• ҰЛАН
  • 19 Қыркүйек, 2022

«Алжирден» алған әсерім

Өткен демалысымызда оқытушы ұстаздарымызбен бірге астанадан 40 шақырым жердегі Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» лагеріне бардық. АЛЖИР – қысқартылған сөз, толық мағынасы – Отанын сатқандардың әйе-дерінің Ақмола лагері. Кешенге кіргеннен ауыр аура сезілді. Елестетіп көріңізші, қолына қару ұстаған шенділер, үрген ит, тікен тормен қоршалған қабырға... Құлаққа ұрған танадай тып-тыныш жер. Кіру құны студенттерге бар болғаны 300 теңге болды. Ал ол жақтан алған әсер, мол ақпарат, шынайы көріністер бұл бағадан асып түседі. 

«Алжирдың» тозағына 62 ұлт өкілі түскен, 8000-ға жуық әйел қамалған. Басым көпшілігі – орыстар. Ондағы әйелдердің көрген қорлығы, тартқан бейнеті жаға ұстатарлықтай. Сталин атымен аталатын тауар тасы-малына арналған вагонда 30-жылдары адамдар тасы-малданды, нақтырақ айтсақ, жазықсыз әйелдер осында жер аударылған. 46 адамға арналған вагонға 70-тен астам тұтқын қамалған. Оған қоса екі айдан артық жол жүрген. Жолаушыларға тамақ күніне бір рет берілетін болған. Сондағысы быламық сорпа мен қара нан. Әжетхана да соның ішінде – кішкентай тесікте орналасқан. Тесіктен қашып шығайын десе, темір түйреуіштер қол-аяғын жаралайтын. Саяси тұтқындардың өзі вагонды «бұзау вагон» деп атаған екен. Өйткені онда оларға мал сияқты қараған. Жуынатын орын да, жарық та жоқ. Музей қызметкерінің айтуы бойынша, әйелдер тырнақтарын ауыртып қан шығарып, сонымен қағазға хат жазып, дәретхана тесігінен тастайтын болған.

Кешенге қойылған вагонның ішіндегі макет әйелдердің сәнді киінгенін байқайсыз. Себебі офицерлер «күйеулеріңізбен кездестіреміз» деп өтірік алдаған. Соған сенген нәзік жандылар әдемі болып барғысы келген. Алайда олай болмады. Олар алдарында қандай азапты күндер күтіп тұрғанын білген жоқ. Вагонда шейіт болғандар аялдамада жерленген. Ал тірі қалғандар өте ауыр, қара жұмысқа жегілді.
Әйелдер өздеріне саман кірпіштен төбесі жазық барак салды, оны қамыспен жылытты. Қамыс тез жанып кететіндіктен баракты жылыту үшін үздіксіз от жағуға мәжбүр болды. Әр барак шамамен 200–300 адамға есептелген. Барактың іші бүргеге толы болады, бір түн ұйықтап тұрса, сау жерін қалдырмай шағып тастайды. Солтүстіктің сүйектен өтер суығында, қақаған қыста олар күні-түні еңбек етті. Күндіз егіншілік, ағаш егу, бақша істерімен айналысса, түнде майшамның жарығымен әскери киім тіккен, содан көзінің көруі нашарлаған.

Ондағы басқарма мүшелері әйелдерге адам ойына кіріп-шықпайтын жазалау әдістерін қолданған. Тергеудегі әйелдерді биік орындыққа алты, жеті сағаттан тапжылтпай отырғызып қоятын болған. Аяқтары іскенше тергеген. Содан соң олар әбден қалжырап, аяқтары жансызданып орнынан тұрған кезде шетінен жерге құлайды. Осыдан кейін оларға қағазға қол қойдыртып алу оңайға түседі. Тұтқындағы әйелдерді аты-жөнімен емес, киімінде жазылған цифрлармен атаған. Бұл да адамды қорлаудың бір жолы емес пе? Аналарды сәбиінен тірідей айырды, үш жасқа толғанда балалар үйіне жіберген. Олардың бір-бірімен жазысқан хаттары жүректі елжіретеді.  Бұл азап лагерінде ұлт зиялыларының әйелдері де болған. Тұрар Рысқұловтың қызы естелігінде: «Аш болғанымыз сонша, өлі тышқанды жегенбіз», – депті.

Б.Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина орыс тілін білмеген-діктен, офицердің не айтқанын түсінбеген. «Әдейі мойындамай отыр» деп ойлаған НКВД тергеушісі оны ауыр соққыға жыққан. «Бір халық – бір тағдыр» деген ұранды ұстанған лагерьден тысқары ауылдағылар келіп, балалары арқылы ішке көмек ретінде азық болсын деп тас кейпінде жасап темір тордың сыртынан құрт лақтырады. Әйелдер көпке дейін оның жеуге болатын нәрсе екенін білмеген. Күзеттегі кісілердің: «Міне, көрдіңдер ме, тіпті қарапайым ауыл адамдарының өзі сендерді жек көргендіктен тас лақтырып жатыр, сендер «халық жауысыңдар», – деген сөзіне имандай сенген. Алғаш болып жеуге жарамды тағам екенін орыс қызы байқайды. Сол сәттен бастап құрт олардың өмірін аман сақтап қалды деуге болады.

1953 жылы И.Сталин қайтыс болғаннан кейін Қаралы Карлагтың №26 Ақмола лагерьдің жабылды. Бүгінде лагерьдің орнында мемориалдық мұражай кешені ұйымдастырылған. Бұл нысан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырысымен салынған.  Ғимараттың пішіні сыры ашылмаған қобдиша мағына-сын білдіреді. Бұл – зорлық-зомбылық көрген әйелдердің азап пен қиыншылыққа толы өмірі өткен жер. Қасіретке толы, тарихпен байланыс орнататын мекен. Сондықтан мұнда көңілді саяхат немесе демалыс үшін емес, ата-баба рухына тағзым ету үшін келу керек. Экскурсиядан соң мұражай ішіндегі кинотеатрдан Алжир туралы бейнематериал қарадық. Барлығымыз үнсіз көзімізге жас алып шықтық. Іштей бүгінгідей бейбіт өмірде сүріп жатқанымызға шүкір еттік. Нақақтан-нақақ жала жабылып, солақай саясаттың құрбаны болғандар ел есінен ұмытылмайды! Тәуелсіздігі-міздің қадірін білейік! Қасірет қайталанбасын!

Гүлнұр САПАРОВА
«Ұланның» жас тілшісі,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор