• ҰЛАН
  • 19 Қыркүйек, 2022

Қазақ балалары Аустрияда

Венада алғаш рет «One world. New generation» мәдени шаралар апталығы аясында Қазақстан балаларының сурет көрмесі жарық көрді. Олар Республикалық балалар суретінің «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» конкурстарының жеңімпазы. 10 жас талант Еуропаға Қазақстанның Аустриядағы елшілігінің және бас демеуші – EduStream компаниясының қолдауымен барды.

«Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» конкурстары 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен өткен. Идея авторы – Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин. Бастаманы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өту аясында БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Балалар бейбітшілікті салады» және «Мейірімділік» қорлары қолдады. 

Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қоғам санасының жануарларға деген қарым-қатынасын өзгерту және қатыгездікке жол бермеу. Тақырыпқа терең үңілген алты мыңнан астам қазақстандық бала тек сурет салып қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынады, мейірімділік пен махаббатқа шақырды. 

– Ересектер кіп-кішкентай қорғансыздарды қалай қаңғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды, – деп жазыпты эссесінде сарыөзектік Ақжан Қайырбекқызы. – Адамдық қасиетімізді жоғалтпайықшы, үй жануарын және жер шарындағы барлық жануарды қорғайық. 

– Балаларымыздың жанайқайы еленетініне үмітіміз зор. Олардың ересектерге, Парламентке және Қазақстан Үкіметіне жасаған ұсынысы жер шарын, біздің сүйікті Қазақстанымызды, табиғатты, жануарлар әлемін сақтап қалуға ықпалын тигізер. Балалардан бұрын, ересектердің санасы өзгерісті қажет етеді. Неге десеңіз, баланың халі мен ғаламшарымыздың қауіпсіздігі соларға байланысты, – дейді Аружан Саин.

Апталық аясында Қазақстанның Аустриядағы елшісі Қайрат Омаровтың қатысуымен балалар суреті көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жас жеңімпаздардың туындысын БҰҰ Венадағы бөлім жетекшісі Гада Вали, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекеттің елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдары бағалады.

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор