• ҰЛАН
  • 15 Қараша, 2022

Мектеп формасы өзгереді

Қазір мектепке пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейде киюге рұқсат. Енді оқушылар пиджак пен жакеттің орнына түймелі, сыдырмалы тоқылған күрте мен кардиган киюіне болады. Күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейдеге ауыстыруға да болады. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да талаптарды мектеп әкімшілігі шешеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы былай дейді: «Мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Ең басты мақсат – тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру. Ата-аналар сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы еместігін айтқан екен. Сол себепті балама ретінде ыңғайлы киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Мысалы, ресми пиджак, жакет орнына тоқылған күртеше. Күнделікті жейде орнына поло жейде. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды».

Енді планшетпен оқимыз

«Кітаптың орнына план-шетпен оқимыз». Осы сөз мектепте желдей есіп тұр. «Оқушыларға кітап керек емес пе?» деген сұраққа Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов жауап берген еді. «Планшеттің көмегімен балалар цифрлы сабақтарға, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша дайындалады. Интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақтарды, тапсырмаларды, білім беру ресурстары және оқулықтарды офлайн пайдалану мүмкіндігі болады. Оқушыларды электрондық құрылғы-лармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Егер қандай да бір себеппен планшеттерді қолданғысы келмесе, оған рұқсат. Оқушы әдеттегідей оқулықтармен оқи береді. Планшеттер оқулықтарды алмастырмайды, бұл – оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады».

Берілетін электронды планшеттердің пайдасы көп. Оқушылардың қосымша ізденуіне мүмкіндіктер береді. Ауыр сөмкесін жеңілдетеді. Өйткені, ауыр сөмке, артық зат баланың денсаулығына зиян. Планшетпен қандай сабақ оқимыз? Ішінде не бар? Планшетте балаларға электронды күнделіктер, оқулықтар мен цифрлы білім беру ресурстары орнатылған. Планшетпен бірге оқулық та беріледі. Осылайша, балалар цифрлы сабақтарға, жаттығуларға және тапсырмаларға қосымша қол жеткізеді. Тағы бір қызығы, мектепте баспа оқулықтарын қолдануға, кейін оларды сол жерде қалдыруға рұқсат.  Үй тапсырмаларын орындап, қосымша білім алу үшін электронды құрылғыларды қолдануға болады. Планшетті пайдаланғысы келмеген оқушы оқулық пайдалана береді.

5, 8, 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады

Бұл өзгеріс келесі оқу жылынан бастап енгізіледі. Осы уақытқа дейін қазақ тілінен сынақты тек 9 және 11-сынып оқушылары тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады. Ұсыныс қазақ тілі мұғалімдерінің съезінде және Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өткен мұғалімдер қауымдастығы өкілдерінің кездесуінде айтылған еді. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар құрастырады.
Пән бойынша қорытын-ды бағалар жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
Көрнекі сурет turkystan.kz

«Ұлан» газеті, №46
15 қараша 2022 жыл

624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор