• ҰЛАН
  • 19 Қыркүйек, 2022

Ұлт ұстазы – Ахмет

Ахмет Байтұрсынұлы – еліне еркіндік алып беріп, көзі ашық елдердің қатарынан көріну, саналы, білімді ұрпақ-тарды тәрбиелеу мақсатында бар ғұмырын арнап, ақыл-бі-лімін қазақтың қазақ болып қалыптасуына сарп еткен ұлы тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы 1972 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданындағы Сарытүбек елдімекенінде дүниеге келген. Бір қызығы, туған күні соңғы жылдарға  дейін «1873 жылдың 25 қаңтары» деп көрсетіліп келді.

1926-1927 жылдарға арналған «Личное дело председателя Академического Центра Байтурсунова Ахмета  Байтурсуновича» атты құжаттың арасынан Ахаңның өз қолымен  толтырған құжатта «туған жылым 5 қыркүйек, 1872 жыл» немесе  «Жизнь  описаниеде» «туған жылым мешін, 1872 жыл» деп көрсетілген  анықтама табылған. Ахметтің замандасы Мұхтар Әуезов  Ахметке арнаған мақаласында оның тегі жайлы былай жазған: «Сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей болды. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шашақ. Байтұрсынның  әулеті малды, дәулетті болыпты деседі. Анасы – Күңіш. Өте келбетті, ұзын бойлы, көркем әйел болған екен».

Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, әдебиет  зерттеуші  ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аударма-шы, қоғам қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлының  бастамасымен «Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көрді. Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов Ахметті қолдап, «Қазақ» газетінің  жарық  көруіне атсалысты. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы:

«…Басында ол қарағым
                     тұр ғой дайын,
Тек ұзақ ғұмыр берсін 
                         бір Құдайым
Дулатов, Байтұрсынов, 
                           Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің 
                    айтпай жайын.
Кешегі қара күнде
                      болмап па еді,
Бірі – Күн,бірі – Шолпан,
                         бірі – Айым.
Солардан басқа кеше
                           кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған 
                    жүрек майын».

Ахмет «Қазақ» газетінің жүрегіне, Міржақып – үлгісіне, Әлихан – намысына айналып, барлық кедергіге төтеп берді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына деген шексіз сүйіспен-шілігі, ұлт мүддесі үшін қызмет етуі, барлық саналы ғұмырын сол мақсатқа жұм-сауы оның парасатты тұлға екеніне дәлел. Оның бұл қасиеттері қоғамдағы  орнын, саяси көзқарасы мен тағдырын да шешті. Оның өмір тарихы да осы қасиеттен құралған  мақсаттан туындаған болуы керек.

«Қазақ» газеті қазақтың шамшырағы, шынымен де «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, әлеуметтік, ұлттық мәселелер көтерілген газет. Сәбит Мұқанов айтқандай: «Таза қазақ тілінде шыққан тұңғыш баспасөз «Қазақ» газеті болды». Ахмет өзінің саяси күресінің алғашқы қадамын ауыл мектептерінде мұғалім болып жүргенде бастады. Олай дейтініміз, қараңғы халықтың  сауатын ашып, білім беру арқылы бодандықтың  бұғауынан  босануға болатынын жақсы білді. Сол үшін ерінбей еңбек етіп, қазақ балалары үшін «Әліппе» құрастырды. 1912 жылдан бастап қолданысқа ие болды.

Ерекшелігі:
– қазақ тіліне сәйкес кел-мейтін басы артық әріптерді әліпби құрамынан алып тастады;
– араб жазу заңдылығына тән диакритикалық белгілер қолданылмады;
– дауыстылар жүйесі қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес  таңбаланды.

А.Байтұрсынұлының  1911 жылы жарық көрген «Маса», 1909 жылғы «Қырық мысал» жинағы үгіт-насихаттың, шындықтың нағыз құралы болды. Өзінің ой-пікірін емін-еркін жеткізіп, патша үкіметіне қарсы шықты.Туындылары арқылы қазақ жұртын еркіне қоймай оятамын деген ой-арманы шығармаларында үндесіп жатты. Теңдік, бостан-дық, еркіндік үшін күресу қажеттігін насихаттаған шығарма мен оның авторлары патша үкіметі тарапынан қатаң бақылауға алынды.

«Ахмет. Ұлт ұстазы» – Ахметтің өмірін көркем бейнелеген телехикая. Алты бөлімді телехикая Ахметтің  тоқырау жылдардағы бар игі ісін, ұлт жанашыры екенін көрсеткен. Ахметтің рөлін актер Байғали Есенәлиев сомдаған. Телехикаяның негізгі идеясы ретінде түсіру тобы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек», – деген сөзін таңдаған екен. Әр қазақ көруге тиіс телехикая.

Ахмет қазақтың жарығы болды. Қазақ тілінің шарықтауы ұлт зиялыларының арқасы деп әр қазақ баласы айта алады. Биыл ұлт ұстазы Ахметтің 150 жылдығы. Өзі дүниеге келген Қостанай өңірі тілсіз жаудың құрсауына оранды. Сондықтан мерей-тойды тойлау кейінге шегерілді. Енді Қостанай өңірі қайта жаңару дәуіріне аяқ басады.

Айнұр Батнияз,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  журналистика факультетінің 
1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор