• ҰЛАН
  • 02 Тамыз, 2022

IELTS-қа дайындалуға көмектесетін он қосымша

Қазір смартфонмен сабақ оқуға да болады. Мысалы, IELTS емтиханына дайындалуға арналған мобильді қосымшалар көп-ақ. Біз бүгін осындай он қосымшаның тізімін жасадық.

1. IELTS Prep App

British Council сарапшыларының бастамасымен шыққан қосымша. Ол IELTS Academic пен IELTS General-ға кез келген жерде отырып, кез келген уақытта дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл қосымшада тыңдалым, оқылым, хат және сөйлеу бойынша келетін сұрақтардың мысалдарын орындап, тегін практикалық тесттер мен грамматикалық жаттығулар, лексика, видео интервьюлер және басқа да пайдалы материалдарды табуға болады. Бұдан бөлек сол тапсырмаларды орындап отырып, арасында куизге қатысып, өзіңіздің қай деңгейде келе жатқаныңызды қадағалай аласыз. Қосымша IELTS-тің бағалау жүйесін түсініп, жақсы дайындалып, нақ емтиханда өзіңізді сенімді ұстауға септігін тигізеді. Қазірдің өзінде қосымша 100 миллионнан аса рет жүктелген.

2. British Council EnglishScore

British Council-дің тағы бір қосымшасы. Бұл қосымшада ағылшын тілін білу деңгейіңді, атап айтқанда, айтылу, грамматика, сөздік қорды тексеруге мүмкіндік бар. Сонымен бірге, қосымшада тест тапсыруға болады. Ал оның нәтижесі бүкіл әлем бойынша әртүрлі мекемелерде мойындалады.

3. ELSA: Learn and Speak English

Негізі ағылшын тілін үйренуге арналған қосымша. Алайда қосымшада ағылшын тілін үйреніп қана қоймай, әртүрлі тест емтихандарына, атап айтқанда, IELTS-қа дайындалуға болады. Оның өзге ресурстардан айырмашылығы – айтылым кезінде жіберілген қателіктерді жасанды интеллект көмегімен түзетеді. Мұнда күнделікті өмірдегі ауызекі тіл мен IELTS-қа дайындалуға арналған 3000-нан астам сабақ бар. Қосымшада сөйлеуді жақсартуға басымдық берілген, сондықтан да сөздік қорды көбейтуге арналған әртүрлі тақырып қамтылған. Қосымшаны 130 елден 10 миллионнан астам адам жүктеген.

4. IELTS Success – Exam Practice

Бұл қосымша IELTS-тың ресми өкілдігімен әріптестік орнатқан. Соның арқасында тапсырмалар базасын жиі жаңартып, соңғы ақпараттармен дайындалуға мүмкіндік береді. Тегін тапсырмаларды орындағаннан кейін өзіңіздің қай деңгейде екеніңізді түсініп, соған орай оны жетілдіру үшін кеңестер ала аласыз. Сонымен қатар, егер нақты емтиханға дейін IELTS тестін тапсырғыңыз келсе, осы қосымшадағы сынақ тестерді тапсырып көрсеңіз болады. Жүйе сіздің жауаптарыңызды тексеріп, нақ емтихандағыдай балыңызды шығарып береді. Бұдан бөлек қосымшада тестке дайындалуға арналған пайдалы кеңестер жазылған.

5. Vocabulary Flashcards – IELTS

IELTS-қа арнайы флэш карталар арқылы сөз жаттап дайындалатын қосымша. Белгілі бір тақырыптарда жинақталған сөздерді жаттау процесі оңай, қиын деңгейлерге бөлінген. Бұл қосымшаны жасаған авторлар IELTS емтиханында келетін 1000 ең қажетті сөзді іріктеп жазған. Қосымшада жай үйреніп қана қоймай, прогресіңді қадағалауға болады.

6. IELTS Practice Band 9

Қосымшада IELTS-тың барлық бөліміне дайындалуға мүмкіндік беретін әртүрлі материал жинақталған. Өзіңді тексеруге арналған 380 сынақ тесті мен 4000 жеке тест тапсырмасы беріліп, тапсырмалар мысалдарымен толыққанды түсіндірілген. Оған қоса ауызекі емтихан үшін 1000 карта жасалған, 600 эссе мысалы бар. Сондай-ақ IELTS-тың қиын бөлімдерінен өтуге нұсқаулық та жазылған.

7. IELTS Listening – 3 levels

Аты айтып тұрғандай, қосымша емтиханның тыңдалым бөлімін жақсарту үшін жасалған. Офлайн режимде де жұмыс істей береді. Қосымша үш деңгей бар, әр деңгейде 34 сабақ. Британдық акценттегі аудиоларды тыңдап, жаттығуларын орындап, стенограмма таба аласыз.

8. IELTSpeaking

Емтиханда маңызды рөл атқаратын бөлімдердің бірі speaking-ге дайындалуға таптырмас қосымша. Қосымша ағылшын тілін білу деңгейіңізді жетілдіруге көмектеседі. Бұл қосымшада тілдік тесттің 20 макетін таба аласыз. Бұдан бөлек оқу жоспарыңызды құрып, қай жерден ақсап тұрғаныңызды анықтауға мүмкіндік береді.

9. IELTS Essays

IELTS-тағы маңызды бөлімдердің бірі writing-ті жетілдіруге септігін тигізеді. Бұл қосымша жақсы жазылған хатыңызды одан да жақсартып, өте жақсы хат жазуға көмектеседі. Қосымшада жазу жұмысының жоспарын дұрыс құрып үйреніп, пайдалы лексикалармен танысасыз. Бұдан бөлек, эсседен жоғары баға алу үшін не нәрселерге мән беру керек екенін білесіз.

10. IELTS Preparation Tips Improve your IELTS score

Дайындықты мықты жасағанмен, кейде болмашы қателіктеріміздің себебінен төмен балл алып қаламыз. Ал осы мобильді қосымшада тестте жоғары балл алудың жолдары мен соған байланысты лайфхактар берілген. Қосымшада емтиханда келу ықтималдығы бар 2000 сөз бар, бұдан басқа 50 пайдалы кеңес пен өзіңді тексеруге арналған 70 жазбаша тапсырма берілген.

Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті, №31
2 тамыз  2022 жыл

1107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор