• Бірінші байлық
  • 27 Қыркүйек, 2022

Баланың көзіне лазермен операция жасауға бола ма?

11-сынып оқып жүргенде тақтадағы жазуды көрмейтін болдым. ҰБТ деп көзге көп жүк түсті. Көз дәрігеріне барсам, -1.75 екен. Көзілдірік тағу керек деді. Әлі есімде, үлкен қоңыр көзілдірік сатып алдым. Бірақ тақсам, басым айналып, біреу желкемде отырғандай ауыр. Мектепте көзілдіріктен ұялып, көшеде, киноға барғанда тағып жүрдім. Көру қабілетім нашарлап, -6,5-ке түсті. 

Бірде интернеттен лазерлік түзету операциясы арқылы көздің көруін жақсартуға болатынын оқыдым. Талдықорғандағы қалалық көпсалалы ауруханадағы көз дәрігерлерін мақтап жазыпты. Былтыр желтоқсанда лазерлік түзету операциясын жасаттым. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын... Лазерлік түзетуді балаларға жасауға бола ма? Бұл сұраққа көз дәрігері Алмагүл Сүлейменова жауап берген еді.

– Лазерлік түзетуді бала-ларға жасауға болмайды. Өте сирек кездеседі. Өйткені көздің құрылысында өзгеріс болуы мүмкін. 18 жастан асқан адамдарға рұқсат беріледі. Бірақ көзі нашар көретін кез келген адамға жасай алмаймыз. Көздің ішкі, сыртқы құрылысын, етінің қалыңдығын тексереміз. 

– Көруді жақсартудың қандай жолдары бар? 

– Түзетудің үш түрі бар: көзілдірік, контактілі линзалар және лазерлік көруді түзету.

Лазермен түзеудің бірнеше түрі болады:

ФРК (фоторефракциялық кератэктомия). Көруді түзетудің ең алғашқы технологиясы. Бұл көп жерде ауыр деп айтылады. Сол үшін сирек кездеседі. Басқа әдіспен түзету мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады.

LASIK. Көруді түзетудің ыңғайлы әдістерінің бірі. Оңалту тез және жеңіл өтеді.

Фемто-ЛАСИК. Қалпына келу жылдам жүреді. Спортқа және өмірдің бұрынғы ырға-ғына тез оралады. Операциядан кейін көзге қажетті дәрілерді тамызу керек. Бұл әдіс ең қиын жайларда да көруді түзетуге мүмкіндік береді.

Операциядан кейін моншаға баруға, бассейнге түсуге болмайды. Ауыр күш түспегені жөн. Кейде көз жанары шам секілді жылтырап тұрады. Оған мысық пән сәби қызығып, ұстауға ұмтылуы мүмкін. Күтім жасаса, қауіп жоқ.

– Бір үйде екі бала болса, бірінің көруі нашар, екіншісі жақсы. Себебі неде?

– Адамның денесі, бет-пішіні әрқалай келеді. Көздің қабілеті де солай. Қан тамырларының құрамына, тұқым қуалауға байланысты. Бәрі көздің көру қабілетіне әсер етеді. Біреу күніне жеті сағат компьютер алдында отырады. Бірақ көзі жақсы көреді. Нақты себебін білу мүмкін емес. Көз – симметриялы емес. Бір көзі -6 болғанмен, екінші көзі жақсы көретін адамдар бар.

Ең алдымен балалардың көз гигиенасын сақтамауы себеп болады. Күні бойы далада ойнап жүрген бала алты, жеті жасында мектепке барады. Партада дұрыс отырмайды. Дәптерге жазу жазғанда басын қисайтып, төмен қарайды. Мұның барлығы көзге әсер етеді. Бастауыш сыныпта мұғалімдер партада дұрыс отырып жазуды үйреткені жөн. Ата-ана үйден бақыласын.

–  Көру қабілетін қалай сақтауға болады?

– Көзді демалтып, алыстан қарап, ауырлық түсірмеу керек. 
* Кітапты 30 см алыстан оқу;
* Жарық дұрыс түспейтін бөлмеде жазу жазбау; 
* Жатып кітап оқымау, дәптерге жазбау;
* Гаджеттерге келетін болсақ, балаларға арналған планшеттегі ойынды 30 минут-тан артық ойнамағаны жөн; 
* Ұйықтар алдында және жарық сөнген кезде телефонды теріс пайдаланбау;
* Мүмкін болса, кітапты телефоннан оқымау;  
* Дене шынықтыру, спортпен шұғылдану өте пайдалы;
* Көп нәрсеге алыстан қарау. Мысалы, бір-екі минут аспандағы құстар мен бұлттарға қарау. Алыстан қараған кезде көз босаңсиды;
* Көзді 5–10 секундқа мықтап қысып, содан кейін оларды босаңсыту
* Көзді әртүрлі бағытта жылжыту: жоғары, төмен, солға, оңға, диагональ бойынша;
* Алақанды жақсылап ысқылап, көзді 5–10 секунд жауып тұру;
* Барлық жаттығуды 10 рет қайталау. 

Аурудың алдын алу оның емдеуден гөрі оңай. Балаларға көру қабілетін сақтап, әлемнің барлық әдемілігінен ләззат алыңдар деймін.

– Көз дәрігеріне бару жиілігі қандай болуы керек?

– Егер көздің көруі мазаламаса, жылына бір рет тексерілген жөн. Егер көру нашарласа, дәрігер тексеріс уақытын белгілейді. 

– Операциядан кейін көздің көруі нашарлауы мүмкін бе?

– Ешқандай қауіп жоқ. Бұл технологиядан ешкім соқыр болған емес. Операциядан кейін көру бірден қалпына келмеуі мүмкін. Кейде көруі 30 немесе 50 пайыз болады. Үш ай бойы көру қалыпты жағдайға келеді. Бұл жағдайды адамдардың контактілі линзаларды көп және ұзақ тағуымен байланыстырамын. Сондықтан қалпына келтіру ұзаққа созылады. Түнгі линза бар, яғни бала түнде тағып жатады. Күндіз жақсы көруіне көмектеседі. Кішкентай балалардың көзін арнайы аппарат арқылы емдеуге болады. Аппарат көзді шынықтырады. Көзді зерттеу институттарына барса, дәрігерлер емдеу жолын айтады. Көзілдірік таққысы келмейтін балаларға линза тағуға кеңес беремін. Линза балалардың ойнап, еркін жүруіне өте ыңғайлы. Бірақ линзаны тағу кезінде микроб түссе, асқынып, соңы қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Линзаны 7 жастан асқан балаларға тағуға рұқсат береміз. Жақында 4 жастағы бүлдіршінге рұқсат бердім. Өйткені бала көзілдірікпен жүргенде жиі құлайды екен. Ата-анасына линзаны дұрыс тақпаса, қандай жағдай болатынын түсіндірдім. Олардың ереже бойынша жұмыс істейтініне көзім жетті. Анасына сенгеннен кейін рұқсат бердім. Егер линза дұрыс тағылмаса, көзден айырылады.

Сәбидің денсаулығын педиатр тексерген кезде көзін мұқият көруі керек. Кейде туабітті катаракта, глаукома да балалар арасында кездеседі. Ата-аналар «баламның екі көзі екі түрлі» деп мектепке баратын кезде біліп жатады. Көздің көру қабілетіне жалғыз жаттығу көмектеспейді. Дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдану керек. Адам кешке әртүрлі уақытта ұйықтаса, көздің нашарлауына ол да әсер етеді. Телефон мен теледидарды жиі көру зиян екені айтпаса да түсінікті. Мысалы, 15 сағат компьютермен жұмыс істеуге болмайды.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №39
27 қыркүйек  2022 жыл

758 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор