле дубліне «Ақжайық» футболшысы Илья Коваленко бір доппен жауап қайтарғанымен, командасын жоғары топта сақтап қала алмады. Дей тұрғанмен, Орал клубы үшін биылғы футбол маусымы әлі аяқталған жоқ.

Олар 12 қарашада Шымкенттің «Ордабасы» клубымен Қазақстан кубогын сарапқа салады. Жеңіске жеткен ұжым келер жылғы Еурокубок ойындарына жолдама алады. Сондай-ақ келесі жылы «Ақжайықпен» бірге Түркіс-танның «Тұраны» да Бірінші лигада доп тебетін болды. Бірер жыл бұрын ғана жоғары топқа қосылып, атауын «Тұран» деп өзгерткен оңтүстіктің командасы соңғы турда «Тараздан» басым түссе де (3:2), бәрібір Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алмады.

Ал Бірінші лигада жеңіске жеткен Көкшетаудың «Оқжет-песі» мен екінші орынға табан тіреген Қызылорданың «Қайсары» Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. «Оқжетпес» 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша төменгі лигаға түсіп қалғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Енді, міне, араға екі жыл салып, жоғары топқа қайта қосылды. «Қайсар» Бірінші лигада бір ғана маусым өткізді. Сөйтіп, келесі жылғы ел чемпионатында «Оқжетпес» пен «Қайсар»,  «Ақжайық» пен «Тұранның» орнын басатын болды.  

Биылғы футбол маусымы-ның статистикасына аз-кем тоқталып өтер болсақ, 26 турда 53 ұпай жинап, чемпион атанған «Астана» осымен жетінші мәрте қос құлақты кубокты олжалап, ел біріншілігінде ең көп жеңіске жеткен команда ретінде рекорд орнатты. Бұған дейінгі рекорд та «Астанаға» тиесілі еді. Қазақстан чемпионатында бес мәрте топ жарған «Ақтөбе» екінші орында келеді. Сондай-ақ елордалық команда 26 турдың 16 кездесуінде жеңіске жетіп, 5 матчта қарсыластарымен тең түссе, 5 ойында жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. «Астана» футболшылары қарсыластары қақпасына жалпы саны 65 гол соғып, өз қақпаларына 24 гол өткізіп алды.Чемпионаттың ең тәртіпсіз командасы ретінде біріншілік дебютанты «Мақтаарал» көзге түсті. 26 ойында Түркістан облысы клубының жеті футболшысы төреші тарапынан «қызыл» қағазбен жазаланып, алаңнан қуылған. Кейінгі орындарға «Тұран» (6), «Шахтер», «Қайрат», «Тараз» (5) клубтары жайғасқан. Ал «Астана» мен «Қызылжар» футболшыларына тек бірбір мәрте «қызыл» қағаз көрсетілген. Жалпы, осы маусымда 51 футболшының «қызыл» қағазбен жазаланғанын айта кетейік.

Енді чемпиондық туралы бір ауыз сөз. «Астана» бұған дейін 2014 – 2019 жылдар аралығында чемпиондықты ешкімге бермеген. Ол кезде де талай даулар болған. Төрешілердің қателігі, елорда командасымен кездесетіндердің әлсіз құраммен шығуы күмән-ді тудыратын. Бұл кезде «Астана» клубында директор Саян Хамитжанов еді. Кейін ол басшылықтан кеткенде Алматының «Қайраты» және Қостанайдың «Тобыл» командасы топ жарды.

Биыл да «Астана» екінші орында келе жатқан. Батыстағы «Ақтөбе» 7 ұпайға дейін алға ұзап шыққан. Бірақ қыркүйек айында жоғары да есімі аталған Хамитжанов мырза фут-болға қайта оралды. Дәлірек айтқанда, «Астана» клубы директорының кеңесшісі болып тағайындалды. Ресми түрде директор Тастанбек Есентаев болғанымен, тізгін осы азаматта екені түсінікті еді. Ол келе салысымен, бас бапкерді ауыстырды. Сербиялық Срджан Благоевичті босатып, орнына Григорий Бабаянды тағайын-дады. Міне, осыдан бастап, төрешілердің «Астанаға» бүйрек бұруы да жиіледі. Сосын Шымкенттің «Ордабасы» командасымен күмәнді матчтарды айтуға болады. Мысалы, біріншілікте шымкенттіктер 0:6 есебімен ойсырай ұтылса, кубоктың жартылай финалында елорда командасы сыйлығын қарымтасын қайтарды. Ал чемпиондық шешілген «Ордабасы»  мен «Ақтөбе» ойыны тең аяқталып, Андрей Карпович шәкірттері бас жүлдеден үміт үзді. Төрешілердің қателіктері де осы жылы көп болды. Жалғыз «Астанаға» ғана емес, «Ақтөбемен» «Тобылға» да бүйрегі ұратын төрешілер табылды. 

Әрине, «Ақтөбенің» чемпиондықты уыстан шығарып алуына өздері кінәлі. Бірақ жыл сайын осындай дау-дамаймен аяқталатын чемпионаттың қазақ футболының дамуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұрынғы жылдарды есепке алмағанның өзінде, соңғы үш жылдағы жеңімпазды жанкүйерлер мойындай қоймайды. 2020 жылы премьер-лига ойындары Алматыда өтіп, «Қайрат» чемпион атанды. Былтыр Қостанайдың «Тобылды» да төрешілер сүйрегені жасырын емес.
Ел футболының болаша-ғын ойласақ, осындай әділет-сіздіктің алдын алу керек. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №46
15 қараша 2022 жыл

294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор