• Сенің замандасың
  • 22 Тамыз, 2022

Көшбасшы болуға қадам

«Jas Leader форумы–2022» тау лагеріне «Ұлан» газетінің тапсырмасымен бардым. Ондағы жағдаймен танысып, жаңа достар тауып, олардан сұқбат алып қайттым. Мұнда Түркістан облысынан және Шымкент қаласынан бір жыл бойы форумға қатысқан белсенді оқушылар демалысын өткізіп жатыр. 

Бұл іс-шараның өтуіне Болат Өтемұратов қоры мұрындық болды. «Jas leader akademiiasy» 2021 жылдың шілде-тамыз айынан бастап жұмыс істейді. Бағдарлама  Болат Өтемұратов қорының қолдауымен құрылған. Алайда тамыры сәл әріде жатыр. Дәлірек айтсақ, Қазақстанда 1994 жылдан бері орыс тілінде жүріп келе жатқан «Жас көшбасшылар қауымдастығы» бар. Ұйымның директоры – Н.Бахмутова. Оқушылардың бойындағы көшбасшылық, еркін қарым-қатынас жасау қасиеттерін дамытумен айналысатын ұйымды Өтемұратов қоры тұтастай қазақша форматқа аударып, бейімдеп, толықтырып шығарған екен. Лагерьдегі арнайы жетекшілерден және оқушылардан форум жайлы сұрап, әңгімелескен болатынмын. Әуелі жетекшілерден алған мәліметтерге тоқталайық.

– «Жас лидер академиясы» жобасының балаларға берер пайдасы мен басқа бағдарламалардан айырмашылығы қандай? 

–  «Jas Leader Akademiiasy» – жалпы білім беретін мектептерде жаппай және жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан Қазақстандағы көшбасшыларды оқытудың алғашқы бағдарламасы. Таныстыруды бағдарламаның мақсатынан бастайық. Бағдарлама мақсаты – 5–11-сынып оқушыларының көшбасшылық қасиетін қолдау, дамыту және сұранысқа ие мектепте оқытылмайтын дағдыларды үйрету. Оқушылар коммуникация, сыни тұрғыдан ойлау, көпшілік алдында сөйлеу және келіссөз жүргізу дағдыларын тиімді пайдалануды үйренеді. Сыныптан тыс іс-шаралар, ай сайынғы кездесулер, шеберлік сабақтары және үздік студенттерді марапаттайтын дәстүрлі конференциялар өтеді. Өзге бағдарламалардан басты ерекшелігі – қолжетімді, отбасынан қосымша шығынды талап етпейді. Мектептегі факультатив форматында жүреді, балаға басқа жерге барудың қажеті жоқ. Сабақ баланың кестесімен болады.

– Жобаға жалпы қанша мектеп тартылады? Жұмыс қалай жүзеге асады?  

– Бір жыл ішінде Шымкент қаласы, Түркістан облысы және оған қарасты Отырар, Кентау, Төле би аудандары қамтылды. Түркістан облысы мектептер саны бойынша республикада көш бастап тұр және мұнда сабақтар негізі қазақ тілінде өтеді. Сондықтан біз осыдан бастауды жөн көрдік. Ендігі кезекте Қызылорда және Тараз қаласындағы мұғалімдер және оқушылармен жұмыс жүргізіп, оларды келесі жылы жазда форумға әкелеміз. Алдағы уақытта келер жылы «Жас лидер академиясына» Батыс Қазақстанның қалалары қосыла алады, ал болашақта жобаға Қазақстанның басқа аумақтары да еніп, географиясын кеңейтуіміз мүмкін. 

Сабақтарды қалай жүргізетінімізге келер болсақ, алдымен мұғалімдерді арнайы оқытамыз. Содан соң олар алған білімі бойынша бізбен қосылып, жыл бойы оқушылармен жұмыс істеп, түрлі форматта сабақтар өтеді. Мысалы, биылғы форумда таңдалған екі қаладан елу-елуден, жалпы 100 тәлімгер дайындадық. Одан әрмен қарай 32 апта бойы әр сенбі берілетін арнайы тақырыптарға қарай тренинг болды. Осы тренингтерде ойын ашық жеткізе алған, белсенділік танытқан оқушыларды таңдап алып отырдық. Алайда, ешқандай жарыс немесе дұрыс-бұрыс деген қағида болған жоқ. Біздің бағыт ойды еркін жеткізуді дамыту, сол үшінде әр баланың ойы құнды болып саналады. Тек ішінен суырылып шығып, ойын дөп айтқандарды көшбасшы деп таныдық. Соңында пайдалы және ең креатив бағдарлама ойлап тапқан қатысушыларға сый-сияпат табысталды.

 – Биылғы форумда қанша көшбасшы осында келуге мүмкіндік алды? 

– Үлкен қалалардан болған-дықтан, форумда алғашында оқушы көп болды, дәлірек айтсақ, 12 000 бала болды. Түркістан облысынан 50 мектеп қатысты. Соның ішінде оза шыққан 500-ге жуық бала таңдалды. Осының алдындағы маусымда Шымкент қаласынан демалысқа 250 оқушы келді. Осы аптада Түркістан қаласынан 250-ге жуық бала форумға қатысып жатыр.

– Демалысқа келген қатысушылар немен шұғылданады, оларды мұнда қандай қызықтар күтеді?

– Форум төрт күнге жалғасады. Алғашқы күні барша қатысушымен, академияның тренерлерімен форумның қалай болатыны жайында айтамыз. Олар мұнда не үшін келгенін тағы бір пысықтап, сұрақтарға жауап беріп, жақын танысамыз. Таныстықты «Миксер» жаттығуынан бастаймыз. Ары қарай әртүрлі бағыт бойынша оқушыларды 15 бөлімге бөлеміз. Әр бөлімде 15 баладан 20 балаға дейін болады. Оларға бас-көз болатын екі жетекші тағайындалады. Алдағы үш күнге арнайы плакаттарға жоспар құрылады. Мысалы, бүгін түрлі шеберлік бағытындағы қосымшалар, әлеуметтік, қаржылық, ғылыми, әдеби сауат сияқты көптеген дамыту сабақтары жүреді. Үшінші күн пәндер ойыны, ол атақты тұлғалармен, өнер адамдарымен кездесуге арналады. Ал соңғы күн балалар үшін ең қызықты күн әрі қимастық сәті болары анық. Арнайы мерекелік қоштасу кеші ұйымдастырылып, көңілді күйге бөленеді. Соңында сүйікті рәсім – «Майшам» әдісі. Барлығына майшам беріп, жарықты сөндіреміз. Содан соң Наталья Ивановна балаларға мұның соңы емес екенін, әлі барлығымыз көрісетінімізді ерекше әсермен жеткізеді. Ал, балалар майшамды бір-біріне табыстау арқылы жылы сезімін бөліседі. Бұл олардың осы форумнан кейін де ары қарай дамуына, топтаса алуына көмек береді.

«Жас лидер академиясының» лидері Жанерке Ерікті де сөзге тартқан едік. 

– Жанерке, «Jas leader» факультативінде не үйрендің, мұнда үйренген қандай дағдыларды өмірде қолданасың?

– Әрине, мұнда өмірде адамдармен қалай дұрыс қарым-қаты-нас жасауды, анық та еркін сөйлеуді үйрендім, бойымдағы сенімділікті арттырдым. Бізге бір жыл бойы сабақта терең білім берді. Сабақтар жалықтырмайды. Адаммен пікір алмасу барысында оны тыңдай білу, жаныңдағы жанмен жақсы энергия алмасу, қысылмау, сонымен бірге барлық пән бойынша факультатив сабақтар өттік. Мұның бәрі ойлау қабілетімізді дамытуға үлкен септігін тигізді. Мен осында қолданған уақытты тиімді пайдалану, болашаққа мақсатты нақты қою, әрқашан сенімділікті сақтау өмірімде үнемі пайдаға асатынын білемін және қолданамын.

– Форумда не сезіндің, қай кезең көңіліңнен шықты?

– Форумда әр адамның ыстық ықыласы мен кең пейілін, жылылықты сезінемін. Мұнда бәрі ұйымшыл, мейірімді. Сондықтан да болар, ішімде қимастық сезімі бар. Бүгінгі күн ерекше болды. Достарымызбен астрономияға байланысты «Жұлдыз» деген ойын ойнадық. «Соқыр үшбұрыш» атты геометрия пәніне орай-ластырған ойын да қызық болды. Маған «Соқыр үшбұрыш» ойынындағы көзімізді байлап, арқанмен тең бүйірлі үшбұрышты бейнелеу ұнады. Қиын да қызықты сезімді бастан өткердік. Мәселені шешу үшін достарымыздың сезімі мен түйсігіне сену қажет болды. Ары қарай біз де форумда дене шынықтыру ойындарын ойнап, жаттығу жасап біраз сергіп алып, coсын түскі үзіліске кеттік. Мұндағы үш сағат уақытымның қалай өткенін сезбей де қалдым. 

Дана БЕКБОЛАТОВА,
жас тілші.

«Ұлан» газеті, №34
23 тамыз  2022 жыл

5061 рет

көрсетілді

328

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор