• ҰЛАН
  • 19 Қыркүйек, 2022

МЭСК тапсырып, 140 ұпай жинауға болады

Биыл 10 тамыз күні мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шықты. Деректерге сүйенсек, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған түлектер арасында 140 ұпай тіркелмеген. Ал Кембридж кеңесінің халықаралық емтиханын тапсырған түлектер жоғары нәтиже көрсеткен екен. Солардың бірі – Томирис Советхан.Томиристің 140 ұпай жинау құпиясы мен дайындығы туралы сұрауды жөн көрдім.

– Бала кезімнен шетелдік оқу орнына түсу арманым еді. Арманымды мақсатқа айналдырып, шетелдік оқу орнына түсу үшін 11-12-сыныптарда қызу дайындық жасадым. Физика пәнінен және астрономиядан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Сонымен қатар, халықаралық емтихандарға дайындығымды бастап, IELTS халықаралық емтиханынан 7.5 (ең жоғары ұпай 9.0), SAT Reasoning емтиханынан 1600-ден 1490 алдым.

МЭСК емтиханын НЗМ оқушылары 10 және 12-сыныпта тапсырады, бұл емтиханды Кембридж университетінің келісімімен тапсырасың. Осы халықаралық емтиханның нәтижесіне сүйене отырып, ҰБТ ұпайына конвертация жасайды. Емтихан әр пән үшін 2 немесе 3 компоненттен тұрады, сондықтан емтиханды тапсыру бір жарым, екі аптаға созылады. Бейіндік пәндерден МЭСК ағылшын тілінде болады: тест, ашық сұрақтар және лабораториялық жұмыстан тұрады. Мәселен, мен математика, қазақ тілі, қазіргі әлемдегі Қазақстан пәндерінен және таңдауым бойынша химия, физика және география пәнінен МЭСК жұмысын жаздым. МЭСК емтиханын жоғары деңгейде тапсыруымның арқасында ҰБТ-дан 140 балл алдым.

– Естуімше, бірнеше шетелдік жоғары оқу орнынан грант иеленіпсіз...

– Иә, Италиядағы Luiss University деген оқу орнына түстім.  Италиядағы Bologna University толық грант ұсынды. Басқа да түрлі маңызды құжаттар мен шығармашылық жұмыстарды Common application сайты арқылы жүктеп, АҚШ-тың Drexel University жылына $41100 көлемінде қаржылай көмекпен және Miami University жылына $23000 көлемінде қаржылай көмекпен шақырту алдым. Алайда бұл қаражат оқудың толық төлемінің 60–70 пайызы ғана болғандықтан, АҚШ-та оқудан бас тарттым. Кейін Назарбаев университетінен шақырту алдым.Turkiye Burslari арқылы Hacettepe университетіне түсіп, билеттің ақшасына дейін төленетін гранттың иегері атандым. Ұзақ ойланып, иеленген гранттарымнан бас тартып, ҚБТУ-дың екі дипломдық бағдарламасына түсемін деген шешім қабылдадым. НЗМ түлегі болғандықтан, МЭСК емтиханының арқасында бірден 2-курсқа түстім. Үш жылдың ішінде ҚБТУ-дың қаржыгер маманы дипломы мен University of  London-ның қаржыгер және экономист мамандығының дипломын иеленемін.

– Болашақ түлектерге қандай кеңес бересіз?

– Болашақ түлектерге айтарым – ешқашан биік мақсат қоюдан қорықпаңыздар! Адам баласына берілген әрбір күн жаңа мүмкіндікке толы. Міне, сіздердің алдарыңызда қазір жарқын болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндіктеріңізді қолдан жіберіп алмай, оны берік ұстап, биік шыңдардан көрінуге тілектеспін! Иә, әрбір күн біздің ойлағанымыздай бола бермейді, бірақ әрбір сынақтың шешімін табу сізді күшейтеді. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосатын жастармыз ғой, әр күнімізді бағалайық.

Әмина БАҚЫТБЕКОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

481 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор