• Сырсандық
  • 10 Қазан, 2022

Аяжан ҒАППАР. «Қаршығаның құпиясы» (Жасөспірімдерге арналған әңгіме)

Сәлем! Менің атым – Жәния. Биыл мектеп бітір-дім. Графикалық суретші мамандығына грантқа түстім. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым жасөспіріммін. K-pop бағытындағы әндерді тыңдап, дорама көргенді ұнатамын. Бір жағынан зомби апокалипсис жайлы көбірек ойлайтын болдым. Бұрындары зомби, вампир, монстр дегендерге қызықпайтын едім. Егер сол жағдай болмаса, бәрі басқаша болар еді.

2019 жылдың жазында отбасымызбен қаланың шет жағында орналасқан кішкентай үйге көшіп бардық. Ол кезде 14 жаста-мын. Інішегім Жәнібек енді 1-сыныпқа баратын кез. Бұрын төртеуіміз асүйі де жоқ бір бөлмелі коммуналдық пәтерді жалдап тұрдық. Жуынатын бөлме мен дәретхана бес қабатқа біреу еді. Ал жаңа үйімізде бәрі басқаша. Көлемі кішкентай болса да, бұрынғы тұрған жерімізден әлдеқайда жақсы. Ең бастысы, асүй мен санузел бар. Тек бауырым Жәнібек екеуіміздің бөлмеміз ортақ. Мен  жаңа үйімізде жеке бөлмем болса деп армандап едім.

Күзде сабақ басталып,  жергілікті мектепке орналас-тым. Жаңа сыныптастарым мені жақсы қарсы алмады. Ұлдар мазақтап, қыздар менсінбей қарайтын. Сыныптастарыма БЖБ кезінде көмектессем де, үй жұмысын орындап берсем де, ешкімге жақпай қойдым. Бәлкім үстімдегі арзан киімім мен ескі смартфонымды ұнатпаған болар.

Сондай сәтте жаныма жұбаныш болар нәрсе – музыка мен сурет салу. Сурет салу әкемнен дарыған. Ал музыка деген... Музыка деген күшті ғой. Әсіресе, BTS-тің әндері қандай тамаша! Бұл топтың тректерін тыңдасам, ғарышқа ұшқандай болам. Шіркін, біреу маған сол топтың концертіне билет сыйласа ғой! Қысқасы, K-pop әндері қуанышқа бөлейді деген рас екен.

Бірде көңілімді қалдыр-ған жағдай болды. Соңғы сабақта апайымыз жұмыс-тарымен шығып кеткен еді. Әркім өзімен-өзі. Мен BTS-тің әнін тыңдап, сүйікті мемберім Чиминнің суретін салып отырмын. Бір кезде салып отырған суретімнің үстіне біреу «Кола» құйып жіберді. Мен шошып кеттім. Құлаққапты шешіп тастап, орнымнан атып тұрдым. Артур дейтін «жынды» қарқылдап күліп, «Коланың» қалған бөлігін менің үстіме тағы шашып жіберді. Қалған сыныптастарым болса мені қорғаудың орнына, видеоға түсіріп, мазақ қылуда. Сыныптың сылқымы Дарина: «Артур, пранкты күшті істедің. Енді Тиктокта хит боламыз. Сосын мынау сияқты аутсайдерге Чиминнің сурет салу қалып еді», – дегенде шыдай алмадым.

– Мен сендерге не істеп қойдым?! Адам емес екенсіңдер! – деп заттарымды жинап, есікті тарс жауып кетіп қалдым.

Үйге жеткенше еңіреп жылаумен болдым. Кереуетке сылқ етіп құлап, асықпай жылап алғым келді. Бірақ көктегі Құдай бұны да көп көрді ме екен... Әйтеуір сол күнді ойласам жыным ұстайды. Бөлмеме кіргенім сол-ақ екен, сұмдық жайттың куәсі болдым. Кеше түнімен ұйықтамай әрең салып бітірген суретімді інім Жәнібек бүлдіріп тастапты. Суретте сол баяғы BTS тобы ғой. Топтағы 7 айдолдың бет-ауызы шимай-шимай. Қаным басыма шапты. Жәнібекті иығынан бір жұлқып, айғайға бастым.

– Сен, ақымақ, не істегенсің? Қолыңды кесіп тастайын ба? А?! Біреудің затында не жұмысың бар? Оңбай қалған бала екенсің! – деп ұрсып жатырмын. Сол сәтте бөлмеге анам кіріп келді. Анамды көрген Жәнібек әдейі бақырып жылай бастады.

– Анашым, Жәния маған ұрысты. Сосын аямай соқты. Мен байқаусызда оның салған суреттерін бүлдіріп алдым. Әдейі жасаған жоқпын, – деп өтірікті судай сапырды. Анам болса Жәнібекті қолдап шықты.

– Бауырың суреттерді бүлдірсе не бопты? Бала емес пе?! Қалам-қарындаштарыңды жинап қоймаған өзіңнен көр. 

– Бұл менің қарындаштарым емес. Жәнібектікі. Бұл бала өткенде де менің суреттерімді осылай шимайлап тастады.

– Жақсы болған. Дұрыс істеген. Қайдағы бір кәрістің суреттерін салғанша, дұрыстап сабағыңды оқымайсың ба? Корея, «битиэс, митиэс» дегенді қой. Әкең не салып жүргеніңді білмесін. Әйтпесе, бәріміздің жанымызды шығарады.
– Сендер дым түсінбейсіңдер. Менің не тыңдап, не салатынымда не шаруа-ларың бар? – дегенім сол-ақ екен, анам жағымнан салып қалды. Сол кезде үйге әкем де кіріп келді. 

– Не шу мынау? Не айғай? – деді әкем.

– Мына қыз күн өткен сайын құтырып барады. Үлкенге сөз қайтаратын болған, – деп жағаласты анам.

– Сөз қайтарады де. Ал мынау кім? Қызтекеге ұқсаған кімдер мынау?

– Әке, бұл BTS деген топ. Жәния әпкем сондағы Чимин деген жігітке ғашық, – деді Жәнібек.

– Қарай көр бұны. Қызым әкесіне ұқсап сурет салып жүр ме десем. Болмайтын нәрсеге еліктейді екен ғой. Сурет салғың келсе, қазақтың батырлары, ақындары жетпей жүр ме саған? Енді сурет, анау-мынау деп аузыңды ашушы  болма!

Осылай деген әкем менің сурет салуға керекті құралдарымды терезеден лақтыра бастады. Анамда үн жоқ. Әкеме «олай етпе, лақтырма» деп жалынып жатырмын. Бірақ әкем мені тыңдамады. Бір кезде қалтасынан оттық шығарып, менің барды-жоқты «қазынамның» үстіне тастай салды. Бар еңбегім, өз ақшама сатып алған құралдарым көз алдымда жанып жатыр. Ернімді тістелеп әрең жылап тұрмын. Әлгі заттармен бірге жандүнием де отқа айналып бара жатқандай. Оқ сөніп, шоқ басылған кезде әкем анама қарап, «мына қызды бір түнге қоймаға қамап таста» деді.

Анам әкемнің оң қолы емес пе? Арқамнан түйгіш-тей жүріп, анам мені қоймаға қамап тастады. Қойманың терезесі жоқ еді. Бірақ кішігірім үстел шамы болатын. Соны қосып алдым. Ұзақ уақыт төбеге қарап жаттым. Ішімнен «осылар мені асырап алған» деп ойлап қоям. Есікке жақын жерден ескі қорапты байқадым. Басында мән бермегем. Кейін ішінде жейтін бірдеңе болар деп қорапты аша бастадым. Қателеспеппін. Қораптың ішінен екі бөтелке «Кола», ланч кеспелер мен «Орео» печеньесі шықты. Мерзімі өтпепті. Бұндай тамақтарды ата-анам мүлдем алғызбайтын. Қорапты одан сайын ақтара түстім. Зомбиге ұқсас ойыншықтар мен түрлі комикстер де бар екен.

Ең қызығы, іші сурет пен жазуға толы қап-қалың күнделік тауып алдым. Сыртында «Zombie. Help. Plan» деген жазуы бар. Әлгінің іші де зомби тематикасына толы. Күнделікті басынан бастап оқи бастадым. Зерттеулер, теориялар сияқты нәрселер жазылыпты. Біздің қоғамда зомбилер бар дей ме? Пәленше деген вирустың кесірінен миллиондаған адам қайтыс бола ма? Жаппай локдаун болады екен. Адамдар ешқайда шықпай ма? Әйтеуір, сондай бірдеңелер. Шынымды айтсам, мистикалық персонаждарға мүлдем қызыққан емеспін. Бар екеніне сенбеймін де. Бірақ қоймадағы уақытты босқа өткізгім келмеді. Сол себепті, зомбилер туралы комиксті оқуды дұрыс деп шештім. Кенет комикстің арасынан конверт тауып алдым. Біреу хат жазыпты. Хатта: «Бұл жер менің бункерім. Карантин басталмай тұрып азық жинап алуым керек», – деп жазылыпты. Астында Қаршыға Әмірханұлы Ахметқалидың есімі көрсетіліпті. Тоқтай тұр. Ахметқали? Ахметқалиевтер? Бұл деген біздің үйдің бұрынғы иелері ғой. Әмірхан аға мен Қаламқас апайдың Қаршыға есімді баласы жоқ еді ғой. Ал сонда Қаршыға деген кім? Мына заттар кімдікі? Қызық... Бұны анықтап білу керек. Өзімді детектив ретінде сезінгім келді.

Ертесіне анам мені бостандыққа жіберді. Әдеттегідей өзіммен өзім болып мектепке кетіп барам. Құлағымда құлаққап. Міне, тағы да Артур. Ол есалаң мені әдейі қағып жіберді де, кетіп қалды. Бетоннан қаланған қабырғаға жалп етіп соғылдым. Ай! Қолымды ауыртып алдым. Сол сәтте қабырғадағы граффитиге көзім түсті.  Бет-аузы жап-жасыл, қисық тісі ақсиған зомби. Негізі бұл суретті күнде көремін. Мән бермей қасынан өте шығатынмын. Бірақ кешегі оқығандарымнан кейін әлгі суретке ұзақ қарап тұрдым. Астында өте кішкентай жазумен біреудің Инста парақшасы белгіленіпті. Дереу Инстаграмға кіріп әлгі аккаунтты тердім. О, Құдайым! Бұл Қаршығаның парақшасы екен! Иә, дәл өзі! Қаршыға Ахметқали деп жазылыпты. Қаршыға қабырғаға сурет салады екен. Міне, мына фотода зомби боп киініп алыпты. Ал мұнда 14 жасқа толыпты. Тоқтай тұр! Мынау Артур емес пе? Ол жынды мен Қаршыға екеуі дос болған ба? Зомбидің граффитиін де сол екеуі салыпты. Енді мынаған қара! Бұлар менің сыныптастарым ғой! Мәссаған! Қаршыға тіпті менің қазіргі сыныбымда оқыған ғой. Бірақ неге ешкім ол туралы айтпайды? 

Миымдағы қаптаған ойды арқалап сыныпқа кірдім. Терезенің алдында шіреніп Артур тұр.  Мен Артурға телміріп ұзақ қарадым. Бұл есалаң не жасырды екен? Бір жағынан оның көзінен мұңды байқадым. Менің өзіне қарап қалғаным-ды сезген Артур: «Не қарай-сың?» – деп қойып қалды. Күні бойы сабақта Артур мен Қаршығаны ойлап басым қатты. Артурға назарым ауа берді. Енді «ондай» мағынада емес. Сабақтың соңына таман Дарина бәрімізге қалыңдар деді. Сыныптағы қыздар Жаңа жыл мерекесіне орай «құпия дос» ойынын ойнатпақшы. Ұсақталып бүктелген қағаздан Артурдың есімін көргенде шок болдым. Осы Артурдан құтылмайтын болдым ғой.

Жол бойы кешегі қорапты не істеймін деп ойлаумен болдым. Ақыры Қаршығаның өзіне апарып беремін деп шештім. Үйдегі құжаттардың арасынан Ахметқалиевтердің мекен-жайын тауып алдым. Ата-анама мерекеге дайын-даламын деп өтірік айттым. Қаршығаның жаңа үйі қаланың басқа бір шетінде екен. Есіктің қоңырауын басып күтіп тұрмын. Мені Қаламқас апай қарсы алды. Неге келгенімді айтқанда, апай еңкілдеп жылай бастады.  

– Қаршығамнан, жалғызымнан айырылдым ғой... Байғұс балам зомби, зомби деп қиналып кетті. Бәрі атың өшкір оңбаған Артур мен әкесінің кесірінен. 

Қаршығаның дүние салғанын естігенде денем түршігіп кетті. Ол әлі жап-жас қой. Ал Артурдың Қаршығаның өліміне не қатысы бар? Қаламқас апай көз жасын тыйып, әңгімесін бастады.

Қаршыға кішкентай кезінен қияли боп өсіпті. Фантастикалық кітаптарды көп оқыған екен. Болмысы өзгеше Қаршыға өтпелі кезеңде қатты қиналған. Достары да болмаған. Ол аздай жақсы көретін әжесінің қазасы Қаршығаның қанатын қайырыпты. Бір күні оның сыныбына сотқар бала Артур ауысып келеді. Қаршыға мен Артур алғаш танысқан күннен бастап жақсы дос боп кетті. Екеуі екі түрлі ортада өссе де, оларды байланыстыратын нәрселер жетерлік. Екеуі де граффити стилінде сурет салғанды ұнатады. Зомби, комикс дейтіндер тағы бар. Қаршыға мектепте аутсайдер болса, Артур күн сайын әкесінен таяқ жеумен болыпты.Қысқасы, бұл екеуі бірін-бірі жақсы түсінген. Айтпақшы, Қаршыға «құс ауруымен» ауырыпты. Құстардың келіп-кетер уақытында мектепке бармайды екен. Сол көктемде Қаршығаның ауруы жаман болыпты. Ешкімді тыңдамай, «вирус келеді, бәріміз ауырамыз» дей беріпті. Баласының қиналғанын қаламаған ата-анасы оны жындыханаға ем алуға жіберген. Оған Қаршыға көнбеген. Болмағасын досы Артурға «мені құтқар» деп хабарласқан. Артур досын жындыханадан алып қашқан бойда, Қаршыға көлікке соғылып, сол жерде ажал құшқан. Өкініштісі сол, Қаршығаны қаққан адам Артурдың әкесі боп шықты. Мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себепкер болған Артурдың әкесі жеті жылға сотталды. Қаламқас апай ұлының қазасына себепкер болғаны үшін Артур мен оның отбасын жақтырмайды екен. Мұны естігенде дүние төңкерілгендей күй кештім. Қандай ауыр жағдай. Қаршығаның ата-анасына жаным ашып кетті. 

Ахметқалиевтердің үйінен көңілсіз күйде қайтып келемін. Жолда қабырғаға сурет салып тұрған Артурды көрдім. Ол мені байқаған бойда аэрозоль баллонды алып, маған қарай беттеп келеді. Артурдың Қаршығаға не істегені есіме түсіп кетті де:

– Қаршыға сенің кесіріңнен қайтыс болды. Енді менде не өшің бар?! – деп айғайлап жібердім. Артур кілт тоқтай қалды.

– Мен Қаршығаға көмектестім. Оның сол күні өлерін қайдан білейін. Сен де миымды ашытпай аулақ кет! Онсыз да әрең өмір сүріп жүрмін. Досымның қазасы мен әкемнің сотталып кеткені маған оңай дейсің бе?! Енді құры бар, жоғал!

Осыны айтқан Артур қолындағы баллонды қоқысқа лақтырып жіберді де, ашу мен мұңға толы көзімен маған ызалана қарады. Сосын әдеттегідей иығымнан итерді де, кетіп қалды. Шыны керек, өзімді кінәлі сезіндім. Тіпті, жылап та жібердім. Бұл жағдай Артурға да оңай тимеді ғой. Неге оны ренжіттім екен?

Міне, содан бері екі жарым жыл өтті. Сол күннен бері Артурды көрген жоқпын. Біреулер оны басқа қалаға көшіп кетті дейді. Артурға арнап алған жаңажылдық сыйлығым әлі сақтаулы. Қаршығаның оқиғасынан кейін ата-анам менің талғамымды шектемейтін болды. Екі жыл карантинде өзіме көңіл бөлдім. Шығармашылығымды дамыттым. Қаршығаның күнделігін өзімде қалдырдым. Айтпақшы, Қаршыға-ның айтқан вирусы COVID-19 сияқты. Карантин, локдаун дегендері бүгінде шындыққа айналды. Тек адамзат зомбимен емес, аты жаман аурумен күресуде. Ол бұның бәрін бәрін қалай білді екен. Әлде, Қаршыға көріпкел болды ма екен? Кім білсін? 

Тек бір ғана нәрсеге өкінемін. Айтурды ренжіт-кеніме ұяламын. Өткенде Артурды Инстаграмнан көргем. Достық хабар жібергем. Қабылдапты. Біраз уақыт онлайн сөйлестік. Екеуіміз бір оқу орнына, бір мамандыққа қабылданыппыз. Бүгін Артурмен кездесуге кетіп барам. Ол мені кешіретін шығар…


«Ұлан» газеті, №41
11 қазан  2022 жыл

458 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор