• Толағай
  • 25 Қазан, 2022

Ильин мен Өтешовке еліктеп өстік

Күні кеше Бахрейн елінде ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталған болатын. Осы сында Қазақстан құрамасы сапынан алтын алып, ел мерейін асырған спортшының бірі – Асылжан Бектай. Қызылордалық өрен 89 келіге дейін салмақта топ жарды. Жеңіске жеткен спортшымен «Ұлан» газетінің тілшісі алғашқылардың бірі болып сұқбаттасты.

– Асылжан, жеңіс құтты болсын! Елге қашан оралдыңдар?

– Құттықтауыңызға рақмет! Біздің құрама екі бөлініп келді. Жарыстың алғашқы күндерінде өнер көрсеткендер бірінші болып, елге қайтса, біз екінші топпен 14 қазан күні келдік. 

– Жарыс қалай өтті?

– Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылар жақсы дайындалған екен. Өзім олим-пиадалық салмақта (89 келіге дейін) қатыстым.

– Бұл сенің ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысың ба?

– Бұған дейін тамыз айында Түркия Конья қаласын-да өткен Ислам ойындарына қатысқанмын. Анадолы елінде үздік үштіктен көрінгенмін. Жұлқа көтеруден 162 келі көтеріп екінші орынға тұрақтасам, серпе көтеруде 191 келімен қола жүлде бұйырды. Қос сайыстағы нәтижем –353 келі. Осы жолы Бахрейнде көрсеткішімді жақсарта түстім. Алғашқы жаттығуда 165, екіншісінде 197 келіні еңсердім. Сөйтіп, 362 келімен чемпион атандым. Ислам ойындарымен салыстырғанда қоссайыстың қорытындысы бойынша 9 келіге жоғары көтердім. Нәтижеме көңілім толады. Ойға алған жоспарым орындалды. 

– Бахрейн басты қарсыласың кім болды?

– Өзбекстанның  Сарварбек Зафаржонов есімді спортшысы бар. Былтыр өзі елінде өткен әлем чемпионатында екінші орын алған. Ислам ойындарында топ жарған. Бұл жолы ол жүлдеден тыс қалды. Азия чемпионатына барғандардың арасында ең атақтысы осы жігіт.

– Әзірге салмақ ауыстыру ойда жоқ па?

– Бұл олимпиадалық салмақ. Осы салмақта қаламын. Салмақ қуу жағынан проблема жоқ. 

– Биылғы маусым осымен аяқталды ма? Әлде жарыстарға қатысасың ба?

– Желтоқсан айында Колумбияның Богота қаласында жылдың басты додасы әлем біріншілігі өтеді. Қазір сол додаға қызу дайындықты бастап кеттік. Маусымды әлем чемпионатынан кейін аяқтаймыз.

– Дүниежүзінің мықтылары келетін додаға 89 келіде Қазақстаннан өзің барасың ба? Әлде әлі белгісіз бе?

– Алда ішкі іріктеулер болады. Дегенмен, өз салмағымда мен фаворитпін. 

– Колумбияда жүлде әкелуге мүмкіндік бар ма? Қарсыластарыңның көрсет-кішін қарап көрдің бе?

– Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген атлеттердің нәтижелерін білемін. Әзірге менің көрсеткішім жүлдеге жетпейді. Бірақ ондықта бармын. Қазір Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиыны жүріп жатыр.

– Бапкерлерің туралы айтып өтсең?

– Алғашқы бапкерім – туған жерім Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қалдыбай Тоқбаев. Ол кісі спорт саласының ардагері. Біраз мықтылардың томағасын сыпырды. Қазір екінші жаттықтырушым бар. Есімі –  Даниель Есмагамбетов. 

– Отбасында неше ағайындысыңдар?

– Өзім Шиеліде дүниеге келгенмін. Отбасымызда үш ағайындымыз. Екі ағам бар. Жалпы, әке-шешемді қосқанда бес адамбыз. 

– Қазір бір жерде оқып жүрсің бе?

– Алматыдағы Спорт және туризм академиясының төртінші курс студентімін. Биыл бітіремін. 

– Спортқа неше жасыңда келдің?

– Алғашында ауылда футбол ойнайтынмын. Сосын 2012 жылы ауыр атлетикаға келдім. Спорттағы жолым сол Шиеліде басталды. Кейіннен Алматыдағы Республикалық спорт мектеп-интернатына түстім. Алдымен мектебінде екі жыл, кейін колледжінде үш жыл оқыдым.

– Республикалық спорт мектеп-интернат-колледждің айналасында биыл дау арылмады. Мектебі жабылып, тек колледжі қалды. Шенеуніктер нәтиже төмендеп кетті дегенді алға тартады. Бұған келісесің бе?

– Жоқ. Менің бітіріп кетке-німе төрт жыл болды. Өзім оқыған тұста республикада алдыңғы қатарда жүретінбіз. Көрсеткіштеріміз өте жақсы болды. Бапкерлердің де, оқушылардың да арасында мықтылар жетерлік. Сол жерден үйренгеніміздің арқа-сында ұлттық құрама деңгейіне дейін жетіп отырмыз ғой. Оның орналасқан жері де қолайлы. Орталықта болғасын. Төсек-орны жеткілікті, тамақ-тары уақытылы берілетін. Оқу жағынан да біздің балалар алда жүретін. 

– Осыған дейін басқа қандай жетістіктерге жеттің?

– Бұған дейін төрт халық-аралық жарысқа қатыстым. Үш Азия, бір әлем біріншілігі. 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінен қола жүлде алғанмын. 

– Ауыр атлетикадағы ең өзекті мәселенің бірі – допинг. Спортшыларымыз жиі ілігеді. Өзің осы жағынан қаншалықты мән бересің?

– Халықаралық жарыстарға шығып жүрген соң үнемі қадағалаудамыз. Аяқ астынан келіп, тексере салады. Елдің намысын қорғап жүрген соң, барлығына мұқият қараймыз. Кәсібилік қажет. Дәрігерлеріміз бар. Кеңестерін айтып тұрады. Білмегенімізді сұрап тұрамыз.

– Ауыр атлетиканы таңдауыңа не себеп болды?

– Алғаш жаттығу залына досым ертіп апарған. Сосын сол жердегі балаларды көріп, қызығушылығым артты. Біз Илья Ильин, Алмас Өтешовтерге еліктеп өстік. Солар секілді чемпион болуды қаладық. Үш ай тұрақты қатысып, жарысқа апарды. Бірден екінші орын алып, ауыр атлетикада жетістікке жетуге деген мотивациям артты. 

– Әлемдік деңгейде спортшылардан қай атлеттің өнері ұнайды?

– Румыниялық Габриэль Синкраян деген бар. 2016 жылы Рио Олимпиада-сында 85 келіде қола медаль алған. Бірақ допингпен ұста-лып, оның жүлдесі біздің жерлесіміз Денис Улановқа бұйырды. Сол атлеттің техникасын ұнатамын. Интернеттен видеоларын қарап, қызығамын. Өзіме керек тұсын алуға тырысамын. 

– Қолың босағанда немен айналысасың?

– Бала кезден футбол ойнап өстім ғой. Уақыт болғанда доп қуалаймыз. Сосын грэпплинг деген бар. Жігіттермен алысып-жұлысып тұрамыз. 

– Футболдан қай команданың жанкүйерісің?

– Криштиану Роналду «Реалға»  келгенде сол клубқа жанкүйер болып бастағанмын. Содан бері Мадрид клубының фанатымын. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №43
25 қазан  2022 жыл

601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор