• Толағай
  • 19 Қыркүйек, 2022

Қазақстанның қай командасында легионер көп?

«Ұланның» оқырмандарына футболдан Қазақстан премьер-лигасы туралы көп жаза бермейміз. Бүгін сол олқылықтың орнын толтыратын кез келіп тұр.

Еліміздің ішкі чемпионаты мәреге жақындап қалды. Наурыздан бері 14 команда 20 тур өткізіп үлгерді. Алда әлі алты апта бар. Сосын 2022 жылдың үздігін анықтаймыз. Әзірге көш басында «Ақтөбе» келе жатыр. Басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбеде футболға қызығатындар көп. Сондықтан да шығар, жергілікті команданың өз алаңындағы ойындарында стадион толып отырады. Оның үстіне, биыл чемпиондыққа мүмкіндік туып тұр. Соңғы рет бұл ұжым 2013 жылы топ жарған екен. Содан бері 9 жыл өтіпті. Команданы отандық маман Андрей Карпович жаттықтырады. Маусым басында тізгін ресейлік Владимир Мухановтың қолында болған. Бірақ көп ұзамай қызметінен кетті. Өйткені көрсеткен нәтижесі мардымсыз. Ал Карповичтің қадамы сәтті басталды. «Ақтөбе» екінші орындағы «Астанадан» бес ұпайға озып тұр. Үздік үштікте Қостанайдың «Тобыл» командасы бар.

Бұрынғыдай емес, қазір клубтардың бюджеті қысқарған. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұрынғы жылдары кәсіби клубтарға 55 миллиард теңге бөлініп келген. Оның ішінде футболдан бөлек, хоккей, волейбол, баскетбол клубтары да бар. Олардың саны – 98.  Алдағы уақытта Президенттің жолдауындағы айтылған тапсырмаға сәйкес, бұл қаржы екі есеге дейін қысқарады деген болатын (22 миллиард теңгеге дейін).

Соңғы үш жылдың ішінде премьер-лигадағы 14 және бірінші лигадағы командаларға жергілікті әкімдіктерден 105 миллиард теңге бөлінген. Президенттің 2020 жылғы жолдауынан кейін клубтардың бюджеті азая бастаған. Ал легионер мәселесі әр клубта әртүрлі. Шетелдік ойыншыларды топырлатып ұстап жүргендері де, азайтқандары да бар. Осыларға да бір тоқталып өтсек.  

Қазақстандық ойыншыларға ең көп сенім артатын «Тараз» болып тұр. Талай таланттардың томағасын сыпырған «Тараз» бас бапкерінен бастап, отандық ойыншылармен тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүргені жасырын емес. Нұркен Мәзбаев тізгін ұстайтын клубта 5 легионер бар. Қалғаны отандық ойыншылар. Соның арқасында Абылайхан Жұмабек секілді жас таланттар бірнеше гол соғып, көзге түсе бастады.

Сосын осы жылы Алматының  «Қайрат» командасында да легионер-дің қатары сиреді. Клуб қожайыны Қайрат Боранбаев ұсталған соң, шетелдік ойыншыларды мүлдем алған жоқ. Жалпы, клубта алты легионер қалған. Оның ішінде алаңға шығып жүргені Васин, Әліқұлов және Крачковский ғана.  Павлодардың «Ақсу» клубында 9 легионер бар. Сырттан келетін ойыншылардың көбі ресейліктер. Сосын Тони Сильва, Лазар Зличич секілді еуропалықтар бар.  Қостанайдың «Тобыл» клубында да 9 легионер доп теуіп жүр. Негізінен балқан түбегінен келген ойыншылар. 

Ақтаудың «Каспий» командасы қатарға 10 легио-нерді қосқан. Шетелдік ойыншылар негізінен Украина, Ресей, Сербия, Хорватия, Франция, Бразилия елдерінен шақырылған. Премьер-лиганың жас командаларының бірі Түркістан «Тұран» клубы да легионерлерден ақша аяп жатқан жоқ. Бұл клубта шетелдің 11 ойыншысы өнер көрсетіп жүр. Африкадан, Беларусь, Бразилия, Македониядан да алдырған. 

Премьер-лигада топ бастап тұрған «Ақтөбе» негізінен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыла-рына сенім артады. Алайда тізімде легионерлердің де саны емес. Карпович 11 бірдей шетелдік футболшының көмегіне жүгіне алады. Арасында француз Уго Видемон, бразилиялық Шина секілді ерекше ойынымен көзге түсіп жүргендерді айта кетсе болады. 

Шымкенттің «Ордабасы» клубында да 11 легионер доп тебеді. Атап айтсақ, бразилиялық Брага, өзбек Әбдумәжитов, беларус Садовский, француз Ньюиадзидің астын сызып айтқанымыз дұрыс шығар. Негізгі мықтылары осылар.  Елорданың  «Астана» командасының да легионер саны  – 11.  Алдында 12 болған. Оған голландиялық Руй Влут жақында Ресей чемпионатына ауысып кетті. Хорват Марин Томасов, португалиялық Педро Эуженио команданың көшбасшылары саналады.

Қарағандының «Шахте-рінде» 12 легионер тізімге енген. Олардың арасында алаңға ең көп шығатыны колумбиялық Рохер Каньяс, хорват Иван Граф және босниялық Чосич пен серб Букорац. Биыл премьер-лигаға жаңадан қосылған Түркістан облысының «Мақтаарал» клубы турнир кестесінде соңғы орында жүр. Алайда легионер саны жағынан чемпионаттағы үздіктердің бірі. Өйткені бұл клубта 13 шетелдік ойыншы тіркелген. Әсіресе, славян ойыншыларға көп мүмкіндік берген. Украиналық қақпашы Литовиченко, беларус Юденков, ресейлік Потаповтар негізгі құрамнан түспейді.

Сонымен қатар «Атырау» сапында 14 легионер, «Қызыл-Жар» клубында 15 легионер ойнап жүр. Ал шетелдік ойыншыларға ең қатты жабысып қалған Оралдың «Ақжайық» командасы. Батыс клубында 16 легио-нер бар. Осыншама легионермен жүріп, еурокубокта нәтиже көрсетіп жүргеніміз шамалы. Сондықтан шетелдік ойыншыларды азайтып, «Тараз» секілді өзіміздің жігіттерге мүмкіндік беретін кез келген шығар.  

Бек ТӨЛЕУОВ

389 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор