• ҰЛАН
  • 19 Қыркүйек, 2022

Елімізде алғашқы ғылыми демалыс қалай өтті?

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Қазақстанда алғаш рет PRO .NRG FEST ғылым, өнер және технологиялар фестивалі өтті. Оған төрт мың адам қатысты.

Фестивальдің мақсаты – оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасында білім беру саласындағы ғылым мен жаңа форматтарды насихаттау. PRO.NRG FEST Қазақстанда STEAM білімді дамытатын «Caravan of Knowledge» білім беру қорының бастамасымен қолға алынды.  Фестиваль ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Шеврон» компаниясының және Peremena.media білім берудегі заманауи үрдістер туралы басылымның қолдауымен ұйымдастырылды. Фестиваль бағдарламасы өте ерекше әрі қызықты болды. Әр қатысушы өзіне ұнаған спикерді таңдап, толғандырып жүрген кез келген сұрағын қоя алды. Фестиваль қонақтары қызықты дәрістер тыңдап, шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар ғылыми шоуларды тамашалады.

Қор басшысы Зарина Бүйембаеваның айтуынша: «Екі жыл ішінде «Caravan of Knowledge» қоры 9000 STEAM мұғалімінен тұратын қауымдастық құрды. 200 мың педагогты түрлі оқу бағдарламасымен қамтыды. Халықаралық форматтағы 36 STEAM сертификатталған тренерін дайындап, 126 мұғалімге STEAM авторлық оқыту бағдарламаларын жасауға көмектесті. Фестивальге 15 елден 33 спикер қатысты, олар 4 жастағы баладан бастап ересектерге арнап дәріс дайындады».

Фестиваль спикерлері өте тәжірибелі мамандар. Қазіргі уақытта ТикТок әлеуметтік желісінде 1 миллион оқырманы бар химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновті білеміз. Ол далада көркем ғылыми шоу өткізді, фестиваль қонақтары бұл процесті қызыға тамашалады. Ұлан бізге химиялық тәжірибелердің сиқырға ұқсас екенін дәлелдеп көрсетті. «Блогерлікті пандемиядан кейін қолға алдым. Сол кезде оқушылардың оқуға ынтасы болмады, біз де жұмыс істегіміз келмеді. ТикТокта химияға байланысты қысқа видеолар түсіре бастадым. Әрине, ешкім ұзақ сабақты қарамайды. Сол себептен іш пыстырарлық форматта емес, ерекше түсіруге тырыстым. Өзім аниме көргенді жақсы көремін, қазір балалар да оны көреді. Сөйтіп, аниме мен химияны байланыстырып, видео түсіріп жүрмін», – дейді ол. Ұланды тек Қазақстан емес, ТМД елдерінен де қарайды екен, оның видеолары орыс тілінде шығады. Енді Ұлан қазақша контентті қолға алмақ.

«Осындай фестивальдар елордада ғана емес, басқа да қалаларда жиі өтіп тұруы керек. Өйткені, дәл осындай іс-шараларда балалар тәжірибелі маман-дармен кездеседі. Бәлкім, осы уақытта олардың ғылымға деген махаббаты ашылатын шығар. Өмірін ғылымға арнамаса да, жай қызығушылық танытқанының өзі маңызды. Мен оқушылардың барынша білімге қызыққанын қалаймын», – деп спикеріміз ғылым саласында жетістікке жету үшін оқушылардың білімге ынтасын ояту керектігін айтты.

Ерекше көзімізге түскен спикердің бірі – Италия мемлекетінен арнайы келген Пьетро Олла деген мұғалім. Ол ғылыми эксперименттерді цирк және театр техникасымен байланыстырып, балаларға өте қызықты қойылым ұйымдастырды. Балалар таң-тамаша болды. Пьетро Олла БАҚ өкілдеріне де ерекше қойылым дайындаған екен, бәріміздің көңілімізді көтеріп қана қоймай, білімі-мізді арттырды. «Мен мемлекеттік мектепте жұмыс істеймін. 11–14 жас аралығындағы балаларға сабақ беремін, жұмыс өтілім 22 жылдан асты. Жұмысымды қатты жақсы көремін. Сабақтарымды барынша қызықты өткізуге тырысамын. Фокус жасау арқылы математика заңдылықтарын оңай түсіндіре-мін», – дейді италиялық ұстаз. 

Ал Ерасыл Тәуекелдің дәріс өткізетін залы лық толы болды, тіпті, сыймағандар сырттан тамашалады. Ерасыл қазір 12-сыныпта оқиды. Жас болса да жетістігі жетерлік. Ол көрермендерге NASA бағдарламасынан қалай өткені туралы баяндап берді. Кішкентай балалардан бастап, үлкен кісілерге дейін ұйып тыңдады. Ерасылдың таңдаған дәріс тақырыбы да қызық – ғарыш тақырыбы. Адамзаттың алға қойған ең игі мақсаттарының біріне қалай қол жеткізуге болатынын баяндап берді. 

Фестиваль аясында оқушылар арасында робото-техника бойынша First Global Challenge әлем чемпионатының ұлттық кезеңінің финалы өтті. Жеңімпаз команда Женевада өтетін әлем біріншілігінде 160 елден 190-нан астам команда арасында Қазақстанның намысын қорғайды. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың көңілінен шықты.

Мерей Ауғали,
«Ұланның» жас тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор